Ұйымның жетекшісі – Жүнісова Балжан Өміржанқызы. Бірлестік өз жұмысын Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес ұйымдастырып, жастардың мүддесін қорғау мен дамыту бағытында нақты істер атқарып келеді.
«Энигма Тараз» қоғамдық бірлестігі – жастардың жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі құрылымдармен өзара байланысын нығайтып, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал ететін маңызды алаң. Ұйым жастардың пікірін билік құрылымдарына жеткізуші, қоғамдық бастамаларын қолдаушы көпір ретінде қызмет атқарады.
Бірлестіктің ерекше белсенділігі 2022 жылы өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы және Жамбыл облысы аумағында ұйымдастырылған түрлі деңгейдегі сайлау науқандары (мәслихат депутаттары мен әкімдерді сайлау) барысында көрінді. Осы науқандар кезінде ұйым өкілдері қоғамдық бақылаушы ретінде қатысып, сайлау процесінің заң аясында, әділ және ашық өтуіне өз үлестерін қосты.
Қоғамдық бақылаушылар арнайы оқыту бағдарламасынан өтіп, сайлау барысында азаматтардың дауыс беру құқықтарының бұзылмауын қадағалап отырды. Олар учаскелердегі ахуалды бақылап, сайлау үдерісінің барлық кезеңдеріне қатысып, тиісті есептер мен ұсыныстар дайындады. Бұл бастама – жастардың ел тағдырына бейжай қарамай, саяси мәдениет пен азаматтық белсенділік танытуының айқын көрінісі болды.
«Энигма Тараз» қоғамдық бірлестігі алдағы уақытта да жастарды азаматтық қоғамға белсене тартуға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық бақылау мәдениетін дамытуға бағытталған бастамаларын жалғастыруды көздеп отыр. Ұйымның негізгі ұстанымы – жастардың даусын естірту, олардың ел дамуындағы рөлін күшейту және қоғамдық үдерістерге тікелей қатысуына мүмкіндік беру.