Жамбылдық құс фабрика өндірістік қуатын арттыруда
Жамбыл облысындағы жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы өндірістік қуаттылығын арттыруда.
Кәсіпорын жуырда индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Жамбыл ауданында ашылған болатын. Қазіргі таңда құс фабрикасы күніне 75 мың жұмыртқа шығару қауқарына ие.
Келесі жылдан бастап ресейлік және еуропалық технологиямен жылына 80 миллион дана жұмыртқаға дейін шығару жоспарлануда. Сапалы өнімге жергілікті нарықта сұраныс артып келеді. Иран мен Ауғанстан елдері де келісімшартқа отыруға ниетті.
Жамбыл ауданындағы құс фабрикасы мемлекеттік жобамен бір жарым ай бұрын іске қосылған. Мұнда асыл тұқымды тауықтар балапан кезінде жеткізіліп, қазіргі таңда жылына 330 күн бойы жұмыртқа беруде.
Сондай-ақ, құс фабрикада голландтық технология қолданылады және Испаниядан алынған керекті құрал-жабдықтар қазан айының соңында іске қосылады деп жоспарлануда. Бүгінгі күнде 45 пайызы іске қосылып тұр.
Аталған жұмыртқа шығаратын фабрикада 40-қа жуық адам еңбекпен қамтылған. Кәсіпорында көбіне жергілікті тұрғындар жұмыс істейді, ал технолог және ветеринар мамандар жетіспеуіне байланысты Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген.
Айта кетерлігі, кәсіпорында күніне 3 мыңға жуық жұмыртқа тартпасы шығады. Формасына қарай элиталы жұмыртқа, орташа санаттағы жұмыртқа және кіші жұмыртқа болып бөлінеді. Сынықтары бөлек сұрыпталып, дайын өнім қораптарға салынып жөнелтіледі.
Жалпы, жобаның құны 1 миллиард теңгеге жуықтайды. Фабрика толық қуатта жұмыс істеуге шыққанда құс саны екі есе артады. Бұл күніне 210 мың дана жұмыртқа алуға мүмкіндік береді.
Қазір арнайы қорада Ресейден әкелінген 93 мың балапан өсіріліп жатыр.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі