Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Қасымов Руслан өңірде экономикалық құқық бұзушылықтарды алдын алу және Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметінің 2024 жылғы 1 жартыжылдығында жұмыс нәтижелерін баяндап берді.
Оның сөзінше, статистикалық мәліметтер бойынша, Жамбыл облысында көлеңкелі экономиканың үлесі 2022 жылда 25,2 пайызды құраса, 2023 жылы 2,1 пайызға азайып, 23,1 пайызды құраған.
Осы бағытта Департаментпен «Атамекен» өңірлік кәсіпкер палатасы бірлесе отырып, кәсіпкерлер мен уәкілетті органдар қатысуымен акцизделетін өнімдердің және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын-сауық бизнесі, қаржы пирамидалары тақырыптары бойынша тұрақты түрде (ай сайын) доңгелек үстелдер ұйымдастырылады.
Көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің құрамдас бөлігі акцизделетін (контрафактілі) өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес болып табылады.
Бұл құбылыс ел экономикасына, адал кәсіпкерлерге аса ірі зиян келтіріп, халықтың денсаулығына үлкен қауіп келтіреді.
Сертификатталмаған өнімдердің көлеңкелі айналымы бойынша акциздер төленбейді, тауарлардың стандарттарға сәйкестігі тексерілмейді және өнімдерінің заңсыз шығуына байланысты олардың бағасы өте арзан, осыған байланысты адал кәсіпкерлер үлкен шығынға ұшырайды.
Департамент акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымымен белсенді түрде күресуде.
2024 жылдың 6 айында құны 4 миллиард теңгеден асатын акциздік (шылым) өнімдердің заңсыз айналымы деректері бойынша (акциз сомасы 1,7 млрд теңгені құрайды) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214, 233-баптары бойынша 18 қылмыстық іс тіркелді, 5,5 млн қораптан астам темекі заңсыз айналымынан тәркіленді.
Сонымен қатар биылғы жылдың 6 айында Департамент қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық іс тіркеді. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.
Салыстырмалы түрде: жалпы 2023 жылы 200-ден астам жәбірленушінің арызы бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында қабылдаған шаралар нәтижесінде азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген шығын өтелді.
Департамент зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Мысалы, «Chia Tai Tianging Pharmaceutical Group» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сатып алынған пәтер түріндегі мүлік пен 10 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді.
Департамент тұрақты түрде профилактикалық іс-шараларды интернет кеңістігінде және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
2024 жылдың 6 айында қаржылық пирамида белгілері бар 958 сілтеме бұғатталды. Сонымен қатар, 720-дан астам қатысушысы бар қаржылық пирамидалардың 7 WhatsApp қосымшасындағы топтар жабылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі