Индустриялық жобаны жергілікті кәсіпкер қаржыландырып, сәтті іске асырды.
Жаңа өндіріс ошағының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат депутаттары, аудан әкімшілігі мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында өңірде жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгін іске қосылған кәсіпорын – осы бастамалардың нақты жемісі. Бұл зауыт ел экономикасының дамуына және жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Бұдан соң Ербол Қарашөкеев аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаровпен бірге зауыттың лентасын қиды.
Жобаны «JS GLASS» ЖШС жүзеге асырды. Инвестиция көлемі – 1 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндіруге қауқарлы.
Зауыт құрылтайшысы Жамалхан Ибрагимовтің сөзінше, мұнда сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай заманауи технологиялар қолданылады. Шыны өңдеу кешенінде 40 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Өндіріс орны өңірдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, өнімдерін Алматы және Түркістан облыстарының нарығына шығарады.
– Соңғы үлгідегі қондырғылармен жұмыс істеуді қытайлық мамандардың көмегімен бір ай ішінде меңгердік. Ауылымызда зауыттың ашылғанына өте қуаныштымын. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Үлгілі ауылының тұрғыны, зауыт қызметкері Дастан Абделиев.
Жамбыл облысының әкімдігі