Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «2017 жылғы мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауы мен ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарының жағдайы» тақырыбында брифинг өтті. Брифингке Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Бекбатырова Жамила Елеуқызы,
Жамбыл облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ускумбаева Дамеш Шайхықызы және Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы
Заурбекова Гүлзия Расылханқызы қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Жамила Елеуқызының сөзіне сүйенсек, 2016-2017 оқу жылында облыстағы 324 жалпы білім беретін орта мектептерді 8783 оқушы бітіргелі отыр. Оның ішінде 6631-і қазақ тілінде, 2136-ы орыс тілінде, 16-ы өзбек тілінде бітіреді.
2017 жылы білім беру ұйымдарында мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу үшін ҰБТ-ның жаңартылған форматымен таныстыруға арналған облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудандық, Тараз қалалық білім бөлімдеріне жіберілді.
ҰБТ-ның жетілдірілген форматы бойынша ата-аналар, мектеп бітірушілер, мұғалімдер қауымы арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде.
Мектептерде қорытынды аттестация 5 пән бойынша өтеді:
1. Ана тілі және әдебиеті (эссе жазу — 3 сағат).
2. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен (тест түрінде).
3. Қазақстан тарихы (ауызша емтихан).
4. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша – 5 сағат)
5. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) – тест тапсырылады.
Жазбаша және ауызша емтихандар, сонымен қатар, тесттің жауап парақтары мектептердегі пән бойынша емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріліп, бағалайды.
Барлық емтихан оқу орнында – мектептерде өтеді. Аттестацияның қорытынды мерзімі министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығы арқылы белгіленеді – шамамен 2017 жылдың 29 мамыры мен 9 маусым аралығы. Түлектердің мектеп бітіру кештері 2017 жылдың 15 маусымына дейін өткізілмек.
Аттестацияның қорытындылары туралы барлық материалдарды Ұлттық тестілеу орталығы білім басқармаларына жеткізеді. Білім басқармалары, өз кезегінде, құжаттарды мектептерге дейін жеткізеді, — деп мәлімдеген басқарма басшысының орынбасары Жамила Елеуқызы сөзін түйіндеді.