«Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруда белсенді жұмыс атқарып келеді. Қауымдастық жастар арасында әлеуметтік, мәдени және білім беру іс-шараларын ұйымдастыру арқылы жастардың құқықтық, әлеуметтік және психологиялық мәселелеріне назар аударуда.
Осы мақсатта бірнеше маңызды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, пробация есебінде тұрған жастар арасында «Youth football» атты футбол ойыны ұйымдастырылып, жастарды спортқа тарту және белсенді өмір салтын ұстануға шақыру көзделді. Сонымен қатар, «Көңілді спартакиада» атты ұлттық ойындар жарысы өткізілді, бұл жастардың дене шынықтыру деңгейін арттыруға бағытталды.
Қауымдастық тарапынан «Заң заман талабы» атты заңгерлермен кездесулер мен тренингтер ұйымдастырылып, жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу басты назарда болды. Ал «Жүректен жүрекке» жобасы аясында пробация тізіміндегі аз қамтылған отбасыларға азық-түлік көмек көрсетілді, бұл шара әлеуметтік қолдау мен мейірімділік принциптерін алға тартты.
Қауымдастық мәдени-танымдық іс-шараларды да ұмыт қалдырған жоқ. «Әдебиеттің таңы» атты әдеби кештер мен «Ай астындағы тұмса жыр» поэтикалық кеші ұйымдастырылып, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етті. Сондай-ақ, аймақтағы көптеген аудандарда белгілі иман мен дінтанушы Нұрлан Байжігітұлымен кездесулер өткізіліп, жастардың рухани және моральдық сұрақтары бойынша кеңестер берілді.
АИТВ/ЖИТС, нашақорлықты алдын алу және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша кең ауқымды іс-шаралар өткізілді. Эссе жазу байқаулары мен сурет конкурстары арқылы жастарды осы проблемалар туралы тереңірек ойланып, қоғамға оң ықпал жасауға шақырды.
Жүктілікті жоспарлау, ЖЖЖА алдын алу және репродуктивті денсаулық тақырыптарында өткізілген семинарлар мен тренингтер жастардың денсаулық мәселелері бойынша ақпараттануын арттырды. Сондай-ақ, суицидтің алдын алу бағытында психологтармен өткізілген кездесулер мен дөңгелек үстелдер жастардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды шаралар болды.
«Creative Hub» жобасы креативті индустрияны қолдауға арналған бірегей бастама болып табылады, бұл жас дарындарды шығармашылық әлеуетін толық жүзеге асыруға ынталандырады. Ұлттық құндылықтар тақырыбындағы түрлі іс-шаралар жастардың өз мәдениеті мен тарихын тереңірек танып-білуіне мүмкіндік берді.
Қауымдастық сондай-ақ жемқорлыққа қарсы кездесулер мен дебат ойындарын өткізіп, жастарды құқықтық және әлеуметтік жауапкершілікке тәрбиелеуге тырысты. Бұдан бөлек, жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алу мақсатында кездесулер мен ақпараттық түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Жалпы, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру арқылы жастардың құқықтық, мәдени және психологиялық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл шаралар жастардың белсенділік танытуына, қоғамдағы өз рөлін түсініп, жетілдіруге ықпал етуде.
Фото youthunion.kz сайтынан алынды