Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі (ары қарай Кеңес) Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» 2 қараша 2015 жылғы №383-V ҚРЗ Заңына (ары қарай Заң) сәйкес, 2016 жылғы ақпан айынан бастап өз жұмысын бастады.
Аталған мерзім аралығында атқарылған іс-шаралар – ҚР Конституциясы бабтарында айқындалған қағидалардың сақталуы, Президент Н.Ә Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдаулары мен Бастамаларының орындалуы, ҚР Үкіметі мақұлдаған Мемлекеттік бағдарламардың, ҚР Парламенті қабылдаған Заңдар мен заң күші бар басқа да құжаттар талаптарының орындалуы негізінде атқарылды.
Сонымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы органдар ұсынған құжаттар көптеген қоғамдық талқылаулардан өткізіліп, олар жөніндегі көпшіліктің ой-пікірлері мен ұсыныстары үнемі назарға алынып отырды.
ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 5-бап 1,2,3 және 5 тармақтарында айқындалған талаптарды жүзеге асыру мақсатында – Кеңес өзінің атқарушы билік пен әлеуметтік орта арасындағы дәнекер, қоғамдық ортаның тамыршысы есбіндегі институциалды міндеттерін толығымен орындап келеді деп айтуымызға толық құқығымыз бар.
Әңгіме болып отырған мерзім аралығында атқарылған жұмыстарды негізгі тармақтарға бөліп қарар болсақ, онда мына төмендегі бағыттарды қамтыр еді:
1) Соңғы жылдардағы Қазақстандық қоғамның — әлемдегі дамыған Елдердің озық тәжірибелері мен Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік салалардағы өз табыстарымыздың ұтымды тұстарын кеңінен қолдану арқылы алға қарай жылжу жолдарын айқындаған Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауларының негізгі мақсат-мүдделерін халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
2) Қоғамдық бақылау тетіктері арқылы әлеуметтік ортада қалыптасып отырған саяси-әлеуметтік, тұрмыстық-әлеуметтік, рухани-интеллектуалдық сұраныстар мен талап-тілектердің, өмір тәжірибесі айқындаған ұсыныс-пікірлердің өз уағында көтеріліп отыруына назар аудару;
3) Байқау-мониторигтар жүргізу арқылы қоғамдық өмір мен саяси ортаның арасындағы өз-ара сенімділі пен әріптестік үрдісін арттырудың жолдарын зерделеу, талқылауға негізделген ұсынымдар беріп, олардың орындалу индикаторына назар аудару және қоғамдық бақылауға алу;
4) Адам-Қоғам және Заң желісі мемлекеттік ұстанымдарының жетілдіру үшін, қоғам мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарының және азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершіліктерін, көпшілікпен тікелей кездесулер мен қоғамдық тыңдаулар арқылы талқылап, оның қортындылары негізінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу;
5) Ұлтаралық татулық қарым-қатынастардың Қазақстандық озық үлгісі мұраттарының әрмен қарай дами беруіне жіті назар аударып отыру.
Қоғамдық тәртіптің сақталуы мен мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этикасының сақталуына қоғамдық бақылаулар жасау, тиісті ұсынымдар қабылдау;
6) Балалар мен жасөспірімдер арасындағы заңға қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатындағы іс-шаралардың пәрменділігін арттыру жұмыстарының барысын тұрақты назарда ұстау;
7) Білім берудің салалық тармақтарының тиімділік барысына баса назар аудару, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін қоғамдық бақылауда ұстап, мәдени- рухани деңгейіміздің өсуіне бағытталған қызмет түрлерінің өсуі мен олардың көпшілік қауымды қамту ауқымы мен маңыздылық көрсеткіштеріне мониторингтар жасау;
8) Орталық және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдардың шаруашылық-экономикалық, тұрмыстық-әлеуметтік салаларға қатысты шешім-қарарларының конституциялық талаптарға сай, өзінің бекітілген мерзімінде атқарылу индикаторларына назар аударып, олардың тұрмыстық-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық, саяси-идеологиялық қызметтерде қолданылуын үнемі бақылау жасап отыру;
9) Жұмыссыздар санының азаюына ықпал ететін өндіріс, шаруашылық, халыққа қызмет көрсету салаларының сұранымдарына мониторингтар жасап отыру, сүйтіп жұмысшы мамандық иелерін дайындауды жоспарлы жүйеге бейімдеудің жолдарын насихаттау, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын білім берудің дуальдық тәсілдерінің кеңінен қанат жаюына ықпал ету?
10) Жекелеген тұлғалардың арыз-шағымдары мен өтініштерін жауапсыз қалдырмау; оларды, әлеметтік ортадан жеткен белгі есебінде қабылдап, сол арқылы қоғам өмірінің тынысын сараптап отыру; заң ұстанымдарында қаралған мүмкіндіктер шегіне дейінгі әрекеттерді қолданып, әр-бір өтінішке жіті қарау;
2016 жылы атқарылған жұмыстар
Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа белесінде Елбасы Н.Ә Назарбаев ұсынған реформалар аясында билік пен азаматтық қоғам арасындағы дәнекер, әрі олардың күш-жігерін, мұрат-мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып, қалың жұртшылықты кешегі әміршілдік кеңестік жүйеде мейлінше мемлекеттендірілген ыңғайға жығылғыш, бейқам әрі бейжай күйден арылтуға ықпал етіп, олардың қоғам ісіне белсенді түрде араласуына қол жеткізуге, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиісті Қоғамдық кеңестер, өздерінің қалыптасу кезеңінде, облыс басшыларының елімізде пайда болған жаңа әлеуметтік институттың маңызына толық түсіністікпен қарап, тікелей қолдауының нәтижесінде өз бойларын тіктеп, әлеуметтік ортада өзіндік орындарын ала бастады.
Бұл айтылғандардың, өз жұмысын 2016 жылдың ақпан айының 27 күні облыс әкімінің 2015 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылдың міндеттері туралы есебін тыңдаудан бастаған, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов басқарған арнайы комиссия конкурстық негізде жасақтаған құрамында 29 мүшесі бар, 5 ұлттың өкілдерін қамтыған Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесіне тікелей қатысы бар. Енді аталған кезеңдегі алғашқы адымдарымыз, оның ішінде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң талабынан туындайтын мақсаттар мен міндеттердің орындалуы жөнінде есеп беру кезеңінде қандай жұмыстар атқарылды, алда қандай жұмыстар атқарылмақ? Өңірге белгілі азаматтар — Қоғамдық кеңестің хатшысы Қ.Шотбақов, ауылшаруашылығын дамыту, бюджет және қаржы, кәсіпкерлікті қолдау, азаматтардың құқығын қорғау, тұрмыстық — әлеуметтік мәселелер бойынша құрылған комиссиялардың төрағалары Сембек Сейдазимов, Сағынхан Әміреқұлов, Әбдірахым Едігеев, Хыдыр Бегалиев, Гүлсін Орынбаевалардың ұйымдастырушылық іс-қимылдарының нәтижесінде, күнделікті практикалық жұмысымызда — заңның және заң күші бар басқа да құжаттар талаптарына сәйкестендірілген іс-шаралардың басты бағыттары мен әлеуметке аса тиімді жағы ойластырылып қолға алынған іс- қимылдардың басты бағыттары қалыптасып, олар өз кезегімен жүзеге асырыла бастады.
Бірінші бағыт. Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты — қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жұртшылықтың пікірін білдіру болғандықтан Заңның 5 бабының 1,2,3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылау жұмыстарына қатысу. Айтылған талаптар тұрғысынан есепті кезеңде облыстық Қоғамдық кеңес 15 пленарлық, 24 президиум отырысын, 2 қоғамдық тыңдау өткізіп 106 мәселе қарады. Олардың мазмұны Елбасы айқындаған реформалар аясында жергілікті мемлекеттік органдар атқарып жатқан ауқымды істермен сабақтаса өріліп, салмақты роль атқарғаны даусыз. Бұған есепті кезең аралығында өмірге келген төмендегі деректер куә:
Қоғамдық кеңес «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы», «Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы, 2017-2019 жылдарға арналған облыстың бюджет туралы» облыстық мәслихат шешімдерінің жобаларын (барлығы 16 мәселе бойынша) қарап тиісті ой-пікірлерін ортаға салып, өздерінің ұсынымдарын берді.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің бұрын қабылдаған ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау, жер қатынастары, табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу, білім, мәдениет, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, энергетика мәселелері жөніндегі 40-тан астам нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобалары Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді деп танылып, әрі қарай басқа органдардың қарауына жіберілді. Егер Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, онда азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қатысты нормативтік құқықтық актілер әділет органдарында тіркелмейтіндігі жөніндегі заң талабы орындалуда. .
Елбасы Н.Назарбаевтың «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бес реформасын жүзеге асыратын Ұлт Жоспарының 99 қадамына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері — «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуы себепті осыған дейінгі қабылданған облыс әкімдігі басқармаларының мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері қайта рәсімделуіне байланысты, Қоғамдық кеңес мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызметтердің 30-дан астам регламенттерінің жобаларын — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, шектемеу тұрғысынан зерделеп, ұсыныстар берді. Қоғамдық кеңес туралы заңның 19 бабының 3 пунктіне сәйкес Кеңес мүшелерінің алдын ала облыс әкімдігі жанындағы 19 комиссия құрамына енгізілуге тиісті құжаттардың дайындалу кезеңінде–ақ кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отырды. Айтпаса болмайды, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 16 бабының нормасына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары республика деңгейінде ҚР Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде облыс басқармалары мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп облыс әкімдігінің қарауына ұсыну тәртібі мен мерзімі көп ретте сақтала бермейтіндігіне Қоғамдық кеңес облыс әкімдігі басқармаларының назарын аударып отырды.
Екінші бағыт. Заңның 16 бабының 3 тармағына сәйкес облыстық қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне сенім деңгейін арттыруға, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленістердің оң шешім табуына қатысуы.
Облыстық Қоғамдық кеңес жыл ішінде алдын алмаса саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, азаматтық келісімге қауіп төндіріп әлеуметтік шиеленістерге ұласып кетуі мүмкін облыстағы кейбір проблемалардың шешілуне атсалысты. Соның бірі елімізде саяси резонанс тудырған 2015 жылы «Жер кодексіне» енгізілген толықтырулар мен өзгерістер еді. Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелерінен жасақталған түсіндірме жұмыстарымен айналысатын топтар өткен жылдың 15 мамырынан бастап бірнеше ай бойы бес жарым мыңнан астам жер иелерін қамтыған 30-ға жуық кездесулерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 60-тан астам жұртшылықтан жазбаша түскен, кездесулерде айтылған ұсыныстарды зерделеп тиісті атқарушы органдарға тапсырды.
Қоғамдық кеңес мүшелері халықпен кездескенде тек түсіндірме жұмыстарымен шектелмей, көтерілген проблеманың өз әлеуетіне сай тезірек шешімін табуына ынта танытуда. Оған дәлел — ылғалы кем шөлейт аудандардағы жайылым проблемасының мемлекет қарауындағы орман шаруашылықтарының жерлерін жайылым ретінде тұрғындарға уақытша жалға беру арқылы, Қоғамдық кеңестің ықпалымен оң шешім тапқандығы.
Талас ауданы «Бостандық» ауылының тұрғындарына су берушілердің берілген судың бағасын өлшеуіш құрылғысыз, өз қалауларынша қойып жүргендіктері де айтылып еді. Бұл мәселе де өз шешімін тапты.
Тағы бір мысал. Сарысу ауданындағы «Қазақстанның әлеуметтік әділетті дамуы үшін қозғалысының» төрағасы атынан түскен өңір мен Жаңатас қаласындағы жұмыспен қамту, сыбайластық жемқорлық, кезінде фосфор өндірісінде ондаған жылдар жұмыс істеп кәсіби кеселге шалдыққандарға өтемақы, аудандық білім, денсаулық сақтау саласындағы басшы кадрлардың жөнсіз әрекеттері, өткен мәслихат депутатарын сайлаудағы заңнаманы бұзушылық жайы, нарықтық экономикаға өтпелі кезеңде иесіз қалып, кейіннен жөнделген пәтерлердің қолы жеткендерге заңсыз беріліп жатқандығы, қаладағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту мәселелері көтерілген 13 тілек-талаптарды облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының қатысуымен облыстық кеңестің президиумы егжей-тегжейлі талқылап, біразы сол жерде шешілді. Қалғандарына тиісті Хаттама қабылдады. Онда көтерілген проблемалардың әрқайсысы бойынша оларды орындауға жауапты облыстық басқармаларға, жүзеге асыру мерзімдері анықталған нақты ұсыныстар берілді. Хаттама облыстық кеңестің бақылауында тұр. Аталған жайға ұқсас жер-жерде анда-санда бой көрсетіп отырған жағымсыз психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды облыстық Қоғамдық кеңес өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде қолданып жатыр, алдағы кезде де олар Кеңестің бақылауында болады.
Ал, кәсіби ауруға ұшыраған 45 адамның өтем ақысын төлеу мәселесі «Қаратау» өндірістік бірлестігінің қожайындары ауысқан кезде Республикалық жекешелендіру Комитетінің кінәсінен оның құқықтық мирасқорлығы анықталмағандықтан 18 жыл бойы өз шешімін таппаған қомақты проблеманың түйінін тарқату Үкімет дәрежесінде ғана мүмкін болып отыр. Сондықтан Облыстық қоғамдық кеңес Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Б.Бекназаров мырзаға хат жолдап, мәселені шешудің заңдылық жолдарын қарастырып қол ұшын беруді өтініп отыр.
Үшінші бағыт. Заңда белгіленген Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы өкілеттіктерінің іске асырылуы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының индикатор нәтижелері жөніндегі нақты есептерін тыңдау арқылы жүргізіледі. Бүгінде, қоғамдық тыңдау мен облыстық әкімдіктің басқарма басшыларының есептерін тыңдау біздің тәжірибемізге еніп, орныға түсті. Өткен мерзімде Қоғамдық кеңестің отырысында жоғарыда айтылған облыс әкімінің — жыл қорытындысы, алдағы жылдың міндеттері, облыстық қаржы басқармасы басшысның 2015 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы, Тараз қаласының әкімінің — қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған Бағдарламасының орындалуы, облыс әкімдігінің Дін істері басқармасы басшысының — ҚР 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасынан туындайтын міндеттерді орындаудың облыстағы барысы туралы есептері тыңдалып жағдайды жақсартуға бақытталған ұсынымдар қабылданды. Аталған Ұсынымдардың орындалу барысы да Қоғамдық кеңес президиумының қоғамдық бақылауына алынған, белгіленген мерзімде мекеме басшылығы атқарылған іс-шаралар туралы кеңінен ақпараттар беріп тұрды.
Есепті кезеңде, яғни маусым айында «Жамбыл ауданында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын заңмен қорғаудың қазіргі жай-күйі», қазан айының басында «Облыстағы мүмкіншілігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағынан құқын қорғаудың барысы» туралы екі қоғамдық тыңдау өткізілді. Екеуіне 800 ден астам адам қатысты. Қоғамдық тыңдауға дайындық барысында екі күн қатарынан қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Сексенге жуық сұрақтар түсті. Олар жан-жақты зерделеніп талап-тілектердің шешу жолдары қабылданған ұсынымдарға негіз болды. Екі тыңдаудың Ұсынымдары тиісті мелекеттік органдарға тапсырылған, олар бойынша қабылданған шешімдердің орындалуы Қоғамдық кеңестің тікелей бақылауында.
Облыстық Қоғамдық кеңестің осы жылғы жұмыс жоспарына бұған дейін қабылданған ұсынымдардың орындалуына мониторинг жүргізуді, аудан әкімдері жұмысының нысаналы индикаторларға қол жеткізулері туралы есептерін жергілікті жұртшылықтың қатысуымен Кеңестің көшпелі отырыстарынында да тыңдау үрдісін енгізіп отырмыз. Сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамтудың «Жол картасы-2020», бизнестің «Жол картасы-2020», «Дипломмен-ауылға» Бағдарламаларының орындалу барысы, азық-түлік (нан, қант, сұйық май, картоп, сәбіз т.б.) бағасын тұрақтандыру қорының жұмысы, ауылшаруашылығына берілетін субсидиялардың, жеңілдетілген бағамен шаруаларға босатылатын жанар, жағар май, сұйытылған газ көлемдерінің адреске жетіп тиімді жұмсалуы, суармалы жерлерге су жеткізу, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру т.б. оң шешімін табуға тиісті мәселелерді зерделеп, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарына кемшіліктерді шешуге бағытталған ұсынымдар беру — Қоғамдық кеңес жұмысының негізгі бір тармағына айналып, оның тұрақты жұмыс бағытын айқындауға негіз болмақ .
Төртінші бағыт. Қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығы мен жұмысының жариялылығын арттыру. Есеп беріп отырған мерзімде облыстық Қоғамдық кеңестің азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыстық «Ақ Жол», «Знамя труда», «Арай», «Жамбыл-Тараз» газеттерінде 60-қа жуық мақала жарияланды, «Қазақстан-Тараз» және «77» телеарналарында 21 арнайы хабар көрсетіліп, ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдар арқылы 18 материал таратылды. Бір-ақ, мұнымен жұртшылықтың бүгінгі ақпарат алуға деген сұранысын толық өтеп отырмыз деп айта алмаймыз. Әлі де БАҚ өкілдерімен байланысты күшейтіп, екі жақ болып осал тұстарымызды ширатып, кемшін тұстарымызды жетілдіре түсу мақсатымен арнайы медиа-жоспар жасауды қолға алатын боламыз.
2017 жылы атқарылған жұмыстар
Қазақстан Республикасы¬ның Президенті Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарына орай және ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы»» Заңы талаптарына сәйкес ерекше мәртебе мен өкілеттілікке ие, билік пен азаматтық қоғам арасындағы дәнекер, әрі ақылдасу алаңы, халықтың мұң – мұқтажы мен талап-тілектерін мемлекеттік атқарушы органдарға жеткізуші, олардың жұмысына азаматтық бақылауды күшейтуге тиісті облыстық Қоғамдық кеңес, өткен жылғы жұмысын үстіміздегі жылдың ақпан айының 24 күні облыс әкімінің — «2016 жылдың қорытындысы, ағымдағы жылдың міндеттері туралы» есебін тыңдаудан бастап, есепті кезең аралығында көптеген жұмыстар атқарды. Ендігі ақпарат сол жұмыстар туралы. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң талабынан туындайтын мақсаттар мен міндеттер тұрғысынан қарағанда осы уақытқа дейін қандай іс-шаралар өткізілді, алдағы мерзімдерде не істелмек? — деген сұрақтар төңірегінде жұртшылықты хабардар етуді жөн санаймыз. 2017 жылы облыстық Қоғамдық кеңес 6 кеңейтілген, 26 президиум отырысын, 1 қоғамдық тыңдау өткізіп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына 9 мониторинг жүргізіп, облыс әкімдігінің төрт басқарма басшыларының есебін тыңдап, барлығы 152 құжатқа қорытынды-ұсынымдар берді. Қоғамдық кеңестер өмір сүруінің алғашқы екі жылында төмендегідей іс-қимыл бағыттары қалыптасты.
Бірінші — Қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты — қоғамдық маңызы бар мәселелер төңірегіндегі жұртшылық пікірін білдіру болғандықтан, заңның 5 бабының 1,2,3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес облыстық бюджеттің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жетізу туралы есептерін тыңдау, облыс әкімдігі мен оған бағынысты басқармалардың азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік — құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу — Кеңес президиумы жұмысының құрамдас бөлігіне айналды. Қоғамдық кеңес осы мерзім аралығында:
«2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы»;
«Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған —
Бағдарламасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы;
2017-2019 жылдарға арналған облыстың бюджет туралы;
облыстық мәслихат шешімдерінің жобаларын – барлығы 16 мәселе бойынша талқылап, тиісті Ұсынымдар берді.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің бұрын қабылдаған:
— ауыл шаруашылығы;
— денсаулық сақтау;
— білім беруді жетілдіру;
— жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар;
— дін істері жөніндегі;
— мәдениет саласындағы;
— жастар саясаты;
— спорт және дене шынықтыру;
— жер қатынастары;
— табиғи ресурстарды пайдалану мен табиғатты реттеу;
— сәулет және қала құрылысы;
— жолаушылар тасымалы;
— автомобиль жолдары;
— энергетика мәселелері — жөніндегі 50-ге жуық нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген қаулы жобалары Қоғамдық кеңестің отырыстарында талқыланып, олар арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірілмеу жағы мамандардың қатыстырылуымен тиянақты сарапталып, әрі қарай басқа органдардың қарауына жіберілді. Сондай-ақ, Қордай, Жуалы, Байзақ аудан әкімдіктері бөлімдерінің тарапынан ұсынылған — үй жауарларын асырау қағидаттары туралы ережелердің заң талаптарын бұза отырып дайындалғаны атап көрсетіліп қателіктерді еңсеу үшін құжаттар кері қайтрылды. Бұл Қоғамдық кеңестің қорытынды тұжырымы болмаса, онда азаматтардың құқықтары мен еркіндігіне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің әділет органдарында тіркелмейтіндігі жөніндегі заң талабы Қоғамдық кеңестің қатаң бақылауында екендігінің бір көрінісі.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бес реформасын жүзеге асыратын Ұлт жоспарының 99 қадамына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері — «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуы себепті осыған дейінгі қабылданған облыс әкімдігі басқармаларының мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері қайта рәсімделуіне байланысты Қоғамдық кеңес мемлекет тарапынан азаматтарға көрсетілетін қызметтердің елуден астам регламенттерінің жобаларын азаматтардың құқы мен бостандықтарын сақтау, шектемеу тұрғысынан зерделеп ұсыныстар берді.
ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 19 бабының 3 пунктіне сәйкес, Кеңес мүшелерінің Облыс әкімдігі жанынан, қоғам өмірінің сан саласын қамту және олардың сақталуына бақылау жасау мақсатында құрылған 19 комиссия құрамына алдын-ала енгізілуі – қоғам дамуына қажетті құжаттардың дайындалу кезеңінде–ақ кейбір кемшіліктерді дер кезінде түзеуге септігін тигізіп отырды. Мысалы, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 16 бабының талап нормасына сәйкес, көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттары қабылданып, құжаттар ҚР Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін, республика деңгейінде 30 күнтізбелік мерзім ішінде барлық облыстық басқармалар мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп, облыс әкімдігінің қарауына ұсыну тәртібі мен мерзімі көп ретте сақтала бермейтіндігіне Қоғамдық кеңес — облыс әкімдігінің, оның басқармаларының назарын аудара отырып қоғамдық бақылау жүргізді. Бақылау барысында белгілі болғанындай, әлі күнге дейін бұл талаптарды жүзеге асыруда жайбасарлық басым, заңдылықты бұлжытпай орындау ұстанымдарын берік ұстану қағидасы әлі де сапалы өзгерістерге ұшырай қоймағандығы байқалады.
Екінші – ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 16 бабының 3 тармағына сәйкес облыстық Қоғамдық кеңестің азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне сенім деңгейін арттыруға, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленістер бола қалған жағдайда, олардың екі жаққа да тиімді оң шешім табуының жолдарын қарастырып, халықпен кездескенде тек түсіндірме жұмыстарымен шектелмей, көтерілген проблеманың өз әлеуетіне сай тезірек шешімін табуына ынта танытуда. Оған дәлел ретінде бірнеше мысалдар келтіруге болады:
Кейде, ылғалы кем, шөлейт аудандардағы мал жайылымы телімдерінің жетіспеушілігі кездесіп жатады. Бұл мал өсірушілер үшін үлкен проблема. Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі, аталған проблеманы шешу жолдарын — мемлекет қорғауындағы орман шаруашылығы мекемелерінің бос жатқан аумақтарын тек мал жайылымы ретінде ғана тұрғындарға уақытша жалға беруге болатындығы арқылы тауып берді! Мұндай қолғабыс шаруаларға өткен жылы да көрсетілген болатын.
Қоғамдық кеңестің Байзақ ауданында қоғамдық қабылдаулар өткізіп, жұртшылық тарапынан көтерілген «Кеңес», «Шахан» ауылдарына ағын су жеткізу, 21 елді мекенге газ кіргізу, 30 мыңнан астам халық тұратын аудан орталығы мен «Тегістік» ауылының тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету секілді маңызы үлкен әлеуметтік мәселелер де талқыға түсті. 2017 жылдың 4 сәуір күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмаларға сәйкес «Байзақ ауданының агро-өнеркәсіптік кешеніндегі кәсіпкерлікті дамуытудың жайы мен проблемалары» тақырыбындағы облыстық Қоғамдық тыңдау өткізілді. Тыңдау нәтижесі ретінде облыстық Қоғамдық кеңестің тікелей араласуымен «Кеңес» және «Шахан» ауылдары дихандары үшін ағын су проблемалары өз шешімдерін тапты. Облыстық бюджеттен аталған ауылдарға қажетті қаржы бөлінді. Нәтижесінде 3 мың гектарға жуық айналымнан шығып қалған суармалы жер телімдері, 2018 жылдан бастап ел игілігі үшін пайдаға асатын болды. Аталған жайларға ұқсас жер-жерде анда-санда болса да бой көрсетіп отырған жағымсыз психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шараларды облыстық Қоғамдық кеңес, өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шегінде орындап жатыр, алдағы уақытта да әлеуметтік топтар немесе жекелеген азаматтар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-тілектер Кеңестің бақылауында болады.
Үшінші — Заңда белгіленген Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы өкілеттіктерінің іске асырылуы аясында, жергілікті мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзін-өзі басқару ұйымдарының, қоғамдық даму талаптары мен тұрмыстық-әлеуметтік деңгейдің жетіле беруіне қажеттілін көздеген шешімдер қабылдау процесстеріне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында:
— қоғамдық мониторинг;
— қоғамдық сараптама;
— қоғамдық тыңдау;
— мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі жөніндегі басшылардың есептерін тыңдау – арқылы жүргізіледі.
Қоғамдық тыңдау мен облыстық әкімдіктің басқарма басшыларының есептерін тыңдау біздің тұрақты тәжірибемізге еніп, орныға түсті, белгілі жүйе қалыптасты. Өткен мерзім аралығында Қоғамдық кеңестің отырысында жоғарыда айтылған:
— облыс әкімінің жыл қорытындысына арналған есебі, алдағы жылдың міндеттері;
— облыстық қаржы басқармасының басшысының 2016 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы, тыңдалып, кеңес президиумында жан-жақты талқыланды, жағдайды жақсартуға бақытталған Ұсынымдар қабылданды.
Елбасының – «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Бағдарламасының 31-қадамында этикалық нормаларды бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау бойынша да ұсыным қабылдау — Қоғамдық кеңестерге жүктелген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бойынша 2 мәселе күн тәртібіне шығарылды. Талқыланған мәселе төңірегіндегі ұсынымдар мүдделі органдарға жіберіліп, олар қоғамдық бақылауға алынды.
Есепті кезеңде;
— Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын тапсырмаларға сәйкес, Байзақ ауданының агро-өнеркәсіптік кешеніндегі кәсіпкерліктің дамуының жайы мен проблемалары» бойынша Қоғамдық тыңдау өткізілді. Тыңдауға дайындық барысында екі күн қатарынан Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен азаматтар үшін қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. 120-ға жуық сұрақтар түсті. Олар жан-жақты зерделеніп талап-тілектердің шешу жолдары қабылданған Ұсынымдарға негіз болды. Тыңдаулардың Ұсынымдары тиісті мелекеттік органдарға жөнелтіліп Қоғамдық кеңестің бақылауына алынды.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық бақылауды дамыту орталығының қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жобасы шеңберінде Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі, ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ бірлесе отырып, облысымыздың 7 ауданның 7 халыққа қызмет көрсету орталықтары сервистік қызметтері туралы фэйсбук әлеуметтік желісі арқылы эфирлік талқылау жүргізді. Ал, сол бейнекөріністердің жиынтықталған нұсқасы тағы да басқа материалдармен толықтырылып, «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының «Елден Хабар» бағдарламасында көрсетілді. Қорытындысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Д.Медетбеков тікелей эфирге шығып, көрермендердің сан-алуан сұрақтарына тыңғылықты жауап берді, оны үш мыңға жуық көрермен көрді.
Облыстық Қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына бұған дейін қабылданған ұсынымдардың орындалуына мониторинг жүргізуді, аудан әкімдері жұмысының нысаналы индикаторларға қол жеткізулері туралы есептерін жергілікті жұртшылықтың қатысуымен кеңестің көшпелі отырысында тыңдауды енгізіп отырмыз. Сондай-ақ, азаматтарды жұмыспен қамтудың, тегін кәсіптік техникалық білім берудің жайын «Дипломмен-ауылға» бағдарламаларының орындалу барысын, азық-түлік (нан, қант, сұйық май, картоп, сәбіз т.б.) бағасын тұрақтандыру қорының жұмысы, ауылшаруашылығына берілетін субсидиялардың, жеңілдетілген бағамен шаруаларға босатылатын жанар-жағар май, сұйытылған газ көлемдерінің адреске жетіп тиімді жұмсалуы, суармалы жерлерге су жеткізу, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру т.б. оң шешімін табуға тиісті мәселелерді зерделеп, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарына проблемаларды шешіп, кемшіліктерді түзеуге бағытталған Ұсынымдар беріп, олардың орындалу барысына Қоғамдық бақылау жасау — Кеңес жұмысының негізгі бір мазмұнын құрап отыр. Олар алдағы кездерде де жалғасын табатын болады.
Төртінші. Қоғамдық кеңестер қызметінің ашықтығы мен жұмысының жариялылығын арттыру бойынша есеп беріп отырған мерзімде, облыстық Қоғамдық кеңестің азаматтық қоғамның мүддесін білдіру және мемлекеттік шешімдерді, жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау әрі қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша облыстық «Ақ Жол», «Знамя труда», «Арай», «Жамбыл-Тараз» газеттерінде 43 мақала жарияланды, «Қазақстан-Тараз» және «77» телеарналарда 34 хабар көрсетіліп, ғаламтордағы әлеуметтік желілер мен ақпараттық порталдарда 23 материал таратылды. Мұны жұртшылықтың бүгінгі ақпарат алуға деген сұранысын толық өтеп отыр деп айта алмаймыз. Алдағы күндерде, БАҚ өкілдерімен байланысымызды күшейте тұсу мақсатын діттеген, игілігі мол, халыққа қажетті іске екі жақ бірдей ат салысып кемшін тұстарымызды ширата түсу мақсатын діттеген арнайы медиа-жоспар жасалатын болады.
Облыстық Қоғамдық кеңестің 2017 жылы атқарған жұмысының бір парасы осындай. Әрине, орындалар іс-қимылдар ауқымы белгілі уақыт мерзімін талап ететін жерде — кемшіліксіз де болмайды. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін жаңа құрылым, жұмыс бабында кездесетін әр-түрлі қиындықтарды еңсеріп, халықтық іс-әрекеттер мен әлеуметтік іс-қимылдардың қайнаған ортасынан табылуға күш салып келеді. Қиындықтарға қарап отырмай, өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен бұхараның ақылдасу алаңына айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін жүйелі түрде атқарып отыр. Бұған – өткен жылдан бастап аудандық, қалалық, облыстық Қоғамдық кеңестердің іс-қимылын әдістемелік жағынан үйлестіріп, қоғамдық бақылау жасап отыратын арнайы Кеңестің құрылуы да, осынау ортақ мақсатқа игі ықпал етеді деп күтілуде.
Сонымен бірге, Қоғамдық кеңес мүшелері тікелей эфирлерге шығып, өзекті мәселелерге байланысты әлеумет тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріп, көпшіліктің ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін тыңдады.
2018 жылы атқарылған жұмыстар
Қоғамдық кеңестер жұмысының басты талаптарының бірі — атқарушы билік пен қоғам арасындағы «алтын көпір» санаты болғандықтан, 2018 жылы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыты осы талаптар арнасымен тікелей үндес болды.
Жыл басынан бастап Кеңес мүшелері, 2017 жылы атқарылған іс-шаралардың аудандық, қалалық деңгейдегі индикаторлардың орындалу барысына анализ жасау және нақты істер жөніндегі аудан, қала әкімдерінің көпшіліктің алдындағы есепті баяндамаларын талқылау барысына қатысу үшін, облыс аудандарына өз есептерінен іс-сапарларға шығып, әлеуметтік кездесулер өткізіп қайтты. Іс-сапар кезінде 2016-2017 жылдары көпшілік тарапынан көтеріліп, Кеңес талқысына түскеннен кейін әр деңгейдегі атқарушы органдардың назарына жеткізілген әлеуметтік іс-шаралардың орындалу барысына да бақылау жүргізілді. Ол жұмыстардың қортынды көрсеткіші туралы ақпаратты, азаматтардың өз ауыздарынан естуге мүмкіндік туғызылды.
Мысалы, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Байзақ аудандарындағы кезінде Қоғамдық кеңестер арқылы көтерілген көптеген шаруашылық-әлеуметтік мәселелер қолға алынып, өз шешімдерін тапқандығы, сүйтіп Қоғамдық кеңестер мен әлеуметтік орта арасындағы кері байланыстардың қалыптаса бастағандығы белгілі болды. Қоғамдық кеңестер мен әлеуметтік орта арасындағы кері байланыстардың тиімділігі – уақыт сынынан өткен игілікті дәстүр екендігі белгілі.
Шу ауданындағы «Белбасар» ауылының тұрғындарын «көгілдір отын» желісіне қосу мәселесі 3 жылдан бері айтылып келді. Бұл әлеуметтік мәселе – Қоғамдық кеңестің тікелей араласуымен осы жылғы қазан айының басында өз шешімін тапты. Елді мекендерді газдандыру бағдарламасы аясында, Белбасар ауылындағы 400 ден астам отбасы жылу игілігін көре бастады.
2018 жылы атқарылған іс-шаралар да — облыс және қала тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту, олардың денсаулығын оңалту, салық тәртібін сақтау, көрсетілген қызмет өтемдерін төлеу және қызмет көрсетудің жалпы сапалық көрсеткішін жетілдіру, коммуналдық қызмет пен табиғи монополистердің қызметіндегі олқылықтар, жас мамандарға тәлімі мол қамқорлық көрсету, мүгедектерге көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру жолдары, қала инфрақұрылымының өзекті мәселелері, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсіміне қажетті техникалық құрылымдар мен суармалы жерлерді қайтадан пайдалану мақсатында, бұрынғы арық-тоғандарды жаңғырту әдісімен оларға су жеткізу тәрізді мәселелелермен тікелей байланысты болды. Аталған проблемалар мен бірінші кезекте назар аударылуға тиісті жұмыстардың «ерекше Тізімі» 2018 жылғы ақпан айының 22 жұлдызында өткен, Жамбыл облысының жаңадан тағайындалған әкімі – А.И.Мызахметовтың облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері алдындағы есебі кезінде, оған іле-шала өткізілген облыс әкімінің жұртшылық алдындағы, өткен жыл қортындысына арналған дәстүрлі Есебі кезінде белгілі болды. Қоғамдық кеңес өз отырыстары мен президиум жиналыстарында, әлеуметтік-экономикалық дамуды жетілдіре түсуге арналған үкімет пен министрлік тарапынан жаңадан дайындалған немесе өзгертулер мен толықтырулар енгізілген құқықтық-шаруашылық, саяси-экономикалық немесе әлеуметтік-тұрмыстық құжаттарды талқылап, оны аймақтық айналымға енізуге ұсынымдар беру кездерінде де үнемі Кеңестің назарында болды.
Есепті баяндаманы талқылау және жұртшылықпен пікір алмасу барысында:
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алдыңғы шебінде тұрған Ішкі Істер департаменті қызметкерлерінің сапалық құрамын үнемі жетілдіріп түсу мақсатында, саладағы бос орындарға жаңа қызметкерлерді қабылдау тәртібіне қосымша ретінде — құрамына облыс әкімдігі мен облыстық Қоғамдық кеңес өкілдері кіретін комиссия құрып, әрбір үміткердің кандидатурасын алдын-ала жеке-жеке сараптау керек, жас қызметкерлерді қамқорлыққа алып оларды жан-жақты қолдау, жауапкершілік пен тәртіптілікке баулу жұмыстарына баса назар аудару;
Қаланы жылу жүйесімен қамтамасыз етіп тұрған жылу-электр орталығын (ТЭЦ) қайта жабдықтау мақсатында оған инвесторлар тарту; қант қызылшасын өндіруді жандандыру мақсатында арнайы бағдарлама дайындап, бағдарламаны гидромелиорация саласына арналған бағдарламалармен үйлестіру;
Қант қызылшасын егуді 10 күн ішінде аяқтау қажеттілігі үнемі назарда болса, ілеспе техниканың күшімен жер құрғамай тұрғанда, тұқым себілген жерлерді құрт-құмырсқаларға қарсы дәрілермен кешіктірмей өңдеу;
Тамшылап суғару әдісінің тиімділігін үнемі назарда ұстап, оларға қажетті технологиялық құрылымдарды алу үшін қаржы көздерін қарастыру; (экономикалық тиімділігі зерттелуде)
Салықтық төлемдердің көбеюі бюджеттің кіріс бөлігінің өсуіне тікелей ықпал ететін механизмдердің бірі екендігін ескерсек, күніне мыңдаған адамға сауда қызметін ұсынып отырған «Ауыл-Береке» әмбебап базары мен қаланың Ташкент көшесінің бойына орналасқан үлкен-үлкен дүкендерде кассалық аппараттар жоқ, яғни, салыққа тиесілі түсім есебін алатын мүмкіндік жоқ, бұл әрекеттерді салықтан жалтару деп бағалауымыз керек; (кассалық аппараттар қою жалғасуда)
Кезінде заңсыз коэфицентті қолдану жолымен тұрғындардан 269 млн. теңге артық ақша жинап алған «Қаз Транс Газ» мекемесі, аталған қаржыны күні бүгінге дейін не нақты ақшамен, немесе қайта есептеу жолымен тұрғындарға қайтару мәселесінен тұрғындар әлі хабарсыз отыр; (негізінен: артық есептелген төлемдер шетінен қайтарылуда)
«Тараз-Су» мекемесі жүмысына да сын көп – Тараз қаласындағы ұзындығы 290 шақырымды құрайтын канализация жүйесі ешқашан тазаланған емес, мекеменің орталық кеңсесі ғимаратының ішінде су жүйесіне байланысты көрсетілетін қызметтер үшін тұтынушылар мен тапсырыс берушілер тарапынан төленетін қызмет құнының көрсеткіш-таблицасы да ілінбеген. Бұл дегеніміз — әрбір қызмет құнының ақысы су жүйесін пайдаланушылар үшін жұмбақ күйінде қалып отыр деген сөз;
Ал, «Жасыл-Тараз» ЖШС жұмысының сапасы сын көтермейді, орталық бір-екі көше болмаса, шағын көшелер мен жаяу жолдар қыс бойы қардан тазаланбайды, қоқыс шығару графигі де сақталмайды; («Жасыл-Тараз» мекемесі жаңаша жұмыс істей бастады)
Көше бойларын абаттандыру жүмыстары да жүрдім-бардым, кезінде «жасыл қала, таза қала» атанған Тараз көшелері бүгінде лас, кесілген ағаштардың орнын көгеріштендіру жұмыстары мүлдем жүргізілмейді деуге лайық; (көше бойлары түгел тазартылып, қаладағы көпшілік орындар қайтадан жаңғыртылды, жаңа демалыс алаңдары мен орамдары салына бастады)
Электр жарығын тарататын құрылымдар тұрғындардан алдын-ала төлем талап етіп жүргендігін ескерсек, мекеменің бұл талабы тұтынушылардың орынды ренішін тудырып, оларды арыз-шағымдармен есік қағуға мәжбүрлеп отыр; Монополистердің көрсетілген қызмет үшін алдын-ала төлем талап етуі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына залалды екендігі және мұндай талаптардың бұхараның әкономикалық мүмкіндіктері мен есептеспеуге жататын, адами-азаматтық ұстанымдарға қарама-қайшы әрекеттер екендігі ескертілді (алдын-ала төлем талап ету тоқтатылды)
Аймақтағы проблемалардың бірі — суармалы жерлердің тағдыры, каналдар кеуіп, бұрынғы суармалы жер телімдері бірте-бірте айналымнан шығып қалған.
Сондықтан да, бұрын салынған табиғи су жүйелерін тазалап, оларды қайтадан ел игілігіне жарату, ирригацияны дамыту арқылы өнім түсімділігін арттыру жұмыстарын кешіктірмей қолға алу керектігіне қоғамдық бақылау жүргізу, бұрынғы суармалы жер телімдерін жандандырудың барысын бақылау керек; (соңғы айларда кеуіп қалған су жүйелері біртіндеп қалпына келтіріле бастағаны жөніндегі ақпараттар пайда бола бастады)
Облысымыздағы қомақты су қоймасы «Тасөткел» тоспасының табанын тазалаудың да уақыты өтіп бара жатқандығы бірнеше отырыста көтерілді, қоғамдық бақылауға алынды; (жұмыс үстіміздегі жылдан бастап қолға алына басталды)
Шу қаласында қомақты ақшаға сатылып алынып, оны қайта жөндеуге 80 млн. қаржы жұмсалған ғимаратты мемлекеттік қабылдау жұмыстары да дұрыс жүргізілмегендігі туралы мәселе қаралды;
Тұрар Рысқұлов ауданындағы ХҚК көрсету орталығының сервистік қызметіне көңіл толмайды, орналасқан ғимараты уақыт талаптарына сай емес, негізі – аудандағы орталықты басқа бір жайлы ғимаратқа көшіру керек; (бақылауда, таяуда өз шешімін табады)
Қордай ауданындағы тұрғындар саны көп, аудан орталығынан шалғай орналасқан Масанчи, Сортөбе ауылдық округтерінің бірінде, сол аймақ тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін, халыққа қызмет көрсететін арнайы орталық ашу қажет; (қажеттілігі мен экономикалық тиімділік жақтары, ресурстар мүмкіндігі жақтары қарастырылуда)
Халыққа сервистік қызмет көрсетудің кейбір төмен көрсеткіштері облыс орталығыТараз қаласында да орын алған. Мысалы, қаладағы 6-мөлтек ауданға орналасқан ХҚК орталығының ғимараты тар, қызмет көрсетуші мамандарға да, қызмет түрін алушы азаматтарға да жайсыз. Кеңес мүшесінің нақты ұсынысы – 6-мөлтек ауданға орналасқан ХҚК орталығын, оның жанына тақау тұрған «Қазақтелеком» ғимаратына көшіріп орналастыруды қарастыру керек;
Сонымен бірге:
Тегін берілуге тиісті дәрі-дәрмектер қол жетімсіздігі байқалады;
Қоғамдық кеңес өз отырысында талқыланғаннан кейін, мекемелердегі стандарттар мен регламенттерге қатысты өз ұсынымдарын береді. Ал, барлық анықтамалар, оның ішінде психодиспансер мен наркологиялық диспансерлердің анықтамаларын беру қызметі де, ХҚК орталықтарына тиесілі бола тұрса да, азаматтар аталған диспансерлерге қайта-қайта жүгіруге мәжбүр, өйткені — анықтама қағазын тек солардан ғана ала-аласыз; (мәселе өз шешімін табуда, 31.10.2018 жылы арнайы кеңейтілген отырыста қызу талқыланды)
Кезекті ұсыныстары мен өз ойларын ортаға салған облыстық «Асар» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы мен Жамбыл облыстық «Заңды тұлғалар азаматтық альянс ассоциясы бірлестігінің» президенті бір қатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Жоғарыда айтылғандай, бұл жұмыстардың дені мүмкіндіктер шегінде кезегімен өздерінің оңды шешімдерін тауып, бірте-бірте жолға қойылып келеді.
Осы және басқа да жұмыстарға тікелей бақылау жасаумен бірге, Кеңес өз жұмыстарын – Қоғамдық бақылау жасау, Кеңес президиумының көшпелі отырыстарын өткізу, Қоғамдық тыңдау, Мониторингтік іс-шараларды жүзеге асыру, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің Тізбесіне енетін шаралардың өз уақтылы айналымға енгізілуі тәрізді жұмыстарға 2018 жылдың барлық айларында үздіксіз бақылау жүргізіп, аталған жұмыстарды жандандыруға қол ұшын беріп отырды.
Есепті мерзім ішінде 80-ен астам құқықтық-азаматтық, шаруашылық-экономикалық салаларды қамтыған актілерге енгізілген, немесе енгізілуге дайындалған өзгерістер мен толықтырулар қаралып, олар мұқият талқылаулардан өтіп отырды.
2018 жылы атқарылған ауқымды іс-шаралардың бірі – экономикалық, өндірістік, халыққа қызмет көрсету салаларын жетілдірудің негізгі қайнар көздерінің бірі – жалпыға ортақ тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің, болашақ жұмысшы мамандар даярлау деңгейіне жасалған қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау және Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы болды.
Жамбыл және Байзақ аудандарындағы кәсіптік-техникалық колледждердің мамандар даярлау әлеуетімен тікелей танысқан Кеңес мүшелері, алдын-ала жасалған анализ негізінде аталған аудандардың салаға жауапты қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, жұмыс берушілер өкілдері қатысуымен кеңейтілген Отырыстар өткізді.
Т.Рысқұлов, Мерке, Қордай, Жамбыл, Байзақ аудандарындағы колледждердің материалдық-техникалық әлеуетіне тиісті мамандарды шақыру арқылы анализ-бақылау жасалынып, мониторингтік бақылау жасалды. Колледждердің оқу процесіне қатысты оқу жоспарлары мен кажетті мамандықтар Тізіміне, еңбек рыногының сұранымына мониторинг жасалынып, оған аталған аудандардағы барлық екпінді топ өкілдері, ауылдық округтердің басшылары, әкімшілік қызметкерлері, Кәсіпкерлер Палатасының өкілдері ат салысты. Қоғамдық бақылау, арнайы мониторинг, тікелей тексеру-бақылау нәтижесі бойынша 2018 жылғы мамыр айының соңғы жұлдыздарында – облыстық мәслихаттың хатшысы мен депутаттары, барлық аудандардағы кәсіптік-техникалық білім беретін орта оқу орындары директорлары мен аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары, оқу шеберлері, білім басқармаларының басшылары, облыс аудандарындағы Қоғамдық кеңестердің төрағалары, Кәсіпкерлер Палатасының басшысы, тиісінше Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды дамыту басқарма — бөлімдердің басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жұмыс берушілер, колледж оқытушылары, баспасөз өкілдері қатысқан Кеңейтілген отырыс өтіп, саланы дамытудың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Кеңейтілген отырыс қортындысы бойынша арнайы Ұсынымдар қабылданып, олар облыс аумағындағы барлық тиісті мекемелерге таратылды. Кеңес отырысының толық есебі БАҚ құралдары арқылы әлеуметтік ортаның назарына ұсынылды. Алдағы айлардың бірінде Қоғамдық кеңес мүшелері аталған Ұсынымдарда қабылданған іс-шаралар тізбесінің орындалу көрсеткішін көзбе-көз бақылау мақсатында, облыс колледждеріне барып-қайтуды жоспарлап отыр.
Жұмысшы мамандарды даярлау процесіне аса қажетті, әлемдік тәжірибеден табысты өткен — дуалды оқыту жүйесінің тиімді жолдары талқыланып, оған қатысушы өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы, фермер қожалықтары иелерімен арнайы әңгімелер өткізілді. Оқу орындарын білікті, тәжірибелі шебер-ұстаздармен толықтыруды үнемі күн тәртібінен түсірмеу, тәжірибе полигондарын заманауи техникалық нұсқадағы құралдармен жабдықтау жағы да жан-жақты қарастырылды. Аграрлық салада еңбек тәжірибесінен өтіп жүрген колледж шәкірттерінің атқарған жұмыстарымен тікелей танысу мүмкіндігі пайдаланылды. Бұл жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғастырылатын болады.
Жаппай урбанизация дәуіріндегі қоғамдық көліктер қатынасының жағдайы кімді болса да толғандырары сөзсіз. Осы талаптар негізінде қаладағы көлік қатынасы – жолаушылар тасымалы қызметіне 2 рет кең көлемді мониторинг жүргізілді. Мониторинг жасау процесі үшін — жол қозғалысын реттеуші полиция департаментінің қызметкерлері, экологиялық бақылау басқармасының мамандары мен бұқаралақ ақпарат құралдары өкілдерінен құралған арнайы топ жасақтандырылды. Арнайы топ — Қоғамдық Кеңес мүшелерінің жетекшілігімен бірнеше күн қаладағы көлік қозғалысының, жолаушылар тасымалының қайнаған ортасына тікелей араласып, салада қалыптасқан жағдайға анализ жасады. Көлік тасымалы және жолаушы, көлік қозғалысы және экология, қызмет ережесі мен жолаушы қауіпсіздігі салаларын бақылаған арнайы топ, қаладағы жолаушы көліктерінің, аялдамалардың техникалық жағдайынан бастап, жүргізушілердің қызмет көрсету мәдениетіне дейінгі аралыққа аналитикалық талдамалар жасап, қортындылады. Қаладағы жолаушы тасымалы қызметіне қатысушылардың бекітілген график кестесін қатаң сақтаулары, транспорт құралдарының экологиялық режимдерге үйлесімділігі жан-жақты талқыланып, тиісті үсынымдар дайындалды. Бақылау барысында түсірілген арнайы бейне-сюжеттер облыстық «JAMBYL» телеарнасында көрсетіліп, таратылды. әлеуметтік интернет желілері жүйесінде жарық көрді. Алдағы мерзімдерде осындай тәсілдегі мониторинг жүргізу тәсілі өз жалғасын табатын болады, жолаушылар тасымалы, көлік қозғалысының бекітілген режимін сақтау тәртібі Қоғамдық кеңес бақылауының күн тәртібінен түспейтін болады деген шешім қабылданды.
2018 жылғы атқарылған жұмыстардың арасында мемлекеттік қызметкерлердің орындаушылық тәртібіне назар аударылып, облыс әкімдігінің «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімі басшысының аталған бөлім тарапынан соңғы жылдар көлемінде атқарылған жұмыс көрсеткіштеріне арналған есебі тыңдалды. Кеңейтілген Отырысқа қала мен барлық аудандардың салаға жауапты қызметкерлері, Кеңес мүшелері, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық басқармалардың басшылары мен мамандары, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, баспасөз құралдарының өкілдері қатысты.
Отырысқа байланысты алдын-ала жүргізілген жазбаша мониторинг нәтижесі көрсеткеніндей, кейбір мемлекеттік қызметкерлердің орындаушылық міндетті атқаруда біршама кемшіліктер мен асықпаушылық әдеттеріне бейім екендігі анықталды. ҚР «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының талабы бойынша — орталық мемлекеттік органдардың жаңадан қабылданған құжаттары мен бұрындары айналымға енгізілген құжаттарындағы толықтырулар мен өзгерістер, құжат қабылданған күнді қоса есептегенде — 30 күнтізбелік мерзім ішінде айналымға түсуі керек.
Бір-ақ, Жамбыл облысындағы кейбір облыстық басқармалар мен мемлекеттік корпоративтік мекемелер арасында бұл талаптардың дер кезінде орындамауы, құжаттардың регламенттік мерзімдерінің өрескел бұзылуы фактілері орын алған. Регламент бұзуды мерзімі – 20 жұмыс күнінен бастап, 1 жылға дейінгі мерзімді қамтыған. Электронды қызмет көрсету саласын жетілдіру жұмыстары да қанағаттанарлық дәрежеде дамымай отыр… Орталықтардан қашықта жатқан елді мекендерде кең ауқымды интернет жүйесін дамыту саласы да өз кезегін күтіп отырған дәрежеде ғана…Бұл әрине, Президенттің «Цифрлы Қазақстан» үндеуін дамытуға үлкен кедергі. Кеңейтілген отырыста тыңдалған есепті баяндама мен шығып сөйлеушілердің ұсыныс пікірлері кеңінен қамтылған Қоғамдық кеңес Ұсынымдары дайындалып, саланың әрмен қарайғы барысы қоғамдық бақылауға алынды.
2018 жылы жеке адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға байланысты айтқан арыз-шағымдары да өз кезегінде талқыланып, орынды пікірлер дер кезінде өз шешімдерін тауып отырды. немесе жергілікті атқарушы органдардың назарларына уақтылы жеткізіліп тұрды.
2018-2019 жылғы оқу жылына дайындық барысы — облыстық Қоғамдық кеңестің назарына шілде айынан бастап ілініп, қыркүйек айының аяғына дейін үздіксіз бақылауда болды. Мектептердің оқу жылына дайындығы – мектеп ғимараттарында жүргізілген құрылыс, оларға жүргізілетін ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу, оқулықтармен қамтамасыз ету, жаңадан ашылған мектептерді білікті ұстаздармен толықтыру мәселелері жиі талқыланып тұрды. Бұл жөнінде облыстық Білім басқармасының басшылығы мен жауапты мамандары Кеңес президиумының отырыстарына тікелей қатысып, мәселенің барысы туралы толыққанды ақпараттар беріп отырды.
Аталған оқу жылында Жамбыл облысы мектептері оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етілді.
Оқу жылының басталуына әр-түрлі шаруашылық-құқықтық себептерге байланысты дайын болмай қалған 3 мектептегі үйлестіру жұмыстарын Қоғамдық кеңес Президиум мүшелері өз қолдарына алып, жергілікті белсенді топ өкілдері, ата-аналар комитеттерінің мүшелері, депутаттардан құрылған арнайы бақылаушы топ арқылы күн құрғатпай реттеп отырды. Кәзір аталған мектептердегі оқу процесінің барлық талаптары қалыпты жағдайда. Қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар салаға Кеңес мүшелері тарапынан көрсетілген бұл қызметтің көпшіліктің көңілен шыққандығын , Қоғамдық кеңес институтының қажеттілігін тағы бір дәлелдегендігін айрықша атап өтуіміз керек!
Осы жылғы шілде айынан бастап, ауыл-шаруашылығын дамытуға қатты залалын тигізетін жағымсыз әдеттердің бірі – мал ұрлығы фактілерінің алдын алу бойынша мониторинг жүргізіліп келеді. Мониторинг негізіне – мал шаруашылығына қатысты барлық мекеме – ұйымдардан, оның ішінде, құқық қорғау органдарынан 2016-2018 жылдар аралығындағы аталған мәселеге қатысты ақпараттар алынып жатыр. Мәліметтер толық жиналып, қызметтік сараптамадан өткен соң, бұл мәселеге қатысты іс-шаралардың пәрменіне Кеңес тарапынан баға беріледі және қажетті ұсынымдар дайындалып таратылып, қоғамдық бақылауға алынатын болады.
Қоғамдық кеңес, Заң тармақтарында белгіленген өзінің құқықтық өкілеттігі аясында, құқық қорғау саласының жекелеген қызметкерлері тарапынан кеткен ағаттықтарға дер кезінде өз бағасын беруді күн тәртібінен түсірген емес. Осы жылы мемлекеттік кіріс департаменті қызметкерлерінің этикалық нормадан артық кеткен іс-әрекеттеріне Кеңес өзінің қоғамдық пікірін білдіріп, ондай әрекеттерге жол берген қызметкерлерлердің тәртіптік ұстанымдарына сай тиісті шара қолдану үшін, департамент басшылығына президиум ұсынымдарын жолдады…
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі басшылығы мен оның президиум мүшелері, Президенттің соңғы жылдары жарық көрген Жолдаулары мен әлеуметтік Бастамаларына байланысты көптеген басқосуларда өз пікірлерін ортаға салып, Елбасының Қазан Жолдауында көтерілген мәселелерді әлеуметтік ортада талқылауға арналған Әдістемелік жоба әзірлеп, оны облыстың барлық қоғамдық кеңестеріне таратты.
Дәл осы күндері тәжірибе алмасу аясында, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің іс-тәжірибесіне арналған ауқымды кеңейтілген отырыс өткізілді. Отырыста, Қоғамдық кеңес және азаматтық қоғам институттары тақырыбы айналасында кеңінен пікір алмасулар өтті. Оған, аудандардағы, қаладағы кеңестердің төрағалары мен хатшылары, облыстық, қалалық Кеңестердің басшылығы мен мүшелері қатысып, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Қоғамдық кеңестердің жұмыс ауқымын кеңейтуге, оны жетілдіре түсуге бағытталып, ҚР Қоғамдық даму министрлігі тарапынан дайындалып жатқан құқықтық жаңа актілерге енетін өзгерістер мен толықтырулар кеңінен талқыланды. Бұл отырыс туралы ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы, республика жұртшылығына таратылды.
Түптеп келгенде, ашықтық, жариялылық, анықтық принциптері негізінде жасалынып жатқан барлық жұмыстар — мемлекеттің жетілген азаматтық қоғамды қалыптастыру талпынысына жаңа екпін беріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік жасап, олардың қоғам алдындағы міндет — парыздарын жете сезінуіне мол мүмкіндіктер беретіндігі сөзсіз!
2018-жылдың жоспарына сәйкес 2018 жылғы Желтоқсан айының 20 жұлдызында Талас аудандық әкімдігінің базасында — «ҚР Бас Прокуратурасы мен Ішкі Істер министрлігінің бірлескен «Мал ұрлығына тосқауыл» жобасының Жамбыл облысы аудандарында орындалуының кәзіргі жай-күйі және оның алдын алудың өзекті мәселелері туралы» Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі Президиум мүшелерінің Кеңейтілген Отырысы өткізілді.
Кеңейтілген Отырысқа Жамбыл облыстық Прокуратурасының, Жамбыл облыстық Полиция департаменті, облыстық Ауыл шаруашылық, Ветеринария басқармаларының басшылары мен жауапты қызметкерлері, аудандары әкімдерінің орынбасарлары мен көтеріліп отырған мәселеге қызметтік тікелей жауапкершілігі бар мамандар мен құқық қорғау салаларының өкілдері, ауыл әкімдері мен азаматтық қоғам белсенділері шақырылды.
Сонымен бірге, аудандық Қоғамдық кеңес төрағалары, облыстық, аудандық мәслихаттардың хатшылары мен депутаттары, ауыл тұрғындары, БАҚ өкілдері қатыстырылды. Мал ұрлығы проблемасының кәзіргі жәй-күйі мен оның алдын алудың өзекті мәселелері жөнінде, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің «Құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерді ұйымдастыру жөніндегі» комиссиясының төрағасы Қасымхан Естемесұлы Төлендиев кең көлемде баяндап берді. Осы баяндама негізінде және облыстық Кеңестің Отырыс қарсаңында жүргізген мониторлық бақылаулардың, алдын-ала аудандардан алынған жазбаша мәліметтердің негізінде, өте қызу пікір алмасулар болды. Мал ұрлығы проблемасы, оларға қарсы дер кезінде шаралар ұйымдастыру, ондай қылмысқа барушылардың әрекеттеріне дер кезінде тұсау салып отырудың жағдайы нақты фактілер бойынша талқыланды.
Шығып сөйлеушілер мен қосымша баяндама жасаушылардың ұсыныс-пікірлері проблеманы шешудің нақты жолдарын айқындап, мал ұрлығын тиюдың негізгі жолдарының бірі – мал иелері мен жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттерінде үйлесімділік болуы керек екендігін атап көрсетті. Мысалы, жайылымға шығатын ірі қаралар болсын, ұсақ малдар болсын: бірінші – олардың ен-таңбалары болуы керек, екіншіден – мүмкіндігіне қарай ірі-қара малдың – жылқының, түйенің, мүйізді ірі қараның мойнына арнайы жарық шағылыстырғыш осы заманғы белгілерді бекітудің де артықшылығы жоқ. Мұндай әдістер – кәзір республиканың кейбір облыстарында қолға алына бастады.
Сонымен бірге, мал бастарының қайда болуына қарамай – мейлі олар ауылда болсын, мейлі өрісте жүрсін — иелік бақылау жасауды ұмытпауымыз керек. Мал ұрлығына тосқауыл қою мәселесін тек құқық қорғау органдарының міндетіне жүктеп қою негізінен мүмкін емес! Бақылауды екі жақтап қолға алуымыз керек – дейтін бастамалар көтерілді. Бұл бастамалардың көпшілік көңілінен шыққандығын баса айтуымыз керек!
Осы және басқа да айтылған ұсыныс-пікірлер туралы материалдар облыстық газеттер арқылы, облыс жұртшылына кеңінен таратылды.
Қоғамдық кеңестер атқарып отырған жұмыстар барысымен көпшілікті хабардар етіп тұру мақсатында 2018 жылдан бастап Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Жергілікті өзін-өзі басқаруды және қоғамдық бақлауды дамыту бойынша ақпараттық орталықты ұйымдастыру және жүргізу» атты әлеуметтік жоба аясында q-kenes.kz сайтын ашылып, сайт беттеріне облыстағы барлық Қоғамдық кеңестердің жұмысын қамтитын 100–ден аса материалдар орналастырылды. Сайтта республикалық, облыстық, аудандық жаңалықтар, «Сұрақ-Жауап», «Қоғамдық бақылау», өзекті мәселелерді талқылау бойынша, сайтқа мемлекеттік бағдарламаларды, нормативтік-құқықтық актілердің айдарлары, ең үздік Қоғамдық кеңестердің рейтингісін орналастырылды. Рейтингтің нысаналы индикаторлары сарапталып, Тараз қаласы мен аудандардың Қоғамдық кеңестерінің басшылары мен әкімдеріне хат жолданды.
Қоғамдық кеңестердің рейтингісінің нәтижесі бойынша көшті Жамбыл ауданы бастады, екінші орында Жуалы ауданы, үшінші орында Қордай ауданы, төртінші орында Шу ауданы, бесінші орында Байзақ ауданы, алтыншы орында Сарысу ауданы, жетінші орында Тараз қаласы, сегізінші орында Талас ауданы, тоғызыншы орында Т.Рысқұлов ауданы, оныншы орында Меркі ауданы, соңғы орында Мойынқұм ауданы болып жайғасты.
2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықтың рухани-әлеуметтік деңгейін көтеруге арналған бірнеше Бастамалары жарияланып, көпшіліктің қызу талқылауына түсті, елдің көкейінде жүрген көп мәселенің басы айқындалып жүйеленді. «Бес әлеуметтік бастама», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» жарияланымдарының негізінде Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі арнайы аналитикалық көмекші құралдар дайындап облыстың барлық аудандарына таратты, Кеңес мүшелері көптеген талқылауларға қатысып, саяси-әлеуметтік маңызы жоғары құжаттар туралы өз пайымдарымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін білдірді, баспасөз құралдарында көлемді мақалалар жариялап, телеэфирлердегі талқылауларға қатысты.
Облыстық Қоғамдық кеңесінің өз өкілеттігі шеңберінде атқарған жұмыстарының негізгі — атқарушы билік пен бұқара арсындағы өзара келісім мен жарасымды қалыптастыру, олардың арасындағы «алтын көпір» бола білу, мемлекеттік бастамалар игіліктерінің жалпыға бірдей қолжетімділігн қадағалау деп есептейміз. Осы ретте, өз қызметтерін салыстырмалы түрде алғанда жаңадан бастаған әлеуметтік институт – Қоғамдық кеңестер қызметін құқықтық жағынан жетілдіре беруге атсалысу міндеті де шетте қалған жоқ. Осы мақсаттағы бірнеше республикалық іс-шараларға қатысып, өз ұсыныстарымыз бен пікірлерімізді талқыға салып, олардың жазбаша нұсқаларын ҚР Қоғамдық даму министрлігіне жолдап отырдық. «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы жоспарланып отырған бастамаға өз ұсыныстарымызды бердік.
Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі