Бұл ұйымның негізін қалаушы әрі басшысы — Рахишева Нільзия Алғазықызы. Қоғамдық бірлестік өз жұмысын 20 жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы кезең ішінде облыс пен аудан деңгейінде түрлі азаматтық бастамаларды қолдап, жастарды, жұмыссыз азаматтарды және түрлі әлеуметтік топтарды қоғамдық өмірге белсене тартуға зор үлес қосты.
Ұйымның басты мақсаты — жергілікті тұрғындарды, әсіресе ауыл-аймақтардағы азаматтарды азаматтық қоғамның белсенді мүшесі болуға ынталандыру. Осы бағытта соңғы үш жылда «Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның ауқымды жобаларына қатысып, жеңімпаз атанды. Аталған жобалар аясында Байзақ, Меркі, Жамбыл аудандарындағы жұмыссыз азаматтарға бағытталған кәсіпкерлікке ынталандыру шаралары ұйымдастырылып, олардың өз кәсібін ашуына нақты қолдау көрсетілді. Бұл бастама азаматтардың әлеуметтік және экономикалық тұрғыда белсенділік танытуына серпін берді.
Сондай-ақ, ұйым «БІРГЕМІЗ ҚАМҚОР» атты жалпыұлттық жоба аясында Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде әлеуметтік жағынан әлсіз топтармен, әсіресе жалғызбасты қариялармен жұмыс жүргізді. Бұл бағытта қайырымдылық шаралары, көмек көрсету акциялары ұйымдастырылып, қоғамдағы мейірімділік пен бірлік құндылықтары насихатталды.
«Ақбұлақ» қоғамдық бірлестігі өзінің нақты істерімен өңірде азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың белсенділігін арттыру жолында қажырлы еңбек етіп келеді. Қоғамда өз орнын тапқысы келетін, өз идеяларын іске асыруға ынталы азаматтар үшін бұл ұйым шынайы қолдаудың, серіктестіктің және ынтымақтастықтың символына айналып отыр.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.