Қырғыз елімен шекаралас жатқан Қаратау ауылына мемлекеттік бағдарлама аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылуда.
Жамбыл ауданына қарасты елді мекенге өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 306 млн теңге бөлініп, 110 аулаға ауыз су тартылды. Ал, жергілікті тұрғындардың көптен күткен көгілдір отын жүйесі ауыл маңына табан тіреді. Ендігі кезекте тұрғындар белсенділік танытып, жаппай әр аулаға газ құбырын жүргізуі қажет. Мұнан соң көше жарығы орнатылып, жол жабындысы төселетін болады. Бұл туралы Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев ауыз су жүйесінің кермесі қиылу рәсімінде тұрғындарға айтқан болатын.
Мұнда бұдан бөлек бауын тапса, байлауын таппай жүрген мәселе бар. Ол – ұялы байланыс операторының тапшылығы. Аядай ауылдың тұрғындары сегіз жылдан бері көршілес ағайындардың желісіне қосылып, туыс-туғаннан хабар алып отырды. Бұл – тұрғындар үшін тиімсіз еді. Мысалға, байланыс құралындағы 1000 бірлік аман-саулықты сұрасу үшін ғана жеткілікті.
– Айшабибі ауылдық округінен 15 шақырымда орналасқан мекенде 850 тұрғын бар. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауылымыз Қырғызстан Республикасымен шектесіп жатқаннан кейін осы елдің байланысын пайдаланып жүрдік. Тіпті, ауылдың барлығы осы желіге қосылдық. Қазіргідей қарыштап дамып жатқан заманда отандық байланыс неліктен қолжетімсіз деген сауал барлығымызды мазалап келген болатын. Әйтсе де, тілеуіміз қабыл болды. Қазіргі таңда «Кселл» ұялы байланыс операторы орналастырылып, тиімді тарифтің рақатын көріп отырмыз, – дейді ауыл қариясы Нұрғали Манапов.
Мән-жәйға толымды жауап алу үшін округ әкімінің орынбасары Әзімхан Жарлығаповпен тілдескен едік.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2020 жылы Жамбыл облысы бойынша 46 елді мекен қамтылу керек болатын. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, 40 ауыл байланысқа қосылып үлгерді. Соның ішінде Қаратау ауылы бар. Бүгінде қаратаулықтар байланысып қана қоймай, ғаламтор желісінің де қызығын көріп отыр, – дейді ол.