Жаңатастағы «Қазфосфат» жұмысшыларының бас көтеруіне не себеп?

259
ҚАРАЛЫМ

Жаңатас қаласы осыдан 50 жыл бұрын химиялық өнеркәсіпті дамытып, кен байыту фабрикасы арқылы  құрылған болатын.

Жаңатас қаласының басты бренді, жұмыс орындарын беруші «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау кен өңдеу кешені екені баршаға мәлім. Соңғы он бес жылда ресейлік «Еврохим» ЖШС қосылып,  Қаратау қаласындғы таудың тасын үгітіп, оны  «Қазфосфат» минералды тыңайтқыш ретінде сатып жатса, ал «Еврохим»  ресейге алып кетіп түрлі қоспаларына қосуда.

«Қаратау» кен өңдеу кешені осыдан 70 жыл бұрын жұмысын бастаған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ Жаңаөзенде мұнай ғана шықса, Жаңатас қаласы аумағындағы тау тастары өте бағалы болып тұр.

Сурет: Orda.kz      

Сонымен 13 сәуір күні Жаңатас қаласында орналасқан «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің жұмысшылары бас көтерді. Әлеуметтік желіге түрлі видеолар тарады. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін тілшіміз  Жаңатас қаласында болып зауыт жұмысшыларымен, кәсіподақ ұйымдарымен тілдесіп қайтты.

Оқиғаға не себеп болды

Жамбыл облысы әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес,  жұмысшылар 7 талап қойған. Онысы шындыққа жанаспады. Оған себеп, қолымызға түскен «талап қағазы». Онда 9 талап жазылған. Сонда екі талапты билік қайда жіберді деген ой туындайды. Бізге түскен құжатта арнайы құрылған комиссия төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариевтің  қолы қойылған.

Жұмысшылардың басты ашуы мен ызасы  жалақыларының 10%-ға төмендетілгендігінде болып отыр. Жалақылары 7 000 – 20 000 теңге аралығында қысқарып қалған. Басшылар қысқару себебін «жоспарды орындамадыңдар»  деп түсіндірген.

Осыған байланысты жұмысшылар жиналып өздерінің талаптарын айтты. «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде орын алған жағдайды тұрақтандыру бойынша арнайы комиссия құрылды. Комиссияға әр цех жұмысшыларынан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары енді. Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев сайланды.

Сурет: Orda.kz      

Белсенді жұмысшылар талаптарының орындалуына 10 күн берді

Арнайы комиссияға жұмысшылар атынан өкіл болып жүрген Асанәлі Асылхановпен  пікірлестік.

«Негізі «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені осыдан 70 жыл бұрын бой көтерген. Кешенге қажетті механизмдерді шығаратын Ресейдегі зауыттардың жұмыстары тоқтап қалған. Оны ауыстыратын құрылғыларды әкеліп жатыр. Ол құрылғылардың өзі қағаз жүзінде басқа, «нақты»  басқаша болып келіп жатыр. Ескіні жөндей бергенше ауыстыру керек деген әңгімелер болып жатыр. Беретін киімдерінің сапасы төмен. Басқасын беріңдер немесе 6 ай сайын ауыстырып тұрыңдар деп жатырмыз. Осындай талаптар қойылған. Енді шешеміз деп уәде беріп кетті. Ең басты мәселе жалақымызды 10% төмендетіп тастады. Не үшін десек, жоспар орындамадыңдар дейді. Енді ескі зауыттың құрылғылары істен шықса, оған әкелінген қосымша құрылғылары келмей, жұмыс тоқтап тұрса – жұмысшының не кінәсі бар? Біз жоспарды орындауға дайынбыз! Негізі біздікі талап. Кейбір әлеуметтік желідегі ақпараттар біздің әрекетті саясиландырып жіберді. Ол дұрыс емес. Бізде саяси талап жоқ»,- дейді ол.

Иманәлі есімді жұмысшы бұның ереуіл емес, анық еңбек дауы екенін айтады.

«Бізге жоспар қойып қойды. Біз орындаймыз. Бірақ не үшін орындай алмай жатқанымызды басшылар келіп, өз көздерімен көрмей ме?  Кей кезде электр жарығы өшіп қалады, таспалар үзіліп қалады. Жоспар жұмысшыларға байланысты емес, осындай жағдайлармен  тоқтап қалады. Сонда да жұмысшылар кінәлі болып, жазалана беруі керек пе?!»,- дейді жұмысшы.

Комиссия төрағасы  «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Ерсін Сариев қол қойған құжатта 24 сәуірге дейін жауап береміз делінген.

Жұмысшылардың талаптарының бірі –  тікелей басшысы Марғұлан Мәкішевті қызметтен босату болды. Бірақ Мәкішев кеше жұмыс орнында болған, ешқайда кетпеген.

Тілшіге оның  қабылдауына телефонсыз кіру қажеттігі  айтылды. Тілші  диктафонсыз пікірін қалай дәлелдей аламын деген оймен оған  кіруден бас тартты.

Кәсіподақ екі оттың ортасында

Тілшіміз кәсіподақ мүшелерімен бірге «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені асханасын көріп шықты. Асханасы таза, жұмысшыларға тегін қызмет керсетіледі. Асханаға келе алмайтын жұмысшыларға жұмыс орындарына дейін ас апарып береді екен.

Сурет: Orda.kz      

Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қарауылов та өз пікірін айтты.

«Казфосфат» ЖШС Жаңатас қаласындағы «Қаратау» тау-кен өндіріс комбинатында 13 сәуірде орын алған жұмыскерлер мен басшылық арасындағы еңбек дауының басты себебі – басшылықтың жұмыскерлердің талабына дер кезінде мән беріп, тыңдап, құлақ аспауынан. Бұл талаптар бір күнде туындап отырған жоқ. Әрине, айлық жалақыны көтеру, инфляция деңгейіне индексация жасау, арнайы киіммен қамтамасыз ету – еліміздегі барлық кәсіпорын ұжымдарында көтерілетін негізгі талаптар. Дегенмен, бұл жерде сырттан келген мердігер компания қызметкерлері жалақысының анағұрлым жоғары болуы, сосын жоспар орындалмады деп жалақының сыйақы бөлігін қысқартуы отқа май құюмен тең болды»,- дейді кәсіподақ төрағасының орынбасары.

Айта кету керек, қазір еңбек заңнамасындағы айлық көлемін қысқартуға келгендегі солқылдақ тұстар бар екні рас.  ҚР Еңбек кодексінің 107 бабы, 4 тармағы  жұмыс берушілер мен компания басшыларының оң жамбасына келіп тұр.

Сурет: Orda.kz      

Міне, еңбек дауы мен ереуілдер сияқты наразылықтарды тудыратын осындай басшылықтың солақай шешімдері.

Сондықтан, қазіргідей жеті рет өлшеп, бір рет кесетін заманда бірінші кезекте жұмысшының әлеуметтік жағдайы басты назарда болуы тиіс.

Авторы Исламбек Дастан

  • Маңызды
  • Пікірлер
  • Соңғы