Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 25-26 сәуір аралығында Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма…» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалі өтті.
Байқауда әр облыстан келген 14 халық-театры өнер көрсетіп, өзара сайысқа түсті. Өнерпаздар Шона Смаханұлының шығармаларынан көріністер қойды.
Театр фестивалінің ашылуына Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы – Лесбек Илебаев және облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы – Ерлан Жүнісбай арнайы келді.
Халық театрларының республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалінде халық әртісі, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер, режиссер, қазылар алқасының төрағасы — Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның құрметті журналисті, режиссер — Асқарбек Сейілхан, ҚР Мәдениет қайраткері, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының актері — Жүсіп Ақшора, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» «Формат Е» мәдени даму оқу-әдістемелік орталығының директоры — Ерлан Әуесбаев және Облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссері Нұралы Абдуллаевтар төрелік етті.
Байқауды өткізудегі мақсат — Шона Смаханұлының шығармашылық мұрасымен танысу, кейінгі жас таланттарға насихаттау. Сонымен қатар, халық театрларының дамуы мен оның мәртебесін көтеруіне қолдау көрсету, халық театрлары ұжымының шеберлігі шыңдалып, әзіл-ысқақ жанрын көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау.