«Заманға сәйкес жаңғыру – қоғам алдындағы міндет»
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамның саяси-әлеуметтік өміріне қуатты серпін берді. Мемлекет басшысының салиқалы сөздері мен парасатты пікірлері өркениет әлеміне нық қадам басуға даңғыл жол ашты. Төл тарихымызды таразылап, бабалар рухын асқақтату, туған жер мен елге адал қызмет ету әр саналы азаматтың өмірлік мұраты екені мақаланың негізгі өзегіне айналған. Шынында бабалар өсиеті, аталар аманаты бүгінгі өскелең ұрпақтың баға жетпес рухани асыл қазынасы. Ұлыларды ұлықтау жақсыларымыз бен жайсандарымызды дәріптеу баршамыздың қастерлі парызымыз.
Елімізде тәуелсіздікке қол жеткізу жолында аянбай еңбек еткен, еңбек етіп келе жатқан алып тұлғаларымыз баршылық. Соның бірі ұлт мақтанышы, Жамбыл облысының сот жүйесінде жиырма үш жылдан аса еңбек етіп келе жатқан, қасиетті халқымыздың бір баласы – Мамытбеков Оспан Мұсабекұлы.
Оспан Мұсабекұлы — туған елі үшін, халқы үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген, қазақтың қарапайым азаматының бірі. Ол 13 қыркүйек 1961 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.
Отанға деген адалдық, әділеттілік, достыққа беріктік пен бейілдік, еңбекке ерендік, іске тереңдік – ол кісінің бойынан іздемей-ақ табылған, мінезіне туа біткен, бір сөзбен айтқанда, оның адамдық қасиетіне тән негізгі белгілер десек, артық айтқандық емес.
Отан алдындығы әскери борышын Кеңес Әскерінің қатарында өтеп келген жас жігіт өзінің құқық саласындағы еңбек жолын 1983 жылы Меркі аудандық халық сотының сот орындаушысы болып бастаған.
Білімнің қандай жолға апаратынын, қандай мақсатқа жетелейтінін жастайынан түсінген Оспан Мұсабекұлы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің «Құқықтану» мамандығына түсіп, 1991 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп, «Заңгер» біліктілігін алған.
1985 жылдан 1994 жылдың көктем айына дейін Жамбыл облысының Шу, Меркі аудандарында мемлекеттік нотариусы болып қызмет атқарған.
Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінің өркендеуіне өз үлесін қосу мақсатында 1994 жылдың көктем айынан Меркі аудандық халық сотының судьясы міндетін атқарушы, араға бір жыл салмай судьясы болып тағайындалған.
Содан Қазақстан Республикасы Президентінің 15.11.1996 жылғы № 3220 Жарлығымен Жамбыл облысының Жамбыл аудандық сотының судьясы болып тағайындалған. Сондай-ақ судья лауазымында Тараз қалалық сотында, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қызмет атқарып, ҚР Президентінің 02.08.2010 жылғы № 1031 Жарлығымен Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болып тағайындалған. Елбасының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы Жарлығымен Жамбыл облыстық сотының судьясы болып тағайындалып, осы қызметін бүгінгі күні де атқаруда.
Оспан Мұсабекұлының сот саласында атқарған абройлы еңбегі және сот төрелігін жүзеге асырудағы белсенді қызметі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Судьялар одағының, Жамбыл облыстық сотының басшылығы тарапынан ескеріліп, бірнеше мәрте құрмет грамоталарымен марапатталған. 2013 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының II дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен маратапталса, 2015 жылы еліміздің тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында оған «Үш би» құрмет белгісі берілген.
Бұл Оспан Мұсабекұлының сот төрелігін атқаруда халық игілігі үшін жасаған жұмысының нәтижесі болып табылады.
Сонымен бірге, ол сот төрелігін жүзеге асырумен, күнделікті тағайындалған азаматтық істерді қараумен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да ат салысады. Еңбек өтілі үш жылға толмаған жас судьялардың тәлімгері, олармен сот ісін жүргізуді ұйымдастыру, істі қарау бойынша өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп отырады. Облыстық соттың тәлімгерлік кеңесінің мүшесі ретінде алғаш рет тағайындалған судьяларға тәлімгерліктің жүзеге асырылуы бойынша олардың атқарған жұмыстарының есебін тыңдауға қатысып, жас судьялардың жұмысында кемшілікке жол бермеуге өзінің ақыл кеңесін қосып отырады.
Сондай-ақ Жамбыл облысы соттарының кадр резерві жөнінде комиссияның мүшесі болып, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалығына, облыстық соттың алқа төрағалығына қатардағы судьяларды кадр резервіне қою мәселесі бойынша өзінің принципті қөзқарасын білдіреді.
Судья жұртшылықтың сот төрелігі жүйесіне деген сенімін нығайту мақсатында тәртіптің жоғары әдептік стандарттарын әйгілеуге және жетілдіріп отыруға ұмтылуға міндетті, мұның өзі жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот төрелігін жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
Сондықтан болар осы қағиданы дұрыс ұстанған Оспан Мұсабекұлын Жамбыл облысының судьялар қауымдастығы Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Жамбыл облыстық филиалының Сот әдебі комиссиясына мүшелігіне екі мәрте сайлағаны.
Біздің мақсатымыз, ерлік пен елдікті, батырлықты, өскелең ұрпақтың бойы мен ойына отансүйгіштік рухты дарыту. Өйткені рух жоқ жерде ұлт та жоқ, халық та жоқ! Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың тәуелсіз мемлекетіміздің ірге¬тасын нығайтып, еңсесін биік¬тететін, халық сенімін ақтайтын, ұлтының ізгі дәстүрлерін құрмет тұтатын азамат болып өсуі үшін ата-баба, дара тұлғалардың берер тәрбиесі мен ақыл-кеңестерінің орны ерекше. Бұл орайда өзіміз әңгіме арқауы етіп отырған тұлғаның еңбек жолындағы, отбасындағы абыройлы сәттері біздің рухымызды асқақтатып, жеңістері мен жетістіктерінің, өмір жолы тарихының айтары мол, берері көп.