Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінде өткен кезекті кеңесте кәсіпкерлікті, электронды сауданы, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы форвардтық операцияларды қаржылық қолдау тетіктеріне қатысты бірқатар мәселелерді сараланды.
Карантин салдарын ескерсек, бұл сұрақтар бүгінде өзекті күйінде қалып отыр.
Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, бүгінде бизнесмендерге кәсібін дамытуға тамаша мүмкіндіктер беретін түрлі бағдарламалар бар.
«Бизнестің жол картасы» аясында жалпы сомасы 4,5 млрд.теңгеге 85 жоба субсидияланды, 1,1 млрд.теңге сомасына 62 жобаға ішінара несиелік кепілдіктер берілді.
Сондай-ақ, бес кәсіпорынға 286,4 млн.теңге сомасына инфрақұрылым жүргізілді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын 136 жоба қаржыландырылды. Екі бағдарлама аясындағы жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы салаларын дамытуға бағытталған.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 33,5 миллион теңгеге жеті жоба мақұлданды. Қазір таңда тағы 20 жоба қарастырылуда.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Самат Қосалиев «Атамекен Тараз» микрокредиттік ұйымы 401 кәсіпкерге 1,6 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсеткенін айтты.
«Тараз» ӘКК ӘКК ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Қаржауов тұрғындардың табысын арттыру пилоттық жобасы және «Егістіктен сөреге дейін» жобасы аясында қаржыландырудың қандай тетіктері ұсынылатынын жеткізді.
Бердібек Сапарбаев тұрғындардың мемлекеттік бағдарламалардан хабардар еместігін және өздерінің жаңадан бастаған кәсіптеріне қандай қолдау шаралары ұсынылатындығын білмейтіндігін атап өтті.
Бұл орайда жиынға бейнебайланыс режимінде қатысқан бірқатар аудан әкімдеріне сын айтылды.
— «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа орындарды ашу. Бұл өте маңызды. Дей тұрғанымен, аудандарда бағдарлама тетіктерін пайдалануға деген сұраныс төмен. Неге? Мәселен, Жуалы ауданы тек екі жобаны ұсынған, ал Мойынқұм ауданы бірде бір жоба жоқ, — деп облыс әкімі шамданды.
Аграрлық салада да жұмыс қажетті деңгейде атқарылмай отыр. Мойынқұм мен Талас аудандарында ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы бөлінген қаржы толықтай игерілмеген. «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ арқылы қарастырылған қаржы да толықтай қажетке жарамапты.
Облыс әкімі осы орайда көрсеткіштерді жоғарылатып, мемлекеттік бағдарламалар туралы тұрғындар арасындағы түсіндіру жұмыстарын жөнге келтіруді тапсырды.
Электронды сауданы дамыту жөнінде де Аспандияр Сейсебаев баяндама жасады. Биыл қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялар сомасы 408,9 млрд теңгеге жеткен. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 11,6 есе өскен.
— Коронавирус індетінің таралу қаупін ескерсек, тұрғындар көңіл көтеру нысандары, мейрамхана, сауда орындарына мейілінше бармағаны жөн. Демек, онлайн режимде қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандарды арттырып, тауарды жеткізу жұмысын жақсартуға көңіл бөлінуі керек. POS-терминалдар мен банкоматтардың да санын көбейту қажет, — деп тапсырды облыс әкімі.
Жиын барысында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы міндетін атқарушы Қайрат Аманов та баяндама жасап, қазіргі уақытта Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарындағы тауар өндірушілермен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қатысты меморандумдарға қол қойылғанын жеткізді. Өзге де өңірлермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Жамбыл облысы да басқа аймақтарға ауыл шаруашылығы өнімдерін тасмылдап жүр.
— Тағы бірқатар әлеуметтік павильондар ашу керектігі туралы бірнеше рет айтылды. Жауапты басқарма бұл сұрақты ерекше бақылауға алуы керек. Осылайша біз бағаның негізсіз өсуінің алдын аламыз. Сондай-ақ кейбір азық-түлік өнімдерінің тапшылығын да болдырмаймыз, — деп түйіндеді аймақ басшысы.