А.ж. 28-30 шілдесінде Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттерінің ұйымы мен Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды дамыту жөніндегі кеңсе өкілдерінің алғашқы кездесуі өтуде.
Іс-шараға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Түркия мен Түркіменстанның мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік органдардың және Мемлекеттік басқару академияларының басшылары қатысуда.
Кездесу барысында Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастық салаларының тізбесіне «адами ресурстар» енгізілгені және оның жүйесінде адами ресурстарды дамыту жөніндегі бағдарламаны іске асыру мәселелері талқыланды.
Бүгін Агенттік Төрағасы кездесуге онлайн форматта қатысты. Кездесуде Дархан Жазықбаев қатысушыларды Қазақстанның мемлекеттік қызметін реформалау саласындағы негізгі бағыттармен таныстырып, оның Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан тарапынан кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысып, қатысушыларды мемлекеттік қызметшілерді оқыту саласындағы Қазақстанның тәжірибесімен таныстырды.