Құқықтық тәртіпті қорғау – басты парызымыз
Бүгінгі таңда жасыратыны жоқ, қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу бірінші тұрған мәселелердің бірі екендігі айдан анық. Қоғам құқықтық тәртіпке, заңдылыққа негізделіп, соған арқа сүйеп қалыптасып, өмір сүре алады. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, қирайды, оның келешегі де болмайды деп топшылай берсеңіз де болады.
Құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәртіпті қорғау мақсатында аудандық Әділет басқармасының атқарып отырған жұмысы ауқымды екендігін айта кеткеніміз жөн болар. Жалпы, Әділет басқармасы заң шеңберінде жұмыс атқаратындығы баршаға белгілі. Кейбір заңның нормаларын, заңнамалық актілер өзгерістерге ұшыраған сәтте, Әділет басқармасы жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстарымен айналысады.
Жақында Жамбыл облысы Әділет департаменті және Әділет министрлігінен 2018 жылдың 2 ақпанында хат арқылы келіп түскен тапсырмасын орындау мақсатында, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өткен еді. Жиынға ауданның адвокаттары, мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары, соттар, прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар, жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлер қатысып, заң нормалары аясында сөз өрбітті. Жиын жоғарыда аталған заң өкілдерінің пікірлерімен алмасу, сондай-ақ, азаматтарға осы нормалардың күнделікті тәжірибеде және қоғамдық қатынастарда беретін мүмкіндіктерін дәйектеу мақсатында өткізілген болатын.
Дөңгелек үстел барысында басқарманың бас маманы Б.Мұхтарова тақырып бойынша баяндама оқыған соң, қатысушылар өз ойларын ортаға салды. Қатысушылардың заң бойынша ұсынысы тыңдалып, нәтижесінде тұшымды ой айта білген Т.Ахметов пен Д.Ноғайбаева сынды сала мамандарының ұсыныстары тыңдалып тіркеуге алынды. Сөз басында айтып кеткенімдей құқықтық тәртіпті қорғау біздің басты парызымыз екендігін ұмытпағанымыз жөн. Осыған орай, аталған Заң нормаларын халық арасында кең ауқымды түрде түсіндіру жұмыстарын ары қарай жалғастыратын боламыз. Себебі, ол – қоғам алдындағы басты міндетіміз.