Президентке халықаралық қаржы институтының жұмыс нәтижесі мен алдағы жоспары жөнінде баяндалды. Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасына былтыр 1,4 миллиард доллар қаржы салған, ал инвестиция портфеліндегі қазақстандық жобалардың үлесі 60 пайызға жеткен.
Николай Подгузовтың айтуынша, ЕАДБ серіктестермен және көпжақты ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, сондай-ақ өздері ұйымдастыратын халықаралық іс-шаралар арқылы Қазақстанның қаржы нарығын дамыту және инвестиция тарту ісіне белсенді атсалысуға ниетті.
Мемлекет басшысы банктің Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейіл екенін растады.
Еуразиялық даму банкі – инвестициялық қызметін Еуразия кеңістігінде жүргізетін көпжақты даму банкі. Оның штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан. 2025 жылы ЕАДБ портфеліне жалпы инвестиция сомасы 16,5 миллиард доллар болатын 305 жоба енді. Банк өз жұмысында көлік инфрақұрылымы, цифрландыру, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграцияға тиімді әсер ететін жобаларға басымдық береді.
Ақорданың баспасөз қызметі