Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Ақиық каналының жағалауы тұрғындардың күш біріктіруімен тазартылып, экологиялық ахуал жақсарту бағытында нақты қадам жасалды. Бұл шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтті.
Аталмыш акция еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан ауқымды бастама болып табылады. Оның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Мойынқұм ауылы да бұл бастамадан шет қалмай, жергілікті халық пен жастар ұйымдары, мектеп оқушылары мен мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер және еріктілер жұмыла әрекет етті.
Ақиық каналы – ауыл шаруашылығына, оның ішінде егін суару ісіне үлкен маңызға ие су көзі. Соңғы жылдары канал жағалауларында жиналған тұрмыстық қалдықтар мен табиғи емес заттар оның экологиялық жағдайына кері әсер етіп келген еді. Осы жолғы сенбілік шарада ауыл тұрғындары арнайы құрал-саймандармен жабдықталып, канал маңын түгелдей қоқыстан тазартты. Пластик бөтелкелер, пакеттер, шыны қалдықтары мен басқа да зиянды тұрмыстық қалдықтар жиналып, арнайы орындарға жеткізілді.
Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұлдың айтуынша, бұл шара тек тазалықты сақтау үшін емес, жастар арасында экологиялық сананы арттыруға бағытталған маңызды қадам. «Біз бұл жұмысты бір күндік науқан деп қарамаймыз. Мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Табиғатты сақтау – әрбір азаматтың борышы. Осы жолы ауыл халқы үлкен белсенділік танытып, ортақ іске жұмыла кіріскені бізді қуантады», – дейді әкім.
Сонымен қатар, ауыл жастары тарапынан арнайы ақпараттық парақшалар таратылып, тұрғындарға қоқыс тастамаудың маңыздылығы түсіндірілді. Мұның өзі болашақ ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын тәрбиелеуге сеп болмақ.
Ақиық каналының тазартылуы – бір күндік жұмыс емес, бұл – табиғатты қорғауға деген жанашырлықтың көрінісі. Мұндай игі істер арқылы ауыл тұрғындары қоршаған ортаның тазалығы мен сұлулығын сақтап қалуға өз үлестерін қосып жатыр.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Мойынқұм ауылының бұл бастамасы өзге елді мекендерге үлгі болары сөзсіз. Табиғатты аялау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың парызы екенін көрсеткен бұл шара көптің көңілінен шықты.