Жамбыл облысында жылу маусымы аяқталғанымен, Тараз қаласының тұрғындарына ыстық су беру жалғасады. Бұл туралы бүгін ӨКҚ ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев айтты.
Спикердің айтуынша, ағымдағы жылы аймақ бойынша жылу желілерінде қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
«Жылыту маусымының ұзақтығы аудандарда 188 тәулікті құраса, Тараз қаласында 195 тәулікті құрады. Жылыту маусымы кезінде станциялар мен желілерде технологиялық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жалпы, 912 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етілуде. Мәселен, «Таразэнергоорталық» АҚ — 802 үй, «Жамбыл-Жылу» МКК — 91 үй, «Таразтрансэнерго» МКК — 19 үйді қамтуда», — деді Қ. Қорғанбаев.
Қазір қазандық қайнатқан мекемелер қыстың қамын ойлауға кіріскен. Бүгінгі таңда отын-энергетика кешені кәсіпорындары жылу қондырғыларын жоспарлы-жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар, келесі жылыту маусымына дайындық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.
Жылуға жауапты спикер өңірдегі көп қабатты үйлер тұрғындары қыстан қысылған жоқ дейді. Ол жылыту маусымы кезінде облыс бойынша көмір тапшылығы байқалған жоқ деп отыр. Тұрғындар көмірдің тиісті көлемі яғни, 234,3 мың тоннамен толық қамтамасыз етіліпті. Бұл ретте Шұбаркөл, Қаражыра маркалы көмірлер 14 — 17 мың теңгеден сатылды. Бұл бағаны тұрақтандыру үшін жасалған меморандумдар нәтижесі, — деді спикер.