Облыстық «Һибатулла Тарази» қайырымдылық мекемесіне қарасты Қарилар курсының тағы бір шәкірті — Мирас Икрамов қасиетті Құран Кәрімді толықтай жаттап, қари атанды.
Осылайша, курс 18-ші қариын түлетіп отыр. 2022–2025 жылдар аралығында Мирас Икрамов Құранды бастан-аяқ жаттап, үлкен жетістікке қол жеткізді. Бұл — еліміздегі діни білім беру ісінің нәтижелі дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.
Жұма намазының алдында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жас қариға сертификат табыстап, мешіт атынан ұмра сапарына жолдама сыйлады. Жамағат пен ел ағалары жас қаридың еңбегіне тәнті болып, баталарын берді.
Сонымен қатар, бас имам «Һибатулла Тарази» қайырымдылық мекемесінің директоры, Қарилар курсының жетекшісі әрі ұстаз Бірлік Амангелдіге алғыс білдіріп, алдағы діни-ағартушылық қызметіне сәттілік тіледі.
Қасиетті Құранның мұрагері болу — үлкен жауапкершілік. Осындай білім мен тәрбие ошағынан түлеп ұшқан қарилар ел руханиятына қызмет етіп, дәстүрлі дініміздің діңгегін нығайта бермек.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі