Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс орталығында «Таразға тарту» жобасы аясында Тараз қаласының Қарасу алқабында «Денсаулық» саябағы бой көтеруде. Қазіргі уақытта ондағы каналдың жағалау аймағы тазартылып, арнайы стелла соғылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай, бүгін облыстың медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан денсаулық сақтау саласының ардагерлері 80-нен астам шырша және ағаш көшеттерін отырғызып, саябақты көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта мұнда әлі де 1000 көшет тал отырғызылмақшы. Аумағы 5 гектар жерге орналасқан саябақ халықтың дем алуына, салауатты өмір салтын сақтауына қолайлы, әрі бой тынықтыратын орталық болмақ. «Медицина қызметкерлері халыққа өздері бастап, көгалдандырылған орында демалуды ұсынып отыр. Таза ауада, ағаштар аясында демалу, сондай-ақ салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу, жаяу жүру, далада тыныс жаттығуларын жасау – бұл тұрғындардың басты ұстанымына айналу қажет. Бүгінгідей пандемия кезінде бұл- аса маңызды. Ауырғаннан – ауырмаудың алдын-алуды ұмытпаған жөн. Алдағы уақытта бұл жер – барлық қала тұрғындары мен қонақтары да келетін демалыс орындарының бірі болады деген ойдамын»,- дейді облыс дәрігерлерінің демалыс орнына айналатын саябақтың ашылуына бастама танытып, игілікті істің ұйымдастырылуына ұйытқы болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Аталмыш жоба — демеушілер есебінен жиналған қаражатқа жасалуда, яғни бюджеттен шығынсыз жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі