Аудандық ауруханаға қойылған құрылғы заманауи жоғарғы технологиялық 80-кескінді компьютерлік томограф (КТ) деп аталады. Компьютерлік томограф – барлық органдар мен жүйелерді тексеруге мүмкіндік беретін тексерулердің жоғары сапасын қамтамасыз ететін озық технологиялары бар аппарат. Талас аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы М.Отыншиев: "пандемия кезінде коронавирустық пневмония диагнозын қоюдың ең сенімді және негізгі әдісі болып табылатын құрылғы – компьютерлік томографияның қойылуын ұзақ күттік. Мұнда орталығымыздың білікті рентгенлаборанты жұмыс жасайды. Ал, қорытынды диагнозды дәрігерлер онлайн түрде беріп отырады. Аталмыш аппаратқа міндетті әлеуметтік сақтандыруы (МӘМС) бар азаматтар дәрігердің жолдамасымен тегін, ал жарна төлемейтін азаматтар 10 мың теңге көлемінде ақы төлеу арқылы томографияға түсетін болады. Ал зейнеткерлер мен балаларға, әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға 10 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, мамандар шұғыл жағдай кезінде ақысыз және уақытпен санаспай қызмет көрсетеді. «Мейірім» медициналық орталығына қарасты кабинет аудандық орталық ауруханадан бөлінген 120 шаршы метр аумаққа орналастырылып, қажетті барлық жабдықпен қамтамасыз етілген.
Денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі