Министрдің сөзінше, әуе және пойыз билеттерін мемлекет бақылап отырғандықтан, баға өзгермейді. Ал такси қызметінің құнын нарық шешеді.
«Әуе керосині әуелден нарықтық бағамен жүреді. Сондықтан ол жақта тариф өзгермейді. Теміржол билеттерінің құны мемлекет тарапынан реттелетіндіктен, теміржол саласында билет құнын өсіру жоспарда жоқ. Такси бағасы мемлекет тарапынан реттелмейді, жанармай бағасын нарық белгілейтіндіктен — такси қызметінің де бағасын нарық шешеді», — деді министр.
Тілшілер өз кезегінде «министрлікпен тікелей жұмыс істейтін такси агрегаттары бағаны өсіру туралы ұсыныспен шығып жатқан жоқ па?» деп нақтылады.
«Шығып жатқан жоқ, күні кеше ғана біз өзін-өзі реттеу туралы заң жобасын талқыладық. Сол заң жобасы шеңберінде алпауыт интернет агрегатымен такси жүргізушісі өзара келіседі. Бір шақырымның бағасы қанша, оның пайызын алу мөлшерін қанша болады дегендей. Мұндағы келісімге мемлекет араласпайды, такси қызметі мен агрегат компания өзара шарт жасайды деген заң жобасын ұсынып отырмыз. Ол жоба қазір қарастырылып жатыр, пилоттық режимде тексеріп көреміз деп отырмыз», — деді министр.
Айта кетейік, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда жанармай мен автогаз бағасы ақпан айынан бастап қымбаттайтынын айтты.