Облыс әкімі бастап, аймақтың бас прокуроры қолдаған суицидтің алдын алу шаралары қандай?
ДЕРЕКТЕР СӨЙЛЕСІН
Былтыр мамырда оқушылар соңғы қоңырауға дайындалып жатқанда, қала мектептерінің бірінің 8 сынып оқушысын жақындары соңғы сапарға шығарып салды. Ресми мәлімет бойынша, жасөспірім өзіне өзі қол жұмсаған. Бейресми мәліметке сенсек, қатарластары ұрып, жоғарғы қабаттан лақтырған…
Қыркүйекте сабақ басталып үлгермей, тағы бір оқушының өмірі қиылды. Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің 12 қабатынан 2008 жылғы бала секіріп, мерт болды.
Осымен қатар өзеріне қол жұмсамақ болған әйел заты да, ер азаматтар да болмады емес. Мәселен, Сарысу ауданының бір тұрғыны келіншегі ауыр дертке тап болғанын көтере алмай, балаларының көзінше тамырын кеспек болған. Әбиір болғанда, дәл сол уақытта полиция қызметкерлері жақын жерде өтіп бара жатып, соны байқаған. Керек кезде керек жерден табылған тәртіп сақшылары жамандықтың алдын алып, ер азаматты құтқарып қалған.
Бұл тек баршаға мәлім болған жағдайлар.
Полиция, білім беру органдарымен атқарып жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, бала тәрбиесі бойынша ата-аналар жауапкершілігінің төмендеуінен, ата-ана жұмыс бастылығынан, назардан тыс қалған жасөспірімдер көше кезіп, қаңғыбастықпен айналысып, нәтижесінде қылмыс жасау деректері орын алуда.
Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесімен ағымдағы жылы «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. ЖПІШ аясында, жасөспірімдер қылмыстылығы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының және қоғамға жат іс-әрекеттердің алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және кәмелетке толмағандар мен оларға қатысты жасалатын қылмыстардың жолын кесу мақсатында, ЮПБ-нің қызметкерлері ағымдағы жылдың екі айында бірқатар жұмыстарды атқарды.
Қала аудан полиция бөлімдерінің мәжіліс залында профилактикалық есепте тұратын, және бейресми көшбасшы қылмысқа немесе әкімшілік құқық бұзушылыққа бейім кәмелетке толмағандарды мен және жайсыз отбасыларды шақыртып бейне роликтер, көрсетіп профилактикалық түсіндірме жұмыстарыын жүргізлді. Жыл басынан білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары прокуратура мобильдік қызметкерлерімен бірлесе отырып жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Іс-шаралар барысында 724 бірлескен рейд ұйымдастырылды, оның 364 мектеп жанындағы рейдтік іс-шаралар. Рейд барысында жалпы ҚР ӘҚБтК-ің түрлі баптары бойынша 2715 әкімшілік хаттама толтырылды, — дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА.
Күнделікті өткізген рейдтік және профилактикалық шаралардың нәтижесінде, түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін Жамбыл облысы ПД-ің, ПБ-не 1550 (2023 ж. — 979) кәмелетке толмағандар жеткізілді. Оның ішінде 1525 әкімшілік құқық бұзушылық үшін, 25 қылмыстық жазаланатын әрекет жасаған үшін.
ҚР ӘҚБК-нің 127 бабымен өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс дәрежеде орындамағаны үшін 143 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. ҚР ӘҚБК-нің 132 бабымен түнгі мезгілде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген — 73 мекеме әкімшілігі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБК-нің 200 бабы бойынша алкогольдік өнімдерді сатудың ережесін бұзудың 44 дерегі анықталып, жеке кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік істер сотқа жолданып 2 млн 215 мың 200 теңге айыппұл салынды.
ҚР ӘҚБК-нің 435 бабы кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық дерегі бойынша 27 ата-ана жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБК-нің 440 бабының 2 бөлігі, он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішу дерегі бойынша жеті ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 138 кәмелетке толмаған балалары бар 60 жайсыз отбасы анықталып, есепке қойылды. Қазіргі таңда полиция бөлімдерінде 344 жасөспірім және 314 жайсыз отбасы есепте тұр. Жыл басынан 15 тұлға ата-ана құқығынан айырылды немесе шектелді, арнайы мектепке бес жасөспірім оқшауланып, 75 бала бейімдеу орталығына орналастырылды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда ювеналдық полиция қызметкерлерінің тарапынан 50 іс қаралды. Оның ішінде, ата-аналық құқығынан айыру немесе шектеу бойынша – 19, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша – 16, оқуға орналастыру бойынша – 3, арнайы мектепке орналастыру – 12, — деді Мұхтарқұлова.
Атқарылған жұмыстарға қарамастан екі ай қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында тоғыз қылмыс тіркелген. Алайда оның 8-і өткен жылы орын алып, 2024 жылы өндіріспен аяқталғандықтан биылғы жылға тіркелген. Жасөспірімдердің қылмысқа бару себебі – әлеуметтік теңсіздік, өзінің арасындағы басқа баларға еліктеп, қымбат ұялы телефон немесе сәнді киім алуға және тағыда басқаға ұмтылады дейді полицияда.
Сонымен қатар, жыл басынан кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған – 24 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда алты дерекке төмендеген.
Ювеналды полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі кезде жасөспірімдер қылмысының себептерін талдауға сүйенсек, оларға ең алдымен қадағалаусыздықтың ықпал ететініні, яғни отбасы тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Сол себептен, бала тәрбиесінде бір ғана, құқық қорғау, білім беру органынмен емес жалпы қоғам болып ұлттық тәлім тәрбиені қалыптастыру, қоғамының даму заңдылықтарын, ұлттың тарихи, мәдениеттілігін және экономиканы тығыз байланыстыра отырып күрескенде ғана ұлағатты жас ұрпақты тәрбиелеуге қол жеткізуге болады. Балалар тәрбиесінде бірінші жанұя, ата-анасы, қоршаған ортасының да мәні зор, — деп санайды полиция подполковнигі Диляфруз КИНЖЕХАНОВА.
НАҚТЫ ШАРАЛАР
Облыс әкімдігінің білім басқармасының өңірлің коммуникациялар қызметінде жасалған мәліметінше, оқушылар арасындағы орын алып жатқан буллинг, кибербуллинг, суицид жағдайларының алдын алу бойынша да жүйелі жұмыстар жасалуда. Былтырғы жылдың 10 айында облыс бойынша жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау тоғыз фактісі және үш әрекет жасау оқиғалары тіркелген. Білім басқармасы тарапынан балалар мен жасөспірімдер арасында аутодеструкті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Бестерек» пилоттық жобасы 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылуда. Аталған жобаны «Innovation psychology» республикалық қоғамдық қоры кәмелетке толмағандардың өзіне-өзі қол жұмсауының алдын алу мақсатында мектеп басшыларынан бастап, педагог-психологтар мен аудандық білім бөлімдерінің жауапты әдіскерлеріне арнайы оқыту курстарын ұйымдастырды. Бұл жоба биыл да жалғасуда. Сонымен қатар, «Психологиялық қызмет HR+» автоматтандырылған жобасы 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап тегін енгізіліп, алдын алу жұмыстары жүргізілуде, — деген мәлімет бар.
Суицид – жастар арасында да өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы мен оның жанында құрылған орталық та осы бағытта тиесілі жұмыстар атқаруда.
Нақты суицид мәселесі заңда көрметілмеген болса да, жастар қоғамдағы барлық әлеметтік мәселелердің ортасында жүреді. Негізгі функционалдық міндеттерге байланысты профилактикалық шаралад ұйымдастырылады. 2022 жылдың тамызында облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасы арасында 56 тармақтан тұратын кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Сол кешенді жоспар әр сала мен бағыт бойынша орындалып келеді. Мысалы, қылмыстың алдын алу, репродуктивті денсаулықты қалыптастыру, суицид пен лудоманияның алдын алу сияқты жоспарлы тармақтарда бекітілген. Жастар арасындағы өзекті мәселелердің қатарын тізбектеп, индикаторлар бекіткенбіз. Бұл осы жұмыстар жүрмей қалмасын деп жасалып отыр. Кішкене болса да, жастардың арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілсін, психологтар мен тиісті саладағы мамандар жұмылдырылып, жастардың шешілмей жүрген мәселелері шешілсін деген мақсатта ұйымдастырылып отыр. Себебі суицид деген түрлі мәселелердің жиынтығы болуы мүмкін. Мысалы оқып жүрген оқу орнында қысымға ұшырау, немесе үйіндегі нашар тұрмыстық жағдайға байланысты, болмаса ата-анасы ішімдікке салынуы, қоғамда әділетсіздікке ұшырауы, бақуатты отбасының балалары қымбат телефон ұстап, жақсы көлік мінгенін көріп, өзінің қара нан жеп жүргенінен ашынып, қаржылық сауаты төмен болып, несиеге батып, немесе лудоманияның жетегінде кетіп, сондай әрекетке баруы мүмкін. Сондықтан суицидтің алдын алу өтке күрделі және нәзік нәрсе, — деп санайды жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт ЗҰЛПЫХАР.
Оның айтуынша, осы мәселеге ресурстық орталықтарының психологтарының да шамалары жетпеуі мүмкін. Себебі орталық қызметкерлерінің кадр тұрақтылығы мәселесі енді қалыптастырылуда. Облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес ұзақ жылдар бойы айтылып келе жатқан жалақыны көтеру мәселесі былтыр ғана шешілді. Тек облыстық жастар орталығының жалақы мәселесі әлі қаралуда. Облыстағы 13 ресурстық орталықта 420-ға жуық қызметкерлер бар. Олардың 330-ы жастармен етене жұмыс жасайды. Мониторинг олардың бір жылда кадрлық ауысымы 221 адам болғанын көрсеткен. Бұл өте жоғары көрсеткіш.
Ж.Зұлпыхардың айтуынша, өңірде жақсы психологтардың саны некен-саяқ. Психатр, суицидологтарды айтпағанда.
Бұл бағытта тек жастар ғана емес, білім, денсаулық, спорт басқармалары, сонымен қатар құзырлы органдардың да атсалысуын талап ететін мәселелер баршылық. Жоғарғы оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде ресурстық орталық қызметкерлері барынша ақпараттық және профилактикалық жұмыстар жүргізеді, барынша жастардың әлеуметтік мәселелерін тыңдауға атсалысамыз, шешуге жәрдесеміз. Біз тек суицидтің алын алуымен ғана шектелмейміз. Оның қалай алдын аласың? Суицид жасама деп айтып, отырмай, жан-жақтағы бағыттарды да қамтимыз. Қажет болса, сондай нәрсеге барған жастармен орталық психологтары жұмыс жасайды. Мысалы, біздің облыстық жастар орталығында кәсіби маман Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ жыл басынан 200-ден астам жасқа кеңес беріп, бір суицидке барам деген жастың бетін қайтарып, тағы 2-3 жаспен жұмыс жасауда, — деді Ж.Зұлпыхар.
Бұл істен облыс прокуратурасы да шет қалмады. Аймақтың бас прокуроры Нұрғалым ӘБДІРОВ балалардың өз мәселелерін жасыратынын, осы тұрғыда жан-жақты жұмыстар жүргізу керектігін алқалы жиындарда тілге тиек етеді. Ол профилактикалық жұмыстар кезінде бала жағымсыз салдар мен жариялылықтардан қорықпай, бар проблемасы туралы хабарлай алатын жағдайларды міндетті түрде жасау қажеттігіне назар аудартады. Осы орайда өңірде барлық оқушылар үшін уәкілетті органдарды өз проблемалары туралы анонимді түрде хабардар ету мүмкіндігін беретін «Саған көмек!» бағдарламасының жүзеге асырылуы басталыпты.
Ал, Жамбыл облысы әкімі Ербол ҚАРАШӨКЕЕВТІҢ мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына былтыр жергілікті бюджеттен 1 миллиард 765 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде 238 білім беру ұйымы жедел басқару орталығына интеграцияланып, 257-сі дабыл түймесімен жабдықталды. Сондай-ақ, 151-і мамандандырылған күзетпен, оның 149-ы турникетпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы оқушылар арасындағы орын алып отырған буллинг, кибербуллинг, суицид жағдайлары алаңдататынын айтып, әлеуметтік желінің ықпалы аса белсенді кезеңде балаға сапалы біліммен қатар мықты тәрбие беру негізгі ұстанымға айналуы тиіс екендігін үнемі еске салып келеді.
Айжан АУЕЛБЕКОВА
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясаты тапсырысы негізінде жарияланды