Қазақстандықтар 24 маусымда жаңа мереке – Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Оны құру туралы жарлық 2022 жылдың 2 сәуірінде күшіне енді.Бұл туралы Turaninfo. kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жаңа мереке конституциялық негіздерді дамыту мен нығайтуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін судьялар мен сот қызметкерлеріне құрмет ретінде белгіленді.
Түсіндірме хатта айтылғандай, 24 маусымды Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп белгілеу кездейсоқтық емес. 1992 жылдың дәл осы күні тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» Заңға сот төрелігін жүзеге асыру туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Ол сондай-ақ республика соттары болып Жоғарғы Сот пен жергілікті соттар (облыстық, қалалық, аудандық), сондай-ақ жаңадан құрылған әскери соттар болып табылатынын көрсетеді.
Жаңа кәсіби мереке қарсаңында Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары өздерінің аға әріптестері – сот жүйесінің ардагерлері Асылхан Дармурзаев, Әнуарбек Нарматов, Елена Лозоведская, Уалига Қайманованы шақырды.
Кездесу барысында сот төрағасы Аманжан Жасұзақов сот жүйесіндегі реформалардың бірі ретінде әкімшілік сот төрелігі институтының қалыптасуына тоқталып, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының құрамымен таныстырды.
Ардагерлер өз кезегінде өмірлік бай тәжірибелерімен бөлісіп, қандай сәттер болғаның жеткізіп,судьяның мәртебесі мен кәсіби деңгейін арттыруға байланысты ой-пікірлерімен бөлісіп, ұрпақтар сабақтастығын дамытуға, мәдениетті сақтауға қосқан үлестері үшін әкімшілік сот ұжымына алғыстарын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тілеп,үлкен қуанышпен тарқасты.
Арайлы Жақсылық