Алайда, әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс бойынша да татуласу мүмкіндігі бар. «Әкімшілік Құқық Бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (ары қарай– ӘҚБтК) 64-бабы «Әкiмшiлiк жауаптылықтан тараптардың татуласуына байланысты босату» деп аталады.
Бұл бапқа сәйкес ӘҚБтК-нің 73, 73-1, 73-2, 79 (бірінші бөлігінде), 146, 185, 186, 220, 229 (екінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана қозғалады және ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласқаннан кейiн тоқтатылуға жатады.
Еліміз егемендік алған уақыттан бергі кезеңде, өзінің құқықтық саясатының басты бағыты ретінде адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен мүдделерінің қорғалуына негізделген құқықтық мемлекет құруды таңдағаны мәлім.
Қазіргі таңда, әлемдегі мемлекеттерде медиация институтының тәжірибелерінің өміршеңдігі негізінде көптеген даулы мәселелердің бітімге келу арқылы оң шешімдерді тауып жатқаны анық.
Медиация –тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді.
Медиация тәжірибесінің мақсаты билер соты сияқты дауласушы тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетіп, тараптарды бітімге келтіріп татуластыруға қол жеткізу. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы, яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз, екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады.
Медиация қызметінің тиімді жағына көз салсақ, бұл қызмет ең алдымен қоғамды ізгілендіруге жол ашады. Яғни, медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни, медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық тең құқылығын сақтай отырып тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Ең бастысы медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы
Д.Мадемаров