Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.
«Рақымшылық жасаудағы мақсатымыз түрмедегілердің санын азайту емес. Ондай қажеттілік те жоқ. Өйткені, 25 жылдың ішінде түрмеде отырғандардың саны үш есеге азайды. Егемендіктің алғашқы жылдары еліміздің түрмелерінде 100 мың адам отырған еді. Қазіргі таңда колонияларда, тергеу абақтыларындағы адамдардың саны 36 мыңға дейін қысқарды. Тек соңғы төрт жылдың ішінде бірде-бір рақымшылық жасалмай, тұтқындар саны 30 пайызға кеміді», — дейді Ж.Асанов.
Айта кетейік, бұл заң жобасы Мәжілістен қолдау тауып, Сенатқа жіберілген еді. Жалпы, рақымшылыққа шамамен 28 мың адам ілігуі мүмкін. Оның ішінде 1500 адам колониядан шығады деп күтілуде.