Конституция күніне орай 15 ықшамауданда 180 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, пәтер кілттерін тапсырды.
– Бүгін баршамыз мемлекеттігіміздің берік іргетасы – Конституция күні қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Осынау оң істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 50 көпқабатты (3 мыңға жуық пәтер) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспалануда, — деді аймақ басшысы.
Пәтер кілтіне ие болған тұрғындар атынан сөз алған Жазира Байкулова көпшілік атынан алғысын жеткізді. Сонымен қатар, Таразда жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Д.Қарбышев атындағы №16 мектептің жаңа ғимаратының ашылу рәсімінде сөз алған өңір басшысы ағымдағы жылы облыста 21 мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, жыл соңына дейін 11-і, жаңа оқу жылына орай 7-еуі пайдалануға берілетінін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан білім саласына көрсетілетін қолдау жыл санап артып жатқанына тоқталды.
Нысан құрылысын «Сұңқар2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Ал жаңа ғимараттың сыйымдылығы 700 орынға жоспарланған және заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Мұнда оқушылардың қауіпсіздігіне де айрықша көңіл бөлінген. Мектеп аумағына 15 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы аясында ішкі істер департаментінің дабыл жүйесіне қосылған.
Сонымен қатар білім беру мекемесіне жаңа спорттық алаң, балаларға арналған жолда жүру ережелерінің бұрышы, «Шахмат тақтасы», «Мак», «Лабиринт» секілді ойлау-дамыту зоналары ашылып, мектеп ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Аталған білім ордасының директоры Жанна Оңғарбаеваның айтуынша, биыл мектеп табалдырығын 1410 оқушы аттайды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі