Талас ауданы Қараой ауылында Қаратау ауылдық округінің әкімі Асхат Малташовтың тұрғындар алдында есеп беру жиыны өтті. Аталған есептік басқосуға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты.
Бұл облыс әкімінің жоғарыда айтылған ауылдық округтің құрамына кіретін аталған ауылға және оның әкімшілік орталығы Есейхан ауылына екінші рет келуі. Бірінші жұмыс сапары барысында аймақ басшысының араласуынан кейін жергілікті ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтіп, ұялы байланыс іске қосылған-ды. Енді қараойлықтар балалар үйірмелерін ашу үшін клуб штатын ұлғайтуды сұрап отыр.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қараой ауылында балаларға арналған ойын және футбол алаңдары салынды. Ең бастысы – ауылдан облыстық маңызы бар Жаңатас-Қаратау-Тараз трассасына дейінгі ұзындығы 8,3 шақырым жол учаскесі қайта жаңартылды.
Қаратау ауылдық округінің екі елді мекенінде барлығы 1,2 мың адам тұрады. Екеуінде де жаңа мектеп бар, дәрігерлік амбулатория, медициналық және ветеринарлық пункттер, пошта бөлімшесі мен кітапханалар жұмыс істейді. Округте 75 шаруа қожалығы тіркелген.
Округ аумағы 75 мың гектарды құрайды, оның 2,3 мың гектары күздік бидай мен жаздық арпа алқабы. Шаруа қожалықтарында 1,1 мың бас ІМҚ, 686 жылқы және 22,2 мыңнан астам қой бар. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында құны 540,8 миллион теңге болатын Есейхан ауылын орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жобасы жүзеге асырылды. Округ бюджеті 74,4 миллион теңге десек, ол толық көлемде игерілген.
Ауыл тұрғындары тату-тәтті тіршілік кешуде. Өткен жылы онда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл тұрғындары мұқтаж отбасыларға арнап үш пәтерлі тұрғын үй салуда десек, оны Наурыз мейрамына орай тапсыру жоспарлануда. Жергілікті демеушілер есебінен 78 отбасыға көмек көрсетілген.
Асхат Малташовтың есептік баяндамасын талқылау барысында жергілікті тұрғындар бөгетті және жалпы Қараой ауылы арқылы өтетін Қарашат өзенінің арнасын тазарту, одан өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесін көтерді. Жедел жәрдем көлігін бөлу туралы да айтылды. Соңғы ұсыныс бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Имам Мырзаев қолдау көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары Есейхан ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп беруді сұрады.
— Бөгетті жөндеуге көмектесеміз, дақылдарды суаруға арналған ылғал қоры болуы керек. Су мәселесіндегі біздің басты міндетіміз – көршілерге тәуелділікті барынша азайту, су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу. Облыстың су балансы әзірленуде, шағын су қоймаларын құру қарастырылып, арналарды тазарту бойынша мехотрядтар қарқынды жұмыс істеуде. Біз суды жинап, мұқият пайдалануды үйренуіміз керек. Шаруа қожалықтарын ірілендіру мәселесі күн тәртібінен түспейді. 30 жылдық тарих ұсақ шаруашылықтардың тиімсіздігі мен әлсіздігін көрсетіп берді. Тек күш біріктіру арқылы ғана біз айтарлықтай жетістікке жете аламыз. Жалпы, әр ауданда 2-3 ірі агроқұрылымдар болуы қажет, — деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі