Дүниежүзiлiк туристiк ұйым сарапшыларының деректерi бойынша соңғы он жылда экологиялық туризм өте қарқынды дамып, кез келген мемлекеттiң тұрақты даму құралына айналған.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасының «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының директоры Маханбет Рахимжанов «Өңіріміздегі экотуризмді дамыту әлеуеті» туралы брифинг барысында айтты.
Экологиялық туризмнің дамуы бірінші кезекте жабайы табиғатты сақтауға, экологиялық білімді жетілдіруге және келешек ұрпақты тәрбиелеуге, халықтың табысының және өмір сүру деңгейінің жоғарлауына ықпал етеді, бұл өз кезегінде Жамбыл облысының көркеюі мен тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Облыста экологиялық туризмді дамыту мақсатында бірқатар жұмыс тұрақты түрде атқарылуда.
Атап айтқанда, Жуалы («Берікқара» қаумалы), Меркі («Меркі» қаумалы), Қордай («Қарақоңыз» қаумалы) аудандарында орналасқан қаумал аумақтарында экотуризмді дамыту мақсатында жер телімдері жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға беріліп, ол жерлерде заң талаптарына сәйкес туристік аймақтар ашылуда.
Сонымен қатар, осы жылы 50 оқушы қатысқан ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтарға арнайы нұсқаушылардың қатысуымен танымдық турлар ұйымдастырылып, өткізілді.
Ағымдағы жылы 50-ге жуық жоғары сынып оқушылары мен колледж білімгерлерінің қатысуымен, Мақпал шатқалында тауға өрмелеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша облыс альпинистері практикалық сабақтар өткізді.
Меркі, Жуалы және Жамбыл аудандарының таулы аймақтарында 40-қа жуық адамды қамтыған эко-акциялар ұйымдастырылды. Оған жоғары сынып оқушылары мен мемлекеттік мекеме ұжымдары қатысты.
Тау шатқалдарында 10 туристік соқпақ зерттеліп әзірленді.
Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап облыстық және республикалық деңгейлерде қызғалдақ гүлін қорғау және насихаттауға арналған фестиваль өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін бұл іс шараға 70-ке жуық туроператор және 5 шетелдік ғалым қатысқан. Нәтижесінде, өңірімізге тек қызғалдақты тамашалауға келуші туристер саны осы жылдың өзінде 2000 адамнан асты.
Облыстың экологиялық тұрғыдағы көрнекті орындары туралы, қоршаған ортаға залал келтірмеу, әсіресе қызғалдақ гүлі өсетін табиғи аумақтарды сақтау мәселелері көтерілген «Қызғалдақтар — Мұра» атты деректі фильм түсірілді.
Алдағы уақытта осы бағыт бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.
Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі