ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Русская медная компания» президенті Всеволод Левинмен кездесті. Ынтымақтастықты арттыруға бағытталған жиынға сондай-ақ мемлекеттік орган өкілдері де қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қостанай облысының Боскөл ауылындағы Ресей-Қазақстан шекарасы арқылы жүк көліктерін өткізу бекетін құру мәселесін талқылады. Осы ретте айта кету керек, аталған өткізу бекеті турасындағы жобаны іске асыру үшін екі елдің құзіретті органдары, салалық мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара келісімдері қажет.
Сонымен қатар күн тәртібіне «KEGOC» АҚ-пен бірлесіп электр қуаты тапшылығын жою бойынша мүмкіндіктерді қарастыру және Алматы облысындағы Көксай кен орындарындағы барлау жұмысының келісім шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері шығарылды. «Консолидированная строительная горнорудная компания» ЖШС Алматы облысының «Көксай» кен орнында алтын, мыс, күміс және молибден кен-барлау жұмыстарын жүргізу жұмысы барлау сатысында тұр. Өз кезегінде қазақстандық тарап осы бағыттағы қолданыстағы келісімге өзгерістер мен түзетулер енгізуге даяр екендігін жеткізді.
Айта кетейік, «Русская медная компаниясы» 40-тан астам кәсіпорын мен компанияны біріктіреді. Оның ішінде 8 тау-кен өндіру кәсіпорны мен 3 металлургиялық зауыт және гидрометаллургиялық комбинат бар. Компания Ресейдегі мыс өндіретін ең ірі үш өндіріс ошағының санатында.