Үлкен талқыға түскен істен кейін танымал болған прокурор Аймағанова көшеде жүргенде елдің бәрі танып, түрлі реакция беретінін айтты.
«Мектептегі ата-аналар мені көріп, «Айжан ханым, сіз қарапайым адам екенсіз» дейді. Мен оларға «иә, мен де қарапайым ата-анамын» деп күліп жауап беремін. Қазір мен дүкенге де бармаймын. Нанға, сүтке бару керек болса, қыздарыма айтамын. Өйткені көрген адамдар суретке түсейік деп өтініш білдіреді. Мен жұлдыз емеспін ғой. Мен жай ғана прокурормын. Сондықтан бұл маған ыңғайсыз жағдай», — дейді ол.
Сондай-ақ ол үйде қарапайым ана екенін, күнде таңертең балаларын мектепке таситынын айтты. Десе де, жұмыстың қарбаластығымен кейде үй шаруасына үлгере алмай кететінін де қоса кетті.
«Үйде балаларыма анамын, жұбайымның жарымын. Күнде таңертең екі баламды мектебіне тасимын. Бір баламды жолдасым апарады. Жұмысым оңай емес екенін бәріңіз білесіздер. Кейде тым қарбалас жұмыстан үй шаруасына да қолым тимей кетеді», — деді ол.
Еске салайық, 13 мамырда Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ісі аяқталған болатын. Айжан Аймағанова аталмыш іс бойынша мемлекеттік айыптаушы қызметін атқарды. Сот Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевты жұбайын азаптағаны және өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.