Байзақ ауданындағы Түймекент ауылы – тұрғындардың тұрмыстық табысын арттырудың пилоттық жобасы жүзеге асқан 11 ауылдық округтің бірі болып табылады. Оның жемісті жүргізілгенін бірнеше көрсеткіштерден байқауға болады десек, соның бірі – атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының 243 адамға азайғаны. Бұл туралы халық және өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың алдында берген есебінде ауыл әкімі Қанат Смағұлов айтып берді.
Тоғыз мыңнан астам тұрғыны бар округ құрамына Ақжар ауылы да кіреді. Ондағы 6,8 мың гектар егіс алқабының 3,5 мың гектары суармалыға аумаққа жатады. Шаруалар бидай, арпа, жүгері, картоп, қант қызылшасы, көкөністер секілді түрлі дақылдарды өсірумен айналысады.
Пилоттық жоба аясында 258 шаруа 600 миллионнан астам теңгеге мал сатып алған. Құрылған кооператив өз мүшелеріне арзандатылған бағамен 3,8 мың түк беде және 38 тонна арпа берген. Омарта мен наубайхана іске қосылды. Жылыжай салынуда, тұқым тазалауға арналған жабдықты іске қосу үшін жоғары вольтты желілер жүргізілуде.
Әлеуметтік салаға келер болсақ, Түймекент орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, мәдениет үйінің шатыры мен жылу жүйесі ретке келтіріліп, екі ауылда да футбол алаңдары салынған. Төрт көшені орташа жөндеуге 60 миллион теңге бағытталып, бес миллион теңгеге Ақжар ауылындағы Абай көшесіне асфальт төселген. Осы ауылда ардагерлер аллеясы ашылған. Нәтижесінде 56 жаңа жұмыс орны құрылған.
«Асарлатып үй салу» жобасымен тұрғын үйге мұқтаж бір отбасы баспаналы болса, бүгінде осы әдіспен келесі үйді салу барысы қарастырылуда. Әкімдіктің қолдауымен аз қамтылған екі отбасының үйіне газ тартылып берілген.
Ауылдықтар көтерген мәселелердің қатарында отбасылық-дәрігерлік амбулатория, малды қолдан ұрықтандыру пунктін ашу, көшелерді жарықтандыру және тағы басқалар бар. Тұрғындарды Тараз-Ақшолақ жолындағы көпірдің жағдайы да алаңдатады. Күшті су тасқыны кезінде тіректерді жұлынып кетуі мүмкін, ал оған жақын маңда газ жабдықтары орналасқан. Басқа ауылдық округтердегідей, мұнда да тері мен жүнді өткізу мәселесі өзекті күйінде.
— Бұл бүкіл Қазақстан бойынша байқалып отырған мәселе десек, оны кешенді түрде шешу қажеттілігі күн тәртібінде. Сонымен қатар, жергілікті шикізат көбінесе сапа талаптарына сай келмейді, — деді Бердібек Сапарбаев.
— Жұмыс жоқ, болған күнде де уақытша ғана жұмыстар, — деп шағымданды жергілікті тұрғын Дәметкен Оспанова. Округ әкімі Қанат Смағұлов Алматы және Түркістан облыстарының кәсіпкерлерімен бизнес жүргізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді.
— Сіздердің ауылдық округтеріңіз ең ірі округтердің бірі, облыс қол жеткізген жетістіктерінде сіздердің де үлестеріңіз бар. Өзінің тиімділігін дәлелдеген пилоттық жобаны іске асыру қаншама отбасыға үлкен қолдау болды. Әрбір отбасы өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге, бақшаларында көкөніс егуге, өз ісін ашуға, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға ұмтылуы тиіс. Сіздерге тек мемлекетке иек артып отыруға болмайды. Өздеріңіз де бастамашыл болу керексіздер. Бұл әкімдіктерге де қатысты, олар әлеуметтік нысандардың құрылысына белсенді түрде жеке инвестициялар тарту, жергілікті мектеп түлектерімен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет. Ұңғымаларды қалпына келтіруге назар аударыңыздар, біз жер асты су ресурстарын да пайдалануымыз керек. Мал шаруашылығында мал тұқымын жақсартумен айналысып, гранттар мен несиелерді пайдаланғанымыз абзал. Ағымдағы жылы Түймекентте дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды бастаймыз, Ақжар ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге қаражат қарастырамыз. Енді халықты жаппай вакцинациялау басталмақ. Вакцинация қабылдау аса маңызды, бүгінде инфекциямен күресудің басқа жолы жоқ, — деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі