8 маусым күні Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтың спорттық алаңшасында «Отбасы сайысы» атты облыстық турнирі өтті.
Білім басқармасының Ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығы ұйытқы болған спорттық сайыс Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Спорттық шараның негізгі мақсаты – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Ашық алаңда өткен спорттық сайысқа облыс бойынша 7 отбасы қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімінен командалық есептеІ орынды – Тараз қаласынан қатысқан Эсатовтар отбасы жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды – таластық Битеновтар отбасы, ал ІІІ орынды – тараздық Тауасаровтар отбасы қанжығысына байлады.
Турнир соңында жеңімпаздар мақтау қағазымен және медальмен марапатталды.