Бірер күн бұрын Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында екі көлік соқтығысып, жол апаты болды. Отқа оранып жатқан жеңіл машинаны көрген Мәди Әлиев жол жиегіне тоқтап, көмекке ұмтылады. Оны көрген адамдар «жақындама, жарылады» деп айқайға басқан. Өйткені, жанып жатқан жеңіл машинадан жанармай сорғылап жатыр. Соған қарамастан Мәди ағамыз көзсіз ерлік көрсетіп, 5 адамды алып шықты. Артынша санаулы сәттен кейін қызыл жалын шарпыған көлік жарылып, күлі көкке ұшты.
Өкінішке қарай, сол машинада болған 2 баланың анасы көз жұмды. Періштелердің көрер жарығы бар екен. Екеуі де қыз. Бірі 1,5 жаста. Екіншісі өмірге келгеніне 10 күннен енді асқан сәби. Қазір ауруханада. Қалған жолаушылар да аман.
Осы жағдайдан кейін Көкжелек ауылының тұрғындары жанкештілікке барған ауылдастарының еңбегі елеусіз қалмаса дейді. Басын бәйгеге тіккен үш баланың әкесіне құрмет көрсетілгенін қалайды. Ауылымыздан шыққан батырдың есімін ел білсе деп отыр.
Расында ел ықыласына бөленген 45 жастағы азаматқа лайықты құрмет көрсетілсе көпке үлгі болар еді. Ізімен келе жатқан 9 жастағы ұлына жігер берер еді.