Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа баға индексі өткен аптада -0,1%-ды құрады. Айдың басынан бастап барлығы: -0,3%. Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен сенбі күні, 27 сәуірде өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы мәселелері талқыланды.
«Азық-түлік бағасының төмендеуі 10 өңірде тіркелді, оның ішінде Ақмола және Жамбыл облыстары үш апта қатарынан осындай нәтиже көрсетіп келеді. Жеті облыста өсім болған жоқ, үшеуінде 0,1%-ға өсім тіркелді», — деп хабарлады сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Жұмыртқа (1,8%), қарақұмық (1,3%), ұн (0,7%), күріш (0,6%), күнбағыс майы (0,4%), тұз (0,3%), сүзбе және пияз (0,1%) бағаларының төмендеуі жалғасуда. Сонымен қатар қырыққабат пен сәбіз бағасының маусымаралық қымбаттауымен қатар, бір аптада сары май бағасының өсуі (0,5%) тіркелді. Алайда мамыр айында сүт өндірісінің ұлғаюы тек майдың ғана емес, басқа да сүт өнімдерінің бағасының тұрақтануына оң әсер етуі тиіс.
Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі