Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Онда аймақтағы эпидемиологиялық жағдай, карантиндік режимді сақтау және карантиннен кейінгі кезеңде бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шағын бизнес нысандарының жұмысын қайта бастауға байланысты мәселелер талқыланды.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтың хабарлауынша, 2020 жылғы 23 сәуірдегі жағдай бойынша облыс аумағында коронавирустық инфекцияның 79 жағдайы тіркелген. Ең көп науқас Қордай ауданы мен Тараз қаласында анықталған. Инфекциялық стационарда 44 науқас емделуде. Емделген 31 адам стационардан шығарылған. Олардың барлығы қазір үй карантинінде медициналық бақылауға алынған.
Облыс аумағында әрбір COVID-19 жағдайына міндетті эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Инфекция ошақтарында 1029 байланыста болған тұлға анықталған. Оның ішінде 700 адам жақын және 329 адам ықтимал байланыста болғандар. Барлық жақын байланыста болған адамдар карантиндік стационарда оқшауланған, ал ықтимал байланысқандар үй карантинінде тұрақты медициналық бақылаумен қамтамасыз етілген.
Облыс әкімі Б. Жарқынбековтен халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді талап етті. Адамдарға олар өзін-өзі оқшаулау арқылы тек өздерін ғана емес, жақындары мен айналасындағыларын да қорғай алатындықтарын түсіндіру керек. Бұл орайда салалық ведомствоның қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарында белсенділік танытпай отырғандығы айтылды.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов коронавирустық инфекциямен күресу үшін 770 медицина қызметкері даярланғанын, оның 386-ы қазіргі уақытта карантиндегі науқастармен жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Еңбекақыдан басқа, оларға қосымша төлемдер төленуде.
Атап айтсақ, наурыз айында 270 дәрігер, оның ішінде 40 дәрігер мен 129 орта медициналық қызметкерге 40,1 млн. теңгеге үстемақы төленген. Наурыз айының қорытындысы бойынша 8 медициналық ұйым қаржы үнемдеу есебінен 1319 қызметкерге жалпы сомасы 88,9 млн.теңгеге сыйақы берген. Медициналық қызметкерлердің тұрғын үй-тұрмыстық мәселелері де оң шешімін табуда. Осы тұрғыда 232 медициналық қызметкер қонақүйге орналастырылып, оларды жұмыс орнына тасымалдау үшін көлік ұйымдастырылған
Жиынды қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев аймақта коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты алаңдатарлық күйде қалып отырғандығын, сондықтан барлық қызметтер өз өкілеттілігі шеңберінде тиісінше әрекет етуі тиіс екендігін атап өтті.
Аптаның алғашқы күндері жаңа науқастар анықталған. Осыған байланысты барлық жерде алдын алу шараларын күшейту керек. Медициналық қызметкерлерді жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, COVID-2019 бойынша медицина, полиция және КВИ-ге қарсы іс-шараларға қатысатын әскери қызметкерлерді тестілеуден өткізу, оларды жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Тараз қаласы мен ауылдық елді мекендерде көшелерді, алаңдарды және скверлерді дезинфекциялауды жалғастыру өте маңызды. Халықтың өзін-өзі оқшаулауы – басты талап. Адамдардың көшелерде себепсіз жүру фактілерінің жолын кесуге аса көңіл бөлген абзал.
Облыс әкімі Тараз қаласы мен облыс аудандарында орнатылған блокбекеттердің әлі де тиімсіз жұмыс істеп отырғандығын алға тартты.
Сондай-ақ, жиында карантин жағдайында адамдар азық-түлік пен тағамдарды үйге жеткізу қызметіне көбірек жүгіне бастағандығы айтылды. Соңғы уақытта Тараз қаласында жеткізіп беру қарқыны 8 мыңнан 11,5 мыңға дейін өскен.
Сонымен қатар, басқосуда барысында өңірдегі эпидемиялық жағдай жақсарған жағдайда бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ШОБ объектілерінің жұмысын кезең-кезеңмен қалпына келтіру мәселелері қаралды. Ол бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің алдына нақты міндеттер қойылды. Ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар осы кәсіпорындар мен ұйымдардың тізімін анықтап, олардың әрқайсысымен меморандум жасасу керек. Меморандумға сәйкес ол нысандар барлық алдын алу және эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндеттелмек.