Ең алдымен аймақ басшысы Полиция департаментінде тәртіп сақшылары және Ұлттық ұлан сарбаздарымен жолықты. Арнайы өткізілген кеңесте облыстық департамент басшысы Жанат Сүлейменов өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтып берді. Оның сөзінше, аймақтағы ахуал тұрақты. Қылмыс деңгейі өткен жылы 30 пайызға төмендепті. Мемлекеттің қолдауы арқасында жыл сайын материалдық-техникалық қамту көрсеткіші өсіп келетінін атап өтті.
— 100 бірлік автокөлік алынды. Осының арқасында барлық учаскелік инспекторлар қызметтік көлікпен қамтылды,- деді Жанат Сүлейменов.
Полицейлерді Жаңа жылмен құттықтай келе Бердібек Сапарбаев тәртіп сақшыларының күн демей, түн демей атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.
— Жылдың қалай күрделі, қиын болғанын білесіздер. Сіздердің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде орындарыңыз бөлек. Егер қауіпсіздік пен тыныштық болмаса, елдің арасында ынтымақ пен достық, тұрақтылық болмайды. Елдің дамуы ең бірінші кезекте тұрақтылыққа байланысты,- деп атап өтті облыс әкімі.
Кеңестен соң аймақ басшысына Жедел басқару орталығы көрсетілді. Бұл жерде Тараз көшелеріндегі жағдай соңғы үлгідегі 208 камераның көмегімен бақыланып, тұрғындардың телефон арқылы айтылған шағымдары қабылданады. Қызметкерлердің сөзінше мұнда күніне 500-ге жуық қоңырау шалынады екен. Жедел басқару орталығының көмегімен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың 70 проценті ізі суымай ашылады.
Артынша Бердібек Сапарбаев облыстық полиция департаментінің мұражайына да соқты. Мұнда қызмет бабында қолданылатын көліктердің, қызметтік киімдердің бұрынғы үлгілері сақталған. Экспонаттармен танысып болған соң Бердібек Сапарбаевқа 10 жыл бұрын болған лаңкестік әрекет туралы фильм көрсетілді. Естеріңізге сала кетейін, ол кезде мұздай қаруланған лаңкес Тараз көшелерінде ойран салып, біраз адамға ажал әкелген еді. Көшенің қақ ортасында граната жармақ болған оны полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін аямай қандықол қылмыскерді тоқтатқан болатын.
Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев полиция құрамына жақында қабылданған жас қызметкерлермен тілдесті.
— «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» деген сөз бар. Барлықтарыңыз өте күрделі әрі жауапты мамандықты таңдадыңыздар. Адал қызмет атқара отырып, жоғары мәртебеге дейін жетулеріңізге тілектеспін,- деді аймақ басшысы.
Бұл күні Бердібек Сапарбаев Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен де жүздесті. Алдымен қолданыстағы техникаларды көрген аймақ басшысы, құтқарушы мамандығын абыроймен атқарып келе жатқандарға алғыс білдірді.
Кеңес барысында Бердібек Сапарбаев мемлекет тарапынан Төтенше жағдайлар қызметіне қолдау әрқашан да болатынын баса айтты. Өңірдегі қауіпсіздікті сақтауда болған төтенше жағдайлармен күрестен бөлек, алдын алу мәселелерімен де айналысу керектігін меңзеді.
— Жергілікті бюджеттен көп көмек беріліп жатыр. Қазір Тараз қаласының оңтүстік-батыс жағында кезінде өрт сөндіру қызметінің техникасына қызмет көрсету бөлімі болатын. Кейін қысқарып қалған еді. Осы жылы ол жерде күрделі жөндеу өткізу үшін қолдау көрсеттіңіз. Енді онда толыққанды өрт сөндіру бөлімі болады. Жеке құрамның атынан алғыс білдіргім келеді,- деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев.
— Кез келген ұжым үшін ең бастысы бірлік керек. Егер ол болса, жұмыс өнеді. Әсіресе, сіздердің атқарып жатқан ауыр жұмыстарыңызда оның маңызы ерекше. Сондықтан, бірлесе қызмет істеп, аймақтың қауіпсіздігіне абыроймен үлес қоса беріңіздер,- деді Бердібек Сапарбаев.
Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев аймақтың Төтенше жағдайлар департаментін 5 жыл басқарып, кейін Сыр өңіріндегі департаментке ауысқан Бағдат Даниловты еске алды. Былтыр қарашада қайтыс болған Бағдат Жұмаұлының құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды.
Кездесу соңында Бердібек Сапарбаев өрт сөндіру станциясында сақталған жәдігерлерді де тамашалады