Облыс әкімі құрметті демалыста жүрген Александр Савченкомен кездесіп, оны Мемлекет басшысының атынан, жамбылдықтар мен жеке өз атынан 70-жас мерейтойымен құттықтады. Кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, қоғамдық кеңес төрағасы Әмзебек Жолшыбеков және өзге де ардагерлер қатысты.
Бердібек Сапарбаев Николай Островскийдің өмірдің мақсатсыз өткен жылдары көңілге қаяу түсірмеуі керек деген қанатты сөзін еске алды. Александр Георгиевич дәл осы қағиданы ұстанып өмір сүріп келеді. Ол әр минутты бағалап, өзінің өмірлік жолын адамдарға және Отанына қызмет етуге арнады.
— Сіз қарапайым слесарьдан Қазақстан Республикасының сенаторына дейінгі үлкен жолды жүріп өттіңіз. 13 жыл бойы бір облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеген жалғыз адамсыз! Бұл сіздің жоғары қабілетіңіз, еңбексүйгіштік пен жанқиярлығыңызды көрсетеді. Жамбыл облысы экономикасының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының, басқа да салалардың дамуына қосқан үлесіңізге баға беру қиын, — деп атап өтті өңір басшысы.
Александр Савченконың басты ұстанымы – адамдардың көзіне ұялмай қарау үшін ар-ожданмен өмір сүру. Ол әрдайым осы қағиданы ұстанып келеді.
— Бастысы – Сізге және Сіздің жақындарыңыз бен туыстарыңызға зор денсаулық тілеймін, — деп Бердібек Сапарбаев мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етті. Құрмет көрсетіп өзі иығына шапан жапты.
Сондай-ақ, депутаттық корпус атынан құттықтау хатты Махметғали Сарыбеков табыс етті. Әмзебек Жолшыбеков пен Төлеухан Оспанбеков сынды ардагерлер құттықтау сөз сөйледі.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі