Облыс прокурорының төрағалығымен ұйымдастырылған бұл басқосу қылмысқа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізуге арналды. Жиынға жергілікті билік, арнайы және құқық қорғау органдарының өкілдерімен қатар, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, ҮЕҰ мүшелері, журналистер, еріктілер, мұғалімдер мен спортшылар да белсене қатысты.
Кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру, есірткі мен интернет-алаяқтықпен күрес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және осы бағыттағы қоғамдық қатысуды күшейту мәселелері талқыланды.
Кеңесте қылмыстық ахуалдың жақсарғаны, атап айтқанда, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың 20%-ға, көшеде – 18,7%-ға, ұрлық – 27,3%-ға, тонау – 58,6%-ға, бұзақылық – 8,8%-ға, бопсалау – 42,9%-ға азайғаны айтылды. Бұл – құқық қорғау органдары мен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі.
Сондай-ақ, бірнеше рет құқық бұзушылық жасаған азаматтарды дер кезінде анықтап, оларға ескерту жасау арқылы қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктері қарастырылып жатыр.
Кеңесте «Қоғаммен байланыс», «Қауіпсіз балалық шақ», «Komek Stop Bullying Jambyl» және «Есірткісіз болашақ» сияқты облыстық прокуратураның бастамалары таныстырылды. Мәселен, «Қоғаммен байланыс» жобасы аясында прокурорлар 10 мыңға жуық азаматпен жүздесіп, 100 мыңнан астам тұрғынның мәселесін шешуге атсалысқан.
Оқушылар арасындағы буллингтің алдын алуға арналған №45 «Qalqan» гимназиясының бастамасы да кеңес қатысушыларының назарын аударды. Бұл жоба балалардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров алкоголь өнімін сатудан өз еркімен бас тартқан 32 ауылдың кәсіпкерлеріне алғыс білдірді.
Жиын қорытындысында жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін сақтау, интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарына қарсы күреске қатысты нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпке үлес қосқан азаматтар мен ұйымдар марапатталды.