Астанада Тәуелсiздiк сарайында өтiп жатқан Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына арналған салтанатты шарада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мақтау сөздер көп айтылды. Жиын соңында Елбасы бәрiне iлтипат сөздерi үшiн алғысын бiлдiрдi. Бiрақ Президент мадақ сөздер орнымен айтылып, артық болмауы қажеттiгiн алға тартты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
Жиында бүгiн қоғам және мемлекет қайраткерлерi, депутаттар, әкiмдер, дәрiгерлер, ұстаздар, спортшылар, тiптi оқушылар да сөйледi. Олардың бәрi елiмiздiң 25 жылдағы жетiстiктерiн тiздi. Әсiресе, барлық сөйлегендер Елбасының ерен еңбегiне ерекше тоқталып, мақтау сөздерге сараңдық танытқан жоқ. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед тiптi кеңiнен көсiлдi. Ол сөйлеп бiткен соң Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «баяндама жасағандай болдыңыз ғой» деп, мiнберге келесi шығатын адамдардан қысқа сөйлеудi өтiндi.