Жуырда ғана өңіріміздің басшылық тізгінін қолына алған Асқар Мырзахметов бүгін облыстағы зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жастар көп бас сұғатын, білімнің алтын қазынасына айналған Шохан Уалиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен кездесуге облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Сембек Әбетайұлы, Жамбыл облысының құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Александр Савченко, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елен Әлімжан, ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы және тағы да басқа бірқатар қоғам қайраткерлері қатысты. Өзінің лауазымдық қызметіне кіріскеніне аз ғана уақыт болған Асқар Исабекұлы үлкен көрегенділік танытып, қазақы дәстүр бойынша өңірдің аузы дуалы зиялыларының басын бір жерде қосып, елдің көкейінде жүрген түйіткілді мәселелерді тыңдады. Жиында облыстың бүгінгі келбеті, экономикалық ахуалы, мәдениет ошақтарының аздығы, Тараз қаласында өнер колледжін ашу, өндіріс саласының дамуы, денсаулық саласы сынды жылдар бойы халықтың санасында жауапсыз қалып жүрген сауалдар мен мәселелер әкімге ұсыныс ретінде айтылды. Басқосу соңында Асқар Мырзахметов әрбір ұсынысқа жеке-жеке тоқталып, әр мәселенің өзектілігін, ел үшін маңыздылығын атап өтті.
— «Жұмыс белгілі. Әкімдіктің алдағы уақытқа қойып отырған жоспары айқын. Ең бастысы жүйе керек. Әкімдер келеді кетеді. Министрлер ауысады. Ал, жүйе жұмыс жасай беру керек.
Жүйе болса бүгін айтылған проблемалардың көбісі туындамас еді. Бұл бір мәселе, екінші мәселе бұрыннан жасаланып келе жатқан жұмыстарды жалғастыруымыз керек.
Бұл тек бастамасы. Енді аудандарды аралап шыққаннан кейін, бюджетті қайта қарастырып, бекіткеннен кейін нақты жоспарларымызды айтатын боламыз. Барлығын талдап, есеп-қисабын жасап бітіргеннен кейін, үкіметке арнайы барып Жамбыл облысының проблемасын қарап, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді сол жерде қарастыратын боламыз. Айтқан тілектеріңіз бен пікірлеріңізге көп рақмет» — деді Асқар Исабекұлы.
TURANINFO.KZ