Бір кездері мал шаруашылығымен аты күллі Одаққа тараған Мойынқұм ауданындағы агросектордың алға басатын түрі жоқ. Өндіріс пен кәсіпкерліктің де қанатын кең жаятын сыңайы байқалмайды. Экономиканың өзегі саналатын салалардың дамуындағы сылбырлықтың негізгі себебі жергілікті биліктің жұмысындағы жүйесіздік қана. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің аудан активімен өткізген жиында кеңінен сөз болды.
Рас кезінде қойнауы малға толған Мойынқұмдағы ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі мәз емес. Біріншіден, аудандағы егістік көлемін арттыру жоспарының орындалуы 50 пайызға да жетпейді. Жалпы, аймақтағы егістік жер көлемін 16 мың гектарға жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда егістікке су жеткізуге қажетті каналдардың да жағдайы мүшкіл. Есесіне, аудан әкімдігі әлгі каналдарды тазарту туралы арнайы механикалық жасақтың көмегіне жүгінбеген. Диқандарды минералды тыңайтқышпен қамту жоспары мүлдем орындалмаған. Жыл басынан бері агроқұрылымдарға 1 ғана ауыл шаруашылық техникасы алынған. Күнкөрісінің негізгі көзі мал шаруашылығы болатын аудандағы ет жоспары 30 пайызға орындалған. Мойынқұмдықтар саланы мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану кәдеге жаратуға құлықсыздық танытып келеді. Облыс әкімі мүмкіндігі бола тұра агросаланың дамуына жағдай жасай алмаған жауаптылардың жұмысын сын тезіне алды.
Агросаланы ақсатып алған аудан әкімдігі кәсіпкерліктің кең қанат жаюын құнттамай отыр. Кәсіпкерлік бағытында 1 ғана жобаның жұмысы жолға қойылған. Аймақтағы өнеркәсіп нысандары туралы ақпараттан аудан әкімінің салалық орынбасары мен бөлім басшылары тіптен хабарсыз. Облыс әкімінің араласуымен тасымал мәселесі шешілген Мыңарал цемент зауытының өндірістік әлеуеті 8 пайызға өсті. Жергілікті билік осы секілді өзге өндіріс ошақтарының мәселелерін зерделеу қажет болған. Алайда, бұл бағытта жұмыс әлі күнге дейін қолға алынбаған. Осылайша аграрлы аймақтан индустриалды аймаққа айналуы керек болған Мойынқұмда қос саланың да дамуы деңгейі көңіл көншітпейді.
Әлеуметтік салада да мәселе жетерлік. Аудандағы елді мекендердің 50 пайызы ғана таза ауыз сумен қамтылған. 2 елді мекеннің тұрғындары ғана суды тәулік бойы тұтынады. Ал қалғандарына тіршілік нәрі уақытпен босатылады. Ауыз сумен қамтамасыз етуді субсидиялау жүйелі жолға қойылмаған.
Актив жиынында мұнан өзге құрылыс, табиғатты қорғау, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту салаларындағы өзекті мәселелер қаралды. Алдағы уақытта Жұмысына салғырт қараған жауапты тұлғаларға шара қолданылатын болады.
Ақпарат Біржан Сартбек фейсбук аккаунтынан алынды