Адам өмірін арашалап қалу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиетті миссия.
Мұндай міндетті арқалап жүрген ақ халатты абзал жандардың ерлігі күн сайын дәлелденіп келеді.
Соның бір айғағы — Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері улы жылан шаққан науқасты ажалдан арашалап қалды.
Шығанақ ауылының 62 жастағы тұрғынын кешкі уақытта далаға шыққан сәтінде улы жылан — қалқантұмсық шағып алған. Улы тістің ізі оң аяқтың табанында қалғанымен, бірнеше минут ішінде ісік тізеге дейін жайылып, қатты ауырсыну пайда болған. Оқиғаға куә болғандар шұғыл түрде жедел жәрдем шақырып, адам өмірі үшін күрес сол сәттен басталды.
Жедел жеткен медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, аллергияға қарсы және ауырсынуды басатын дәрілер енгізген. Кейін аудандық орталық ауруханаға жеткізілген науқасты реанимация бөлімінің меңгерушісі, тәжірибелі дәрігер Шыңғысхан Абдираманов қабылдап, шұғыл ем-шаралар жүргізді. Инфузиялық терапия, шокқа қарсы және уытсыздандыру емінің арқасында адамның өмірі сақталып қалды.
Бүгінде науқастың жағдайы тұрақты. Қан қысымы, тыныс алуы мен жүрек соғысы қалыпқа келген. Аяқтағы ісік басылып, ауырсыну да біртіндеп басылуда.
Бұл оқиға дәрігер мамандығы — шешімталдық пен жауапкершілікті талап ететін, әр сәті сынға толы күрделі жол екенін тағы бір дәлелдеді.
Ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз!