Ведомство мәліметінше, дәрігерлерді даярлау жүйесіне енгізілген өзгерістер балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
«Енді резидентура бірқатар аса қажет мамандық бойынша ересектер мен балаларға арналған бағыттарға бөлінеді. Бұл шешім балалар мамандарының тапшылығын азайту мақсатында», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі өкілі.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, резидентураны бөлуге басты себеп – ересектер мен балалардың анатомиясы, физиологиясы, аурудың клиникалық көріністері, сондай-ақ, диагностикалау және емдеу әдістеріндегі айырмашылықтар.
«Жаңартылған даярлау жүйесі аясында резидент-дәрігерлер 27 жаңа балалар бағыты бойынша оқи алады. Олардың қатарында балалар кардиологиясы, аллергология және иммунология, гастроэнтерология, балалардың жақ-бет хирургиясы, жасөспірімдер дерматовенерологиясы, балалардың пластикалық хирургиясы, андрология және урология және басқалары бар», – деп жазылған ведомство хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің ұсынысы бойынша әскери дәрігерлерге арналған бағыттар тізіміне «әскери терапия» және «әскери хирургия» сияқты мамандықтар енгізілді. Бұл армияда қызмет ететін білікті медициналық кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.