Елімізде қазақ тілін жоғары деңгейде білетін өзге ұлт өкілдеріне құрмет ерекше. Қоғамда оларға таңырқап қарайтындар жетерлік. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген қазақшаға судай молдован қызы Алла Сергейқызы керісінше, бұл құбылыстың таңданарлық жайт емес екенін алға тартады. Молдован этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесі мемлекеттік тілге қатысты өзін алаңдатқан ойларын ортаға салды.
Бүгінде Алла Сергейқызы Жол активтері ұлттық сапа орталығының баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінде жұмыс істейді. Ол — халықпен тікелей жұмыс істейтін әрбір мемлекеттік қызметкер қазақ тілін түсініп, қазақша сөйлеуі тиіс — деп санайды. Тіл жанашыры сұхбатта қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті бойына дарытқан жандар туралы, қазіргі уақытта мемлекеттік тілді үйренуде ескеретін жайттар жөнінде, сондай-ақ қоғамдағы қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдеріне деген көзқарасқа пікір білдірді.
— Молдован ұлтының өкілі бола тұра сіздің қазақша таза сөйлейтініңізді байқап жүрміз. Тілді жетік білуіңізге не әсер етті? — Ең бастысы менде мемлекеттік тілге деген қызығушылық болды. Осы қызығушылығымды қазақ класиктерінің әдеби шығармалары тереңдете түсті десем қателеспеймін. Тілін игерген соң, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жалпы мәдениеті бойыма дарыды деп ойлаймын. «Болдым», «толдым» — дегеннен аулақпын, әлі де көп ізденуім керек сияқты. Негізінде, менің ата-анам шаруаның адамдары болғандықтан таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыста жүретін. Мен мектептің бастауышын орыс сыныбында оқыдым. Ол кезде ауылымыз орыс пен украин, басқа да ұлт өкілдері тұратын, айрандай ұйыған, татту тәтті ел едік. Күміс әжей есімді көрішіміз болды. Ата-анам жұмысқа кете салысымен, мені үйіне шақырып алатын. Мен бір ауыз қазақша білмеймін. Күміс әжем мені алдына отырғызып алып, бірде шәйін, енді бірде айранын беруші еді. Оның әшекейлі білезіктеріне, оюлы камзолына, басындағы орамалына ерекше қызығушы едім. Сыртқы киімі де, ішкі жан дүниесі де сұлу еді әжемнің.
Ымырт түсе сиыр сауып отырып та, Абайдың әндерін ыңылдап айтып отыратын. Сөзін білмесем де, мен әуеніне қосылуға тырысушы едім. Осылайша бір күні әке-шешеме қазақ сыныбына ауысқым келетінін айттым. Үй-ішім бұл шешімімді қолдаған жоқ әрине. Оқуымды алып кете алатыныма, түрлі қиындықтар болатынын айтумен болды. Десек те анам көңіліме қарап, алдағы уақытта үй тапсырмасын орындауға көмек бере алмайтынын айтып, менің жағыма шығысты. Сөйтіп қазақ сыныбына ауыстым. Алғашқыда әрине үй тапсырмасын көршілерді аралап жүріп орындайтынмын. Ұстазым Сақыпжамал апай мені бетімнен қақпай, көмек қолын аямай оқытты. Тіпті қазақ тілінен Абай оқулары бойынша, олимпиадаларға қатыстым. Таң қаларлығы — 11-сыныпты үздік белгімен бітірдім. — Өз тәжірибеңізден мемлекеттік тілді үйренуде туып-өскен ортаңыздың әсері ерекше болғанын атап өттіңіз. Қазақ тілін меңгеруде нені ескеру керек деп ойлайсыз?
— Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі бар ғой. Меніңше қазақ тілін бала жастан үйрету маңызды. Олар ақ парақ секілді. Қандай тәрбие, білім берсең, соны бойына тез сіңіріп алады. Менің өзім тілге 12 жасымда қызықсам, балабақшада жүрген балалар тіл үйренуді одан да оңай алып кетері сөзсіз. Қазіргі балалардың ойлау қабілеті де өзгеше ғой. Тез қағып алады. Әрине, мұның барлығы ұстаздарға да байланысты. Мен мемлекеттік тілді Қазақстанда туған барлық балаларға бірдей міндеттеп оқытса екен деймін. Топтарға бөліп үйреткен дұрыс емес сияқты. Неге десеңіз нәтиже жоқ қой, байқап қарасаңыз. Сәтті пайдаланып бір оқиғаны тілге тиек ете кетейін. Танысым 1-сынып оқып жүрген баласын қазақ тобына ауыстырғысы келіпті. Бірақ бала қазақ тілінен емтихан тапсыра алмай қалды. Қазір ол орыс сыныбында оқуын жалғастырып жатыр. Бұл бір ғана мысал. Баланың да, ата-анасының да беті қайтып қалды. Айтарым, егер балада қызығушылық болса, ата-анасының үйде өзге тілде сөйлейтініне қарамастан алу керек. Қайта сол бала арқылы шаңырақта қазақ тілінде сөйлей бастауы мүмкін. Бұған өз басым мысал бола аламын.
— Мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттеу керек деген ойды жиі айтасыз. Қазір өзіңіз қызмет ететін мекемеде қазақ тілінің мәртебесі қандай? — Халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкер мемлекеттік тілді білу керек деп санаймын. Қазіргі таңда елордада Жол активтері ұлттық сапа орталығында жұмыс істеймін. Мекеменің бас директоры Замир Сағынов мырзаның арнайы шақыруымен келдім. Жол саласы – мен үшін тың, күрделі салалардың бірі ғой. Өзіме үйреншікті жұмысты тауып алуыма да болар еді. Бірақ мен осы саланы да танып білгім, үлес қосқым келді. Тіл мәртебесі қалай десеңіз, апта сайын мемлекеттік тілді, әдет-ғұрыпты дәріптеу күнін ұйымдастырып отырмын. Қазақтың ұлттық тағамдарынан бауырсақ, құрт-ірімшік сияқты дәмдері кабинеттердің сәніне айналды деуге негіз бар. Қазақы салт-дәстүрмен жақын таныстыруды өзіме міндет санадым. Тұсаукесер, қыз ұзату, асық ату, баланы қырқынан шығару, бесікке салу секілді түрлі ұлттық болмысымыздың көріністері көз алдымызда қойылымға айналуда. Бұл іс-шаралардың мәні өте зор деп санаймын. Сонымен қатар әріптестеріміз ақын-жазушылардың өлеңдерін оқып, мақал-мәтелдерді іліп айтып, жаңылмай жаңылтпаш айтудан жарысамыз. Менің көңіліме медеу болар жайт, өзге ұлт өкілдері, әріптестеріміз де бұған қызығушылық танытып, қазақтың әндерін айтып, өлеңдерін оқып, тіпті домбырада ойнап өздерін басқа қырынан танып жатыр.
Бұл — қазақ тілі Мен тілдің жайын тек қызыл сөзді құлпырту үшін айтпаймын, оның дамуына септігімді тигізу үшін еңбек етудемін. Мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті, сөйлеп үйренгісі келетін әріптестеріме күнделікті таңертең бір сағат уақытымды арнап, қазақ тілінен сабақ та беріп жүрмін. Қызығушылықтары жаман емес, өте жақсы нәтиже көрсетіп жатқандар да бар. — Елімізде қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне құрмет ерекше. Сіздің де қазақшаңызға таңырқап қарайтындар көп шығар? — Бұрын өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлесе бұл нонсенс боп көрінетін. Ал қазір ол таңғалатын дүние емес. Иә, жасырмаймын, маған да таңырқап қарайды. «Алла, қалайша таза сөйлейсің, қазаққа ұқсамайсың?!», — деп жатады. Мен үшін өзім тұрып жатқан мемлекеттің тілі әрқашан бағалы.
Бәлкім мен АҚШ-та тұрсам, ағылшын тілін жетік білер едім, Молдовада тұрсам, молдова тілін жақсы меңгерген болар едім. Мен, құдайға шүкір, қазақ жерінде туып-өстім. Қазіргі ортам да қазақ тілді. Ол ортаны өзім іздеп таптым. Сонымен қатар қазір интернетте тіл оқытатын Youtube-арналар өте көп. Одан бөлек оқулықтар бар. Әбу-Насыр әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген. Ахмет Байтұрсынов, Ыбырай Алтынсарин аталарымыз да өз тілімен қатар басқа да тілдерді жетік меңгерген. Тіл білгеннің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ. — Сұхбаттасқаныңызға көп рахмет! Мемлекеттік тіліміздің биік тұғырға шығуына қосар үлесіңіз арта берсін!
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Жетістіктің тарихы » жобасы аясында әзірленді.