Жамбыл облысының Бесжылдық ауылына кіре берісте аллея ашылды. Оның басты композициясы ретінде биіктігі 24 метрлік ту-тұғыр орнатылып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы тігілді. Салтанатты ашылу шарасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
Бұл композицияның осы жерде орнатылуы кездейсоқтық емес, өйткені мемлекеттік рәміздің авторы Шәкен Ниязбеков Бесжылдық ауылының тумасы. Оның жұмыстарын «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «MadG» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Аумағы – 0,14 гектарды құрайды. Жоба авторы – Жомарт Қонысбаев.
— Әр мемлекеттің өз рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны болады. Бұл кез-келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын айшықтайтын маңызды нышандарының бірі. Қазақстандағы мектептерде, университеттерде және колледждерде патриоттық сезімді және мемлекеттік нышандарға деген құрметті қалыптастыратын сабақтар өтеді. Мемлекеттік рәміздерді әрбір азамат білуі және құрметтеуге міндетті. Олар ата-бабалардың тарихы мен ерлік істерін, жеріміздің жомарттығы мен байтақтығын айшықтайды.
Біз мемлекеттік тудың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбековтың жерлесіміз екендігін мәртебе білеміз. Дарынды суретшіні есімі тек жерлестерінің ғана емес, барша қазақстандықтардың жүрегінде сақтаулы, — деді облыс әкімі.
Профессор, медицина ғылымдарының докторы Сайлаубек Шалқаров Мемлекеттік Туда бейнеленген элементтердің қасиетті мағынасын ашқан Шәкен Ниязбеков туралы тағылымды естелік-ойларын ортаға салды. Ту ортасында халықтың еркіндігін, оның бейбітсүйгіштігін, жердің жомарттығы мен байлығын, халықтың жерді қорғауға дайындығын көрсететін мемлекеттің ең маңызды екі символы бейнеленген. Автор бұл мағыналарды сәуле-дәндермен қоршалған алтын күн және еркін қалықтаған дала бүркіті бейнесінде бейнелеген. Бүркіттің алға қарай – болашаққа бағыт алып тұрғанын байқауға болады.
Салтанатты рәсімнен кейін Бердібек Сапарбаев жергілікті ақсақалдармен әңгімелесіп, бірге естелік суретке түсті.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі