Халық қалаулысы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың жұмыс барысын көзбен көрді.
Сапар барысында депутат ең алдымен Бектөбе ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысымен танысты. Мердігер компания өткен жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстарын бастап, жобаны толық аяқтағанымен, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Жауапты мамандар бұл мәселені қаржының толық өтелмегендігімен түсіндірді. Өз кезегінде Мұқаш Зұлқарнайұлы қаражаттың жақын арада шешілетінін айтып, ауыл тұрғындарына суды мүмкіндігінше тезірек беруді тапсырды.
Келесі нысан – Бәйтерек ауылындағы 100 орындық жаңа мектеп болды. «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС мердігерлігімен салынған білім мекемесі аудандық білім бөліміне қабылданып қойылған. Алайда, халық қалаулысы мектептің ішкі тазалығы мен құрылыс сапасына байланысты бірқатар сын-ескертпелер жасап, жауапты мамандарға олқылықтарды дереу жоюды міндеттеді.
Айша бибі ауылында орналасқан «Ализа» ЖШС-нің жылыжай кешеніне барған депутат жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 7 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол «АзНұр» ауыл шаруашылығы кооперативінің 400 басты тауарлы сүт фермасының құрылыс алаңын аралап, нысанды биылғы тамыз айына дейін толық аяқтауды жауапты мамандарға қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, Мұқаш Зұлқарнайұлы Аса ауылында «Амангелді ГӨЗ» ЖШС мұнай өңдеу зауытынан шығатын иіс пен түтінге байланысты туындаған тұрғындардың шағымына орай ауыл халқымен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғындардың шағымын мұқият тыңдаған депутат аталған мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілетінін және оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданатынын айтты.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.