Жәмила Нұрғалиқызы, жаңа оқу жылы құтты болсын! Медицина қызметкерлеріне онлайн жұмыс деген ұғым жараспайды. Ал осы саладағы жауапты қызметкерлерді өздеріңіз дайындайсыздар. Биылғы жылы қандай жаңалықтарыңыз бар?
Біріншіден, медициналық колледждің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатындағы сұқбат үшін рақмет! Медицина ең керекті мамандықтың бірі. Оны пандемия басталғалы елдің барлығы маңыздылығын біліп қалды. Орны ерең. Бір жарым жыл онлайн білім алған студенттеріміз 1 қыркүйекте Білім күнін колледж қабырғасында өткізді. Осы ең үлкен жақсы жаңалығымыз деп ойлаймын. Студенттеріміз келіп, колледжімізде қуаныш пайда болды. Мұғалімдеріміз қуанып жатыр, студенттерміз бір-бірімен көрісуде.
Қазіргі таңда білім алушылардың контингенті қандай?
Бүгінгі таңда екі мыңнан астам, бүгінгі күнге дейін әлі келетін студенттер мен ауысатын студенттер бар, үш мыңға жуық деп жоспарлануда. Себебі былтырғының өзінде 1178 студент қабылдадық. Биылғы жылдың ерекшелігі студенттерді емтихансыз қабылдау. Бұл ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы Бұйрығымен жаңа қабылдау ережесі болды. «Ақша студенттің артынан». Әр студент өзіне ұнаған оқу орнын таңдайды. Студент қай оқу орнын таңдайды мемлекеттік тапсырыс сол оқу орнына барады деген сөз. Биылғы жылы бізде мемлекеттік тапсырыс бойынша 361 орын жергілікті бюджеттен берілсе, 15 орын республикалық бюджеттен беріліп отыр.
Ерекшелігі студенттің мектепте алған бағалары, аттестатындағы баллымен конкурс жүргізілді. Жалпы студенттер контингенті 2532 студент, 2021-2022 жаңа оқу жылына қабылданған студенттер саны 1138, оның 381 мемлекеттік тапсырыспен, 757 студент ақылы негізде білім алуда.
Жәмила Нұрғалиқызы, балалардың мектепте алған бағалары шын ба, сәйкес келе ме білім деңгейлеріне?
Енді оны алдағы уақыт көрсетеді. Бұл бүгінгі таңға дейін барлығы «4» пен «5». Мысалы бір мамандықтың өзіне 33 үздік бітіруші келіп отыр. Осы колледжде қаншама талапкерлер қабылдап жүрміз, осы уақытқа дейін үздік бітірушілердің тобы болған емес. Бүгінгі таңда бір мамандықтың өзіне, мысалы «Фельдшер» мамандығына қазақ тобына 56 орын болса, 36 үздік бітіруші талапкер келіп отыр. Сол бағаларын дәлелдеп шығатын шығар деп ойлаймын. Бізде 9 сыныптан кейін келгендер 1 жыл мектеп бағдарламасын оқиды, 10-11 сыныптың пәндерін. Енді осыдан белгілі болады. Қазір бір семестр біткен соң, бағаларының сәйкестігі белгілі болады.
Сіздер өткен жылы «миллионер» атандыңыздар. Ең үздік колледж атағы берілді. Сол миллионды не істедіңіздер?
Өте жақсы сұрақ. Бұл колледж тарихындағы үлкен жетістіктердің бірі. Облыстық «Үздік колледж» байқауына екі жыл қатарынан қатыстық. Екі жылда ең бірінші орында болғанбыз. Бірінші жылы неге екені белгісіз сол миллион қолымызға тимеді. Екінші жылы комиссия мүшелері нақты жеңіп отырған колледж деп бір миллионды ұтып алдық. Енді ойлаймын, ол жердегі критерийлер бойынша жақсы жетістіктер көрсеттік. Миллионымызды ең бірінші колледжіміздің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға бөлдік. Ол ,әрине, заман талабына сай цифрландыру бойынша өзімізге робототехника кабинетін дайындадық. Кәсіптік бағдар беруге бағытталған, презентациялар бойынша өзімізге ақпаратпен қамтылған гала камера алынды және ағылшын тілі кабинеті жабдықталды.
Миллион алдыңыздар. Мұның өзі күш пен білімді талап етеді. Ендігі сұрағым, сіздердің колледждеріңіз туралы жақсы пікір қалыптасқан. Оның дәлелі, «маникенмен» жұмыс істеу арқылы балаларды оған үйретулеріңіз. Аталған «маникенмен» жұмыс істеп дағдыланған және дағдыланбаған білім алушылардың айырмашылықтары қандай?
Әрине, болады. Кез-келген оқу орны, Тараз қаласындағы медицина мамандарын дайындайтын төрт колледж бар. «Болашақ», «Тараз мамандандырылған колледжі» және «Әлем» колледжі биыл мамандар дайындауға лицензия алды. Жалпы республика бойынша медициналық 90-ға жуық колледж бар. Оның ішінде 26-ы мемлекеттік колледж, қалғаны жекеменшік колледждер.
Мемлекеттік колледждің барлығы қайта жекеменшік болатыны белгілі. Бұл жағдай осы колледжде де орын алған. Жекеменшік болдыңыздар, қайта мемлекеттік болып құрылдыңыздар. Он жыл бұрын бітірген, «маникенмен» жұмыс істеу дағдысы қалыптаспаған бітірушілер мен қазіргі уақыттағы тәжірибесі толысқан студенттің айырмашылығы қандай?
Әрине, бұл жерде айырмашылық бар. Мысалы, он жыл бұрын бітірген түлектеріміз кейде әртүрлі мәселелермен бізге келіп жатады, оқуға келіп жатады. Біздің колледжде орта буын медициналық және фармацевтикалық мамандардың біліктілігін арттыру бөлімі бар. Олар осында келіп өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырады. Сол уақытта түлектердің пікірінше, сол уақытта бітірген кездегі колледж бен қазіргі колледждің айырмашылығы жер мен көктей дейді. «Біздің кезде мұндай неге болмады, осы пәнді жақсы білер едім»,- деген пікірлер болды. Мысалы, анатомияда сүйектің орнына қазіргі уақытта интерактивті парта, интерактивті тақта. Сол кезде тек сүйекті көрсе, қазіргі уаықтта сүйектің ішкі құрылысын көруге дейін мүмкіншілік бар.
Қазір заман талабына интерактивті оқу құралдары көп. Ол пәнді игеруге өте жақсы көмектеседі. Мысалы, тек оқулықты оқығанға қарағанда, бейнематериалын көрсе, мысалы, қанның қызметін оқығаннан гөрі, қанның шын мәніндегі қызметін бейнематериал арқылы көрсе бір көрсе, студенттер есет сақтап алады. Сол себепті айырмашылығы жер мен көктей. Бірақ, ол кезде студент саны аз болған соң, студенттердің сапасы жоғары болған шығар деп ойлаймын және ол кезде мамандықты өздері қалап, білімге деген ынтасы зор болған, ал қазіргі келген балалардың басым бөлігі ата-анасының қалауымен келген. Баланың өзінің медицинаға икемі жоқ, бірақ, ата-аналардың ойынша отбасында бір медицина қызметкері болу керек деп.
Бұл бұрынғының стереотипі. Жұмыс табылмаса да, ауруханада бір орын табылады деген ой ғой. Ендігі мәселе бұл оқу орныны қатысты. Бұл оқу ғимараттары мен студенттер жатақханасы. Қазіргі уақытта екі оқу орны қосылып, нәтижесінде бір оқу орны ретінде материалдық-техникалық базасының деңгейінің көлемі артып жатқаны белгілі. Оған дәлел, №13 колледж бен Жамбыл политехникалық колледжінің қосылғанын көрдік. Нәтижесінде ортақ материалдық-техникалық база, ортақ жатақхана, ортақ тәртіп пайда болған. Мүмкін, осы тәжірибені сіздер де қолданып, басқа колледжбен қосылуларыңыз мүмкін бе?
Біз қазіргі уақытта медицина мамандарын дайындайтын қаладағы бір мемлекеттік колледж болып отырмыз. Біз басқа колледжбен қосыла алмаймыз. Егер қосылсақ, біз көпсалалы колледж болуымыз мүмкін. Біз жатақхана мәселесін көтеріп жүрміз. Жақында ғана облыс әкімі Бердібек Машбекұлына да жатақхана мәселесі бойынша хат жолдадық. Біз екінші рет сенімгерлік басқаруға беріліп отырмыз. Бірніші жылы «Даримед» медициналық орталығына беріліп, өкінішке орай жақсы нәтиже бермеді. Биылғы наурыз айынан бастап біз Қазақ Ұлттық Медициналық университетіне сенімгерлік басқаруға берілдік. Енді бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ, жатақхана және ғимарат мәселесін қарастырмайды. Тек мұғалімдердің біліктілігін арттыру, студенттерімізді одан әрі медициналық ЖОО оқыту, құрал-жабдықтарымызды жаңарту бойынша міндеті тұр. Ал жатақхана және ғимарат мәселелері сенімгерлік бойынша келісімшартта көрсетілмеген.
Мұны мүмкін үлкен маңызы бар отырыстарда талқылау керек деп есептеймін.
Сонымен қатар, осыдан бір жыл бұрын қалалық перинаталдық орталықтың ғимаратын берген. Біз оның құрылыс жобаларын жоспарлап, өзгертуді қажет етітін тұстарын жоспарға алған болатынбыз. Бірақ, пандемияға байланысты ол ғимарат берілмеді. Біз бұл мәселелерді ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы арқылы мәселені шешуге тырыстық. Арнайы мамандар шақырып, оқу ғимараты маңынан жатақхана құрылысы туралы жоспарлады, ол да іске аспады. Келген инвесторлардың барлығы ақша құйғысы келмейді.
Ендігі мәселе, сіздерде мына мәселе бойынша талдаулар жүргізілді ме? Медициналық колледжді бітіріп, медициналық ЖОО тәмамдаған түлектеріңіз қанша пайызды құрайды?
Мұндай студенттерміз жеткілікті. Шамамен 40 пайызды құрайды. Мәселен, біздің колледжді бітіріп, одан кейін ЖОО білім алып, қайта өзіміздің колледжде жұмыс істеп жатқан 29 маманымыз бар. Біздің облыстағы емдеу мекемелерінің біраз басшылары, мысалы, Айгүл Қалдыбайқызы, Хамит Саттарқұлұлы біздің түлегіміз.
Бізде арнайы студенттерді жұмыспен қамту деген бөлім бар. Арнайы маманымыз әр жылдағы түлектердің қайсы қайда жұмысқа орналасты, кім ЖОО түсті деген мәліметтерді жинаумен айналысады. Мәселен, біздің қорытынды емтихандарымызға бас дәрігерлер келетін. Нұрлан Шадыханұлы емтиханда отырып, сол жерде жақсы жауап берген 10 студентті жұмысқа алған кездер болды.
Медициналық колледж түлектері тапсыратын арнай тест туралы айта өтсеңіз? Нәтижесі қандай?
Ұлттық тестілеу орталығы жүзеге асыратын «Тәуелсіз емтиханнан» өтеді. Бұрындары қорытынды мемлекеттік емтиханды бас дәрігерлер мен тәжірибелі дәрігерлер алатын болса, қазір барлығы тест арқылы. Тест орталығы арнай тест дайындайды, ол екі кезеңнен тұрады, алғашқысы теориялық білімге негізделген, екінші тәжірибелік дағдыларын тексереді. Биылғы жылы 585 студенттен 1 студентіміз тестілеуден өтпеді. Бірінші тестілеуде 19 студент тестілеуден өтпеді, ал екінші мүмкіндікте олардың барлығы өтті. 1 студент емтиханнан өтпеді, денсаулығына байланысты емтиханға қатыспады. Тестілеуден өту үшін қайта өтінім бере алады. Қазіргі таңда сертификатты алу үшін, тестілеудің екі этабынан өтсе, диплом мен сертификат та беріледі. Бұл жерде емтиханды тапсырса, теориялық кезеңнен өтсе, екінші кезеңге өтеді, ал егер бірінші кезеңнен өте алмаса, онда екінші кезеңге сертификат алуға өте алмайды. Ондай диплом да, сертификат та ала алмайды. Бізде биылғы жылы прокторинг жүйесін іске қосқан.
Бұл бір жағы мұғалімдерге де сын. Мұндағы бастысы – сапа.
Қаншама білім алушы тестілеуден құлап жатса, бұл білім сапасының деңгейі деп ұят болар еді. Студентіміздің барлығы өтіп, бір ғана студентіміз денсаулық жағдайына байланысты өте алмаған соң, мұғалімдеріміздің беріп жатқан білімдері жақсы деңгейде деп есептеймін.
Сүбелі сұқбат үшін рақмет! Еңбектеріңіз еленіп, білім бәйгесінде бағындырар белестеріңіз биік болсын!
Сұқбаттасқан Исламбек Дастан
Материал «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен дайындалды