Бүгінде Жамбыл облысындағы кәсіподақ орталығы осы міндеттерді табысты орындап, республика бойынша өзгелерге үлгі бола алатын деңгейге жетіп отыр.
Бұл ойды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» жобасы аясында өткен кездесуде тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік туды. Жиын «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің мәжіліс залында өтті.
Федерация төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов пен халықаралық ынтымақтастық және құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Тимур Нұғманов Жамбылға арнайы келіп, жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты. Ұйым төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кәсіподақтың құрылуынан бастап бүгінге дейінгі жетістіктерін таныстырып, ұйымның екі жыл қатарынан республика бойынша үздік деп танылғанын ерекше атап өтті.
Федерация өкілдері жергілікті ұжымның еңбегіне жоғары баға беріп, олардың кәсіби деңгейін оң бағалады. Жиын аясында салааралық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ белсенділері мен БАҚ өкілдері бас қосып, пікір алмасты.
Облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов жиынды ашып, қатысушыларды алда келе жатқан айтулы даталармен құттықтады:
– Биыл Қазақстан Кәсіподағына 120 жыл, ал Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толып отыр. Осыған орай, өңірімізге арнайы келген федерация өкілдерімен ашық сұхбат жүргізуге жақсы мүмкіндік туып отыр. Сұрақтарыңыз болса, ашық қойыңыздар, – деді ол.
Өз кезегінде Қайрат Айбосынов федерацияның қазіргі жұмыстары мен жоспарларына тоқталды:
– Жыл соңына дейін федерацияның съезі өтеді. Оған сіздердің өңірлеріңізден де делегаттар қатысады. Соңғы уақытта 119 жиын өткізіліп, 338 мәселе қаралды. Оның 107-сі кәсіподақ ұйымына тікелей қатысты, – деп ол атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп айтып өтті.
Тимур Нұғманов та өз саласы бойынша мазмұнды ақпарат беріп, заң аясында қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Жиын соңында белсенді кәсіподақ мүшелері марапатталып, кездесудің ресми бөлігі жылы лебіздермен аяқталды.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде жарияланды.