Ол тәңір табиғатына тамаша дауыс дарытқан дарынды әнші. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының жұртшылығы әр концерт сайын оның өнеріне үлкен овациямен қошемет көрсетеді. Жақында республикалық байқауда бас жүлдеге ие болған талант иесі Әсел Уашевамен емен-жарқын еркін сұқбат құрудың сәті түскен еді.
— Жуырда ғана облысымызда өткен Н.Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты республикалық байқауда бас жүлдені қанжығаңызға байладыңыз. Жеңісіңізбен құттықтаймыз. Сайыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздардан оқ бойы озық шықтыңыз. Осы турасында, конкурс туралы толығырақ айтып берсеңіз.
— Көп рақмет, байқау өз өңірімізде өтті. Жалпы жас ерекшеліктерімен бөліп айтар болсақ, бұл конкурста 23 қатысушының ішінде мен қатарлы жастардан 3-4 үміткер ғана болды. Басқалары студент, колледж білімгерлері екен. Гран-при иегері атануымның себебі де осы болуы керек. Жасым да үлкен, әрі тәжірибемнің молдығы жеңіске жетуімнің басты себебі шығар. Бұл конкурста мүлде қорыққан жоқпын. Өйткені бұған дейін де бірнеше үлкен байқауларға қатысып көргенмін. Дегенмен, 1 орын иегері болған Қызылордадан келген 16 жасар Аружан Қойшығара есімді үміткер мені таңқалдырды. Оның даусының табиғатынан бөлек, тәлім алып жатқан мектебі академиялық ән бағыты бойынша өте мықты оқу орны болып табылады. Конкурста жақсы әншілер көп болды. Оралдан, Павлодардан келген үміткерлердің болашағынан үлкен үміт күтуге болады деп айта аламын. Байқау аралас жанрда өтті. Академиялық ән орындау мен дәстүрлі ән орындаушылардың мұндай ән сайыстарында жеңіс тұғырынан көріну мүмкіндігі жоғары болады. Себебі бұл бағытта тәлімгерлер қашан да таза дауыспен жұмыс жасайды. Дайындық та көп болады. Ал эстрада бағытында дайындық аздау. Себебі бұл бағытта көбінесе студенттер, оқушылар ән орындайды. Музыкамен тыңғылықты айналысуға уақыттары бола бермейді. Сондықтан ұйымдастырушылар бұдан былай осы жағына назар аударса деген тілегім бар.
— Бұдан өзге қандай ірі байқауларға қатысып жүлдегер болдыңыз?
2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен қазақша романсиада байқауында 1 орынға ие болдым, 2009 жылы Еркеғали Рахмадиев атындағы «Келсеңші маған, ән болып» атты ретро конкурста жүлдегер болдым. Бұлардан өзге бірталай республика ішіндегі үлкен байқауларға қатыстым. Алда көптеген ән сайыстарына қатысуға мүмкіндігм бар. Вокалистерге 33-34 жасқа дейін байқауларға қатысу шектелмейді. Келешекте елімнің атынан үлкен сахналарды мойындатамын деген ойдамын.
— Қазақта өнер «əкенің қанымен, ананың ақ сүтімен» дариды деген сөз бар. Сізге кімнен дарыған?
— Маған бұл талант әкемнен тараған. Әкем «Аса сазы» ансамбілінде өнер көрсеткен. Әкемнің туған ағасы Әбдірайым Уашев қазір Таразда белгілі әнші, өзінің де әндері бар. Басқа да туыстарым музыкант, өнер мектептерінде шәкірт тәрбиелейді.
— Сіздің дауысыңыз сирек кездесетін ерекше дауыс. Кəсіби мамандар сіздің дауысыңыз туралы қандай пікірлер айтады?
— Вокалда жоғары ноталарды алатын дауысты — «колоратуралық сопраны» деп атайды. Оның ішінде «лирика-колоратура», «драма-колоратура», «меццо-колоратура» деп жіктеледі. Бұлардың ішінде менің дауысым «драматикалық –колоратураға» жатады. Алматыда консерваторияда оқып жүрген шағымда Италияда білім алған Жәмила Баспақова есімді ұстазым дауысыма осындай кәсіби сипаттама берді. Бірінші курста оқып жүргенімде Жұпар Габдулина ұстазымнан көп тәлім алдым. Сол кісі арқылы білімімді молынан жетілдірім.
— Қандай ірі сахналарда өнер көрсеттіңіз жəне қандай əншілермен дуэт болдыңыз?
— Қазақстандағы ірі сахналардың қатарына «Қазақстан» орталық концерт залы мен «Астана-Опера» балет театрын жатқызып жатады. Елбасының алдында екі рет өнер көрсету бұйырды. Осы сахналардың барлығында өз қабілетімді барынша көрсете алдым.
— Өнер əлемінде кімнен тəлім алдыңыз?
— Алғаш әнге қызығушылығым оянған шақта қазір Абай атындағы педогогикалық колледжде ұстаздық етіп жүрген Мира Көпбайқызынан білім алдым. Сосын жаңа атап өткен бүгінде «Астана Опера» опера және балет театрының жетекші солисті Жұпар Ғабдулина музыкалық сауатымды жетілдірді.
— Қазір орындап жүрген əндеріңіздің қайсысы табиғатыңызға, жаныңызға жақын?
Қазақ әндерінен Бибігүл Төлегенова апамыздың орындауында халықтың құлағына сіңген Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні, Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыңа» әні өзіме қатты ұнайды. Конкурста да осы екі әнді орындадым. Осы себепті де байқаудан жеңіп шығу маған қиындық туғызбаса керек. Ал, жалпы, көбінесе Италияның әндерін орындағанды ұнатамын. Бұл халықтың музыкалық қазынасында керемет ариялар баршылық.
— Жалпы қандай шығарманы орындасам екен деп армандайсыз?
— Талғамым да таңдауым да күн сайын ауысып тұрады. Себебі күн сайын түрлі концерттерде, түрлі шараларда өнер көрсетемін. Бір шығарманы орындай берген халықты жалықтырады. Жалпы бір операның ішінде аз дегенде он шақты ария болады. Ригалетта операсынан Джильда ариясын орындағым келеді. Қыз жібек операсынан Қыз Жібектің ариясын орындау ойда бар.
— Қазіргі таңда классикалық әндерді ғана орындайсыз ба әлде эстрадаға да көңіл бөліп тұрасыз ба?
— Классикалық музыкаға жаным жақын болғандықтан осы бағытта ән орындаған тиімдірек. Себебі Таразда бұл бағытта ән орындайтындар мүлде жоқ десем де болады. Халық музыканың бұл бағытын енді түсініп, талғамдары өзгеріп келеді. Ал эстрадалық бағытта ән орындап жүрмін. Бірақ көп емес.
— Қазақ ән өнерінің қазіргі хəл-күйі туралы пікіріңіз қандай?
— Біз негізі өнер туралы емес, халық туралы айтқанымыз жөн. Себебі өнер адамдары халықтың талғамына жұмыс жасайды. Халық таза музыканы дұрыс түсінбейді. Дәл осы уақытта той бизнес өкілдерінің дәурені жүріп тұрғанын баршаңыз білесіздер. Әншінің жанды жансыз ән орындап тұрғанын халық енді ғана айыра алатын хәлге жетіп келе жатыр. Дегенмен әлі де бұл тұрғыдан түсінбеушіліктер өте көп. Фонограммаға қатысты шаралар қолданылса елімізде сапалы әншілер ғана іріктеліп, жұрттың музыкаға деген талғамы жоғарылайтын еді.
— Той деп қалдыңыз, өзіңіз тойға шығасыз ба?
— Тойға шығамын. Онсыз болмайды.
— Əлемдік музыка əлемінде қандай біртурар əншілерді пір тұтасыз?
— Джоан Сайзерланд, Бэверли Силзс, Мариэлла Дэвиа, қазіргі әлемдік эстрадада классикалық эстрада бағытында ән орындайтын Хэлена Фишер деген әнші ұнайды.
— Сіз биыл елімізде өткен ауқымды «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясындағы Жамбыл облысының мәдениет күндерінде көрме аумағындағы амфитеатрда өнер көрсеттіңіз. Астаналықтар мен қала қонақтарын тәнті еттіңіз. Сол атаулы шарадан алған әсеріңіз қандай болды?
— Менің ол концерттегі басты мақсатым еліміз үшін маңызы жоғары көрмеде ән шырқау арқылы, Тараз қаласында аса дами қоймаған классикалық ән бағытын астаналық жұртшылыққа көрсету болды. Таразда да осы бағытта ән шырқайтын әншілердің бар екенін дәлелдегім келді. Өзімді сол шарада 100 пайыз көрсеттім десем артық айтқаным емес.
— Өңірімізде өзіңіздің көңіліңізден шығатын өнердегі ізбасарларыңыз бар ма?
— Жастар бар. Бірақ көбінесе отбасын құрып, өнерден қол үзіп қалып жатады. Ал жалпы, қазір Алматыға кетіп өнер әлеміне қанат қағып жүрген Ақерке Құрбан деген оқушым, және Гүлдана Азизхан атты әнші қыз бар. Қазір Астанада өнер көрсетіп жүр. Екеуі де түрлі байқауларға қатысып Тараздың атын шығарып жүр.
— Академиялық ән орындау бағытына бет бұру үшін жас әншіге не керек?
— Ең алдымен әншіде табиғи дауыс,өзіне деген сенімділік, сосын міндетті түрде ізденіс керек. Прогресс яғни өз-өзін дамытып өзіне нәтиже көрсете алуы керек. Күн демей түн демей бір орында тоқтап қалмай еңбек етуі қажет. Сонымен қатар білімі, базасы мықты болса ол әншіден болашақта міндетті түрде халқы мойындаған, әлем мойындаған әнші болады. Ондай жастардың қатарына жас болса да еліміздің абыройын асқақтатқан Димаш Құдайбергенді жатқыза аламыз. Оның өнерге, әншілігіне деген махаббатын мен өз көзіммен «Шабыт» университетінде оқып жүргенде көріп, байқап іштей қатты тәнті болғанмын. Димаштың қатарластары одан үлгі алса деген тілек бар.
— Өнер жолын таңдаған жастар көбінесе батысқа еліктейді. Бізге бұл тұрғыдан жан-жақтылық керек пе әлде өз төл өнерімізді алға шығарғанымыз дұрыс па?
— Жастар тек өз әндеріміз бен қазақша туындыларға тоқталып қалмауы керек. Шеберліктерін шыңдау үшін шет елдің музыкасын тыңдап керегін алудан тартынбауы тиіс деп ойлаймын.
— Өнер жолындағы үлкен қорқынышыңыз не нәрсе?
— Әлбетте дауысымды жоғалтудан қорқамын. Себебі өнердегі менің ең үлкен байлығым – дауысым.
— Егер, Әсел Уашевада вокал мен әншілік талант болмағанда қандай маман иесі болар еді?
— Психолог болар едім.
— Сіз Жамбыл облысына кеңінен танымалсыз. «Республикалық деңгейге көтерілсем» дегендей ойыңыз бар ма? Осы тұрғыда болашаққа қандай жоспарлар қойып отырсыз?
— Мұндай ой бар. Дегенмен, мен атаққұмар адам емеспін. Мен өз саламда, осы бағытта академиялық ән орындаудан шебер әнші болғым келеді. Осы жолда соңына дейін аянбай еңбек етіп, орта жолдан тастап кетпей, өз ісімнің нағыз маманы атансам деймін. Болашақта ешкім өнеріме күмән келтірмей, «бұл Әсел, бұл – профессионал» дейтіндей, ешқашан ұялмайтындай дәрежеге жету – мақсатым. Ал, алдағы уақытқа қойып отырған үлкен жоспарым – Италияға барып музыкалық білім алу. Одан соң еліміздің «Астана Опера» сынды театрларында еңбек етсем деген арманым бар.
— Барлық алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, армандарыңыздың орындалуына тілекшіміз. Мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рақмет!
Арайлы Жақсылық